Экономика

Жеңіл өнеркәсіп: даму мен ізденістер

Форум

Ақтөбеде жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпкер әйелдердің форумы өтті.

Жеңіл өнеркәсіп саласының дамуын ынталандыру, түрлі кәсіпорындар арасында диалогты қамтамасыз ету, тәжірибе алмасу, саланың беделін әрі тартымдылығын арттыру мақсатында өткен форумға көршілес Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен бизнес өкілдер, сондай-ақ облыстағы шағын, орта және ірі бизнес субъектілеріндегі іскер әйелдер, жас кәсіпкерлер қатысты.

Форум модераторы, экономика ғылымдарының кандидаты Айгүл Құрманалинаның айтуынша, кәсіпкерлік қызметте жеңіл өнеркәсіп саласының әрі әйел кәсіпкерлердің оң имиджін қалыптастыру — форумның басты тапсырмасы. Сондықтан форумда  жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпкер әйелдердің іскерлік орта өкілдерімен, атап айтқанда Еуропа қайта құру және даму банкі, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының шағын бизнесті қолдау топтарымен, сондай-ақ облыстағы іскер әйелдер, дизайнерлер мен тігіншілер қауымдастықтарымен өзара тиімді әрекеттесуіне жағдай жасау жағы қарастырылды.

Ақтөбе қаласында өткізіліп жатқан жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпкер әйелдер форумына Алматы, Астана қалаларынан бөлек, Ресейден, Қырғызстан мен Өзбекстан елдерінен спикерлер шақырылды. Ішкі нарықта жеңіл өнеркәсіп саласы дамуының мүмкіндігі зор деп есептейміз. Мұндай шара ауылдағы қыз-келіншектерді кәсіпкерлікке тартуға өз ықпалын тигізеді. Форум аясында түрлі шеберлік-кластар өткізіліп, семинар, тренингтер ұйымдастырылады. Себебі қаладағы кәсіпкердің тәжірибесін аудандағы жұмысын жаңадан бастайтын қыз-келіншектер, жастар үйреніп, тәжірибе алмасуы керек. Сондықтан бұл форумның жыл соңында өткізілуінің өзі бұған дейінгі атқарылған істерді қорытындылап, алдағы міндеттерді айқындауға негізделген. Сол сияқты, мемлекет тарапынан жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпкерлерге берілетін қолдау мен шекаралас өңірлердің бұл бағытта қандай мүмкіндігі бар екенін білуді мақсат еттік, — дейді облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанова.

Оның айтуынша, көршілес Ресей немесе Орта Азия елдерінде, еліміздің оңтүстік өңірлерінде жеңіл өнеркәсіптің текстиль саласының дамуы қарқын алған. Сондықтан бұл салада өз тәжірибемізді молайтуға күш салуымыз қажет. Ол үшін бұл салада мемлекеттен берілетін қолдауларды мейлінше пайдаланған дұрыс. А.Даржанованың айтуынша, бүгінгі күні кәсіпкерлерге жылдық үстемеақысы 6 пайызбен 15 миллион теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік қарастырылған.

Форум барысында жақында ғана Астанада үлкен жетістікке жеткен кәсіпкерлерді марапаттау рәсімінде Ақтөбедегі «Глобал-Спецодежда» ЖШС басшысы Надежда Шабаеваға лайықты құрмет көрсетілгені айтылды. Кәсіпкер жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша «Іскер» аталымын иеленген.

Бұдан кейін елімізде жеңіл өнеркәсіптің даму перспективалары туралы ҚР Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті Любовь Худова баяндады. — Ақтөбе біз үшін үлкен қызығушылық туғызады. Себебі, ертеректе бұл өңірде жеңіл өнеркәсіп өте жақсы дамыды. Сондықтан Ақтөбеде кәсіпкерліктің жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуға барлық мүмкіндік бар. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға, сол арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендетудің мүмкіншілігі зор, — деді ол.

Форум жұмысы кезінде Қырғызстандағы «Русоль» фабрикасының бас директоры Ольга Кудайбердиева тоқыма өнеркәсібін дамыту жайында сөз қозғаса, Ресейдің Орынбор облысындағы «Оренбургская пуховница» халықтық қолөнер қауымдастығының вице-президенті Сәуле Таикешева жақында ғана Ақтөбеде болып, өнер музейінде Орынбор шәлісі көрмесі өткенін айтып, жақын аралықта осында өкілдіктерінің ашылатынын атап өтті.

Форум аясында Ақтөбе қаласы әкімдігі мен ҚР Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығы, сондай-ақ Ресей, Қырғызстан елдерінен келген жеңіл өнеркәсіп секторындағы өкілдермен арада ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қойылды.

Ақтөбе қаласы әкімдігінің қолдауымен жыл сайын өткізілетін мұндай форумда жеңіл өнеркәсіппен айналысушылардың көрмесі де ұйымдастырылды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button