Спорт

Тоғызқұмалақтан Ақтөбе көш бастады

Биылғы желтоқсан айының басында Түркістан қаласында тоғызқұмалақ спорты федерациясының кубогы үшін республикалық турнир өтті.

Бұл халықаралық жарысқа еліміздің көптеген өңірлерінен ойыншылар, сонымен қатар Түркістан қаласындағы Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінде білім алып жүрген шетел студенттері қатысты.

Ерлер арасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ақтөбелік Нұрбек Қабиев жеңімпаз атанды.

Әйелдер арасында жарыс өте тартысты өтті. Ақтөбелік спорт шебері Гүлжанат Алдабергенова әлем чемпионымен тең ойнап, екінші орынға шықты.

Ал командалық есепте біздің Ақтөбенің командасы бірден көш бастап, бас бәйге — үлкен кубокты жеңіп алды. Команда сапында ойыншылар Н.Қабиев, М.Хұсайынов, А.Қайдаров, М.Серікқызы, Г.Алдабергенова, Б.Серікқызы тәуір ұпай әкелді.

Жекелей есепте орын алған жеңімпаздар мен жүлдегерлерге республикалық тоғызқұмалақ федерациясы атынан мақтау қағаздары мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Сонымен қатар тоғызқұмалақ ойынын насихаттап, оның дамуына көп үлес қосқан ардагер ұстаздарға алғыс айтылып, медальдар тапсырылды. Олардың қатарында Ақтөбе облысының аға жаттықтырушысы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қабиболла Нұршин бар.

А.ҚАЗЕКЕНОВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button