Тарих

Берілмей қалған батырлық атақ

Зерде

Тарихты түгендеу әсте оңай емес. Мәселен, биыл Ақтөбедегі «Әлия» музейіне Подольск мемлекеттік мұрағатынан келген хабарламада ақтөбелік 9 жауынгердің 1944-1945 жылдары Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанын, бірақ одан кейінгі жағдайы белгісіз болып қалғаны айтылған. Аталған жауынгерлер Қызыл армия қатарына облысымыздың Жұрын, Ырғыз, Шалқар, Алға, Қарабұтақ және Новоресей аудандарынан шақырылған. Олардың аты-жөндеріне келетін болсақ: Ниетбай Аманжолов, Қонай Есенаманов, Жетпісбай Имантаев, Жансүгір Исекенов, Алеукеш Көбеков, Мұхамбетқали Сарбасов, Әбдірахман Сармисов, Ниязбай Отарбаев және Василий Александров.

Жалпы осындай хабар жария болған соң көп ұзамай майдангер батыр Ниязбай Отарбаевтың ортаншы баласы Берғали біздің газет редакциясына келді.

— Менің әкем Ниязбай Отарбаев 1921 жылы Жұрын ауданының Лаққырған ауылында дүниеге келген, осында жеті кластық білім алады. 1941 жылы оны армия қатарына шақырады. Ол Ақтөбеде жасақталған 101-атқыштар бригадасы құрамында майданда болады. Соғысқа бастан аяғына дейін қатысқан,—деді Берғали Ниязбайұлы бізбен әңгімесінде.

Әскерден жеңіспен оралған жауынгер Ұмсын атты қызға үйленіп, олардың шаңырағында Меңдіғали, Серғали, Айжамал, Берғали, Айғанша, Марат есімді ұл-қыздар дүниеге келеді.

Ниязбай Отарбаев елге келген соң Темір аудандық партия комитетінде нұсқаушы, «Қайыңды» кеңшарында партия ұйымының хатшысы болып қызмет атқарады. Беріректе басқа шаруашылықтарда агроном, экономист болып еңбек етеді. Ол шаруашылықта еңбек ете жүріп, Орал ауыл шаруашылығы техникумында оқыған.

Майдандағы ерлігі үшін жауынгерлік «Даңқ», Қызыл Ту, «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.

Берғалидың айтуынша, әкесі Кеңес Одағының Батыры атағына Кюстрин қаласы аумағындағы жасырын тұрған миномет батареясын жойғаны үшін ұсынылған. Батыр жауынгер сондай-ақ, Найхарденбергте немістердің 3 ату ұясын тұншықтырып, Одерден Берлинге дейін 5 миномет батареясы мен 4 пулемет ошағын жарамсыз еткен.

Миномет бөлімшесінің командирі болған гвардия сержанты Ниязбай Отарбаевқа соғыс аяқталар қарсаңда старшина атағы берілген.

Батыр жауынгер бейбіт күнде де өзінің білімі мен білігін елдің экономикасын көтеруге аянбай жұмсап, ұл-қызына ұлағат үлгісін көрсетіп, оларға жақсы тәрбие беріп, 1985 жылы өмірден өтті.

…Ерлік ешқашанда ескірмейді. Ендеше, Ниязбай Отарбаев сынды ерлердің есімі де ұрпақтар жадында жаңғыра бермек.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button