Басты жаңалықтарСпорт

Біздің хоккейшілер алда келеді

Елімізде шайбалы хоккейден Қазақстан Жастар лигасының өтіп жатқаны белгілі. Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбе қаласының Батыс-2 шағын ауданында бой көтерген Мұз сарайында «Ақтөбе» және «Астана» хоккей командалары арасындағы ойынды тамашалады.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов Жастар лигасында ақтөбелік хоккей командасының көшбасшылар қатарында екенін айтты.

Ақтөбе қаласында Қазақстан Жастар лигасы арасында ойын өтіп жатыр. «Ақтөбе» және «Астана» хоккей командалары арасында өткен бірінші ойында жерлестеріміз жеңіске жеткен болатын. Жалпы хоккей ойынының ерекшелігі — турлар кезінде екі ойын қатар өткізіледі. Бірінші ойында жерлестеріміз астаналық команданы 10:1 есебімен ұтты. Әр ойын бөлек есептеледі. Бұл — «Ақтөбе» хоккей командасының 16-ойыны. Бұған дейінгі барлық ойында жеңіске жетті. Қазір турнирлік кестеде үшінші орында тұрмыз. Алайда біз көп командалардың арасында 4-5 ойын аз өткіздік. Жеңіліс жоқ, барлық ойында жеңіп келе жатырмыз, — деді М.Махамбетов.

Оның айтуынша, Жастар лигасында барлығы 10 команда бар. Келер жылдың наурыз-сәуір айларына дейін командалар арасында ойындар өткізіледі.  Бүгінде команда құрамында 16-18 жас аралығындағы ойыншылар өнер көрсетуде.

Биыл 19 желтоқсан күні Ақтөбеде алғаш рет мәнерлеп сырғанаудан ел чемпионаты өтеді. Бұл чемпионатқа Олимпиада ойындарына қатысушы Айза Мәмбекова, Алана Тоқтарова, сондай-ақ жерлесіміз Дарья Вдовина қатысады деп күтілуде. Сол сияқты 28-29 желтоқсан күндері Ақтөбедегі Мұз сарайында «Мұз жүрегі» атты мұз шоуы өтпек. Бұл көрсетілімді алматылық «Айс Олимп» компаниясы ұйымдастырмақ. «Мұз жүрегі» атты шоу Ақтөбеде алғаш рет ұйымдастырылғалы жатыр. Бұл — өте ауқымды, кәсіби деңгейде өткізілетін шоу. Шоудың ұзақтығы — 80 минут. Сондықтан барлық ақтөбелікті осы шоуды тамашалауға шақырамыз, — деді басқарма басшысы.

Ойын қорытындысында  «Ақтөбе» командасы 11:1 есебімен жеңіске жетті.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button