Мереке

Құрметті ақтөбеліктер, қадірлі ағайын!

Баршаңызды еліміздің төл мерекесі — Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Тәуелсіздік – дәуір мен уақыттың бізге берген үлкен сыйы, Мәңгілік ел болуға талпынған халқымыздың мәңгілік құндылығы.

Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсiздiк – ата-бабаларымыздың жүздеген жылдармен өлшенетiн арман-аңсарының жүзеге асқан ақиқаты», — деген болатын.

Жер бетіндегі қай халық үшін де тәуелсіздіктен биік ұлы мұрат жоқ. Болмақ та емес. Еліміздің Тәуелсіздігі — ұлтымыздың ежелден еркіндік аңсаған асқақ рухының және ұлт тарихындағы барлық азаттық үшін болған күрестердің  жеңісі.

Халық болып бірігуді, ел болып қалануды, еркіндікті аңсаған халықтың арманы 1991 жылы жүзеге асты, тарих бетінде Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті пайда болды.

27 жыл ішінде тәуелсіз Қазақ елін түбегейлі қалыптастырып, елін жарқын болашаққа жетелеген Ұлт көшбасшысымен бірге түрлі қиындықтардан аман өтіп келеміз.

Тарихта атамекенінен айырылып, атажұрты тарылып, көбейген елден төбелдей елге айналған ұлт қаншама. Ал, бізде – ел де бар, жер де бар. Ең бастысы, Елбасының сарабдал саясатының арқасында абыройы артқан, төрткүл дүниеге мәртебесін мойындатқан мемлекетіміз бар.

Біз бүгінде әлемнің бәсекеге қабілетті 30 мемлекетінің қатарына қосылуды мақсат етіп, дамудың даңғыл жолына түстік, өз жолымызды айқындадық.

Бүгінгі Қазақстан — өзі орналасқан аймақтың ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын елге айналды.

Біз – бір шаңырақтың астына топтасқан мүддесі бір, мақсаты айқын халықпыз.

Біз бүгін өзіндік бет-бейнесі бар, әлемдік деңгейдегі өзіндік ерекшеліктері мен ұстанымы бар, берекесі мен бірлігі жарасқан табысты мемлекетпіз.

Ендеше Тәңір тарту ерткен тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын!

Ізгі тілекпен, Бердібек САПАРБАЕВ,

облыс әкімі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button