Мереке

Ақтөбелік тәртіп сақшыларына 110 автокөлік берілді

Тәуелсіздік күні қарсаңында ақтөбелік полицейлер 110 жаңа заманауи автокөлікке ие болды. Қызметтік көліктердің кілтін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Қазақ халқына мың алғыс» стелласының алаңында салтанатты түрде табыс етті.

Бұл көліктерді сатып алуға облыстық бюджеттен 790 миллион теңге қаражат бөлінген. Автокөліктер патрульдік полицияға қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған.

Шарада сөз алған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев:

— Халықтың тыныштығын қамтамасыз ету үшін құқық қорғау саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Жергілікті билік материалдық-техникалық базаны нығайту жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізуде. Ондағы мақсат — еліміздің барлық азаматының қауіпсіздігін тиімді қамтамасыз ету. Ендігі кезекте жұмыстарыңыз алға басып, қылмыс пен ұрлық саны барынша аз болады деген сенімдеміз.

Өңірде полиция қызметін жақсарту мен халықтың оларға деген сенімін арттыру шаралары жалғасатын болады.

Облыс басшылығының атынан сіздерді Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтаймын, — деді.

Бұдан соң облыстық ішкі істер департаментінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Дәулеталин мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде былтыр тәртіп сақшыларына осындай 185 автокөлік тарту етілгенін айта келе, ел тыныштығын қорғауда жауапты қызметтеріне сәттілік тіледі.

Сондай-ақ бұл күні облыстық ішкі істер департаментінде өткен шарада аталған департамент бастығы, полиция генерал-майоры М.Абисатов ардагерлер мен өз саласында үздік атанған полицейлерді марапаттады. Сондай-ақ Елбасының Жарлығымен 8 қызметкерге мемлекеттік наградалар табыс етті.

Айта кеткен жөн, бұл күні Астана қаласында өткен марапаттау рәсімінде Ақтөбе қалалық жол патрульдік полиция қызметкері, полиция лейтенанты Данияр Айтмағамбетке «Айбын» ордені берілді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button