ЖастарМереке

«Біз Тәуелсіздікпен бірге дүниеге келдік!..»

Биыл Алаш елінің азаттық алғанына 27 жыл толады. Қазақстанның өзге елдермен иық тірестіре түрлі жетістікке жетіп, белестерді бағындыруы — алдымен тәу етер Тәуелсіздіктің арқасы. Сосын, әрине, Конституциямызда атап өтілгендей, еліміздің басты байлығы — адамның да бұл жағынан үлесі зор.

Осы орайда біз ұлық мереке қарсаңында әртүрлі салада еңбек етіп жүрген Тәуелсіздік құрдастарымен кездесіп, олардың ой-пікірін білген едік.

Туған күні — 16 желтоқсан

Әр баланың орны бөлек екені айтпаса да түсінікті. Десе де, Саримановтар әулетінің атұстары Асылбек өмірге келгенде, ата-анасы, жақын-жуықтар қатты қуанған деседі. Өйткені ол — тұңғыш бала. Әрі көптен күткен қуанышты көру дәл 16 желтоқсан күніне бұйырыпты. Көнекөз қариялар сол кезде «қазақ үшін ғажайып күнде отбасымыз ер баламен толықты, бұл — жақсылықтың нышаны» деп ерекше шат-шадыман болыпты. Сол қуаныш жылдар жылжыған сайын еселей түспесе, кеміген жоқ — Асылбек әке-шешесінің мерейін барынша өсіріп келеді. Ауылдағы мектепте жақсы оқып, 9-сыныптан кейін Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжіне түскен ол, кейін білімін Алматыдағы М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясында жетілдірді. Жас теміржолшы қазіргі таңда туған жері — Шалқар ауданында мамандығы бойынша қызмет етіп жүр.

— Ата-анам — қарапайым адамдар, мал шаруашылығымен айналысады. Соңымнан ерген бір інім бар.

Менің ұғымымдағы Тәуелсіздік — ол кешегі Желтоқсан оқиғасы құрбандарының қазаққа жасаған сыйы. Сондықтан оны мейлінше қастерлеуге тиіспіз деп білемін.

Дәл осы күні туғаныма қуаныштымын. Соның арқасында он жасымда облыс әкімінің қолынан сыйлық алғаным бар. Одан бұрын сондағы маған жасалған құрметке ризамын, — деп ағынан жарылады Асылбек Мейрамбекұлы.    

Оның айтуынша, қым-қуыт тіршіліктің, жұмысбастылықтың салдарынан бос уақыты бола бермейді. Ал қолы қалт ете қалғанда кітап оқып, бильярд ойнағанды жаны сүйеді екен. «Қандай қаламгердің шығармашылығы жаныңа жақын?» — деп сұрағанымызда, ол іркілместен Әзілхан Нұршайықовты сүйсініп оқитынын тілге тиек етті. Ғашықтық ғаламаты жайлы сыр шертетін «Махаббат, қызық мол жылдар» романын он рет оқығанын және қосқан Асылбек таяуда ғана сүйгеніне қосылыпты. Шаңырағына келін әкеліп, отағасы атанған кейіпкеріміз барша газет оқырмандарын Тәуелсіздік күнімен құттықтап, бұл мейрамның бәрінен де шоқтығы биік екенін атап өтті. Сондықтан туған күнімен қатар келген мерекені жыл сайын асыға күтеді екен.

Оқытушы Ғалымжан

Ақтөбе политехникалық колледжінің оқытушысы Ғалымжан Ізімов те 1991 жылы дүниеге келген. 7 жылдан бері педагогика саласында еңбек ететін оның мамандығы — электр өнеркәсібі қызметкері. Оның ойынша, кез келген қазақстандық өз кәсібі бойынша адал жұмыс істеп, тәртіп бұзбаса — осының өзі еліміздің дамуына қосқан зор үлес. Ұл-қыздарды білім нәрімен сусындатып, жас мамандарды даярлайтын ұстаз ғаламтордың да «тілін» жетік меңгерген. Ол өзінің жұмысы турасында бейнематериал түсіріп, жаһандық желілерді пайдаланушылармен тәжірибесімен бөліседі.

— Ғаламтордағы барлық бейнематериалдар жинақталған youtube.com сайтында өзімнің каналым бар. Онда мен кәсібіме қатысты барлық сұрақтарға жауап беремін. Мысалы, тоқты қалай жалғау керек, шамды қайтсе дұрыс қосса болады, басқа  да күнделікті тіршілікке қатысты қарапайым, бірақ тұрмысқа қажетті амалдардың шешімін қамтуға тырысамын. Электр жабдықтарына қызығушылығы айтарлықтай интернет қолданушылардың саны аз емес. Ақысыз негіздегі сүйікті ісіммен айналысып жүргеніме екі жыл болды.

Бос уақытымды сосын, әрине, отбасыма арнаймын. Келіншегім екеуміздің үш баламыз өсіп келеді. Соларға жақсы тәрбие беру — басты парызымыз, — дейді ол.

Ғалымжан көптеген қоғамдық шараларға атсалысып, ғылыми-әдістемелік журналдарға да жазып тұрады. Сондай-ақ, «Be Clever» даму орталығы ұйымдастырған «Үздік медиасабақ — 2018» халықаралық шығармашылық байқауында I орын, «Үздік өндірістік оқыту шебері — 2018» облыстық байқауы мен

«Педагогикалық идеялар панорамасы» деп аталатын мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, жоғары білім ұйымдары үшін бейне-сабақтар мен бейне-дәрістердің байқауында ІІІ орын алғанын айта кету керек.

— Біздің буынның бір ерекшелігі — ойын баласы болдық. Доп қуып, асық ойнадық. Жазғы каникул болса, ауылға қарай асықтық. Соның арқасында қазақтың салт-дәстүрінен, ырым-тыйымдарынан белгілі бір деңгейде хабарымыз бар. Ал қазіргі ұл-қыздардың бар ойы — телефон. Күн ұзағына сонымен әлек. Мені осы бір жайт алаңдатады. Аты қазақ болғанымен, заты, таным-түсінігі ұлттық ділімізден ада ұрпақ көбеймесе екен, — деп ой бөлісті Ғалымжан.

«Мен жанбасам лапылдап…»

Жастығына қарамастан, жеке кәсібін ашып, оны табысты дөңгелентіп отырған ақтөбеліктер біршама. Солардың бірі — Ербол Мирманов. Тәуелсіздік құрдасы қазіргі таңда 16 замандасын жұмыспен қамтып отыр.

— Ерлер шаштаразының иесі атанғаныма екі жылдай уақыт болды. Жеке кәсібімді 3 мың теңгемен бастағанымды айтсам, көпшілігі сенбейді. Қасымда жүрген екі жігітпен тәуекелге бел буып, осы істі қолға алдық. Сөйтіп, бірте-бірте кәсібіміз кеңейіп, бүгінгідей  деңгейге жеттік.

Жас кезден еңбекке араластым. Әуелі мейрамханада даяшы боп жұмыс істедім. Кейін үш ай аталған кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, «Неге тек қана ерлердің шашын алатын орталық ашпасқа?» деген ой туды. Шүкір, қазіргі таңда екі шаштараз орталығым бар. Онда өзім секілді жастар қызмет етеді, — дейді кәсіпкер жігіт.

Ерболдың сөзінше, Ақтөбеде Тәуелсіздікпен құрдас кәсіпкерлер аз емес. Олардың бірқатарымен араласатынын айтқан әңгімелесушіміз барлығымен өзара тату екенін, қатарластарының ұйымшыл екенін келтірді. Бір-біріне білмегенін үйретіп, әрдайым хабарласып тұратын 1991 жылы туғандар осындай.

— Менің ойымша, кез келген істі бастау үшін жастың, жыныстың анау айтқандай қатысы жоқ. Тек бастамаң баянды болсын десең, бәрін дұрыс жоспарлап, алдын ала ойластыра алуың қажет. Ең бастысы — ол табыс әкелетін кәсіп болуы керек, — деп ағынан жарылады Тәуелсіздік құрдасы.

Сырлы саз

Тағы бір кейіпкеріміз — Анар Қабдымананова өзінің тұстастарына артылар сенімнің ерекше екенін, болашақ жастардың қолында екенін ұдайы жадында сақтайтынын айтты. Оның пікірінше, ел егемендік алған жылы туғандарға жүктелер жауапкершілік екі есе.

— Тәуелсіздік құрдасы деген сөздің өзі әр жасқа үлкен мақсат-міндеттер жүктейді деп ойлаймын. Өйткені бұл да белгілі бір деңгейде талмай еңбек етуімізге, алға ұмтылуымызға себеп емес пе? Өз басым, қай  ортада болсын, осы атқа лайықты болуға тырысамын.

Өзім Қарағандының қызымын. Кейін Алматыда жоғары білім алып, Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестріне жұмысқа орналастым. Сонда жүргенде ақтөбелік жігітпен танысып, екеуміз шаңырақ көтердік. 2016 жылдан бері Ақтөбенің келінімін. Ал Ахмет Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің артисі атанғаныма екі жыл болды. Кәсібім өзіме ұнайды.

Осы орайда менің өнерде жүруіме қарсы болмай, керісінше, әрдайым қолдау көрсетіп отыратын жолдасыма, ата-енеме алғысым шексіз, — дейді Анар.

Қазақтың көне аспаптарының бірі — қобызда ойнайтын кейіпкеріміз Ахмет Жұбанов, Антонио Вивальдидің туындыларын орындағанды жақсы көреді. Себеп — аталған біртуар композиторлардың шығармасының жүректің қылын шертіп, ерекше әуезді болуында екен. Бұл — оның ойы.

Жақында ғана Ақтау қаласында өткен Мұрат Өскінбайұлы атындағы халықаралық халық аспаптарында орындаушылар байқауында II орын алған Анар енді шығармашылық кешін беруді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда соған қызу дайындалып жатқан өнерпаз бұл туралы:

— Концертім ақпан айында өтпекші. Мұны көрермендердің алдында есеп беруім ғана емес, еліміздің руханиятына қосқан үлесім деп қабылдарсыздар.

Қазір — жаһандану заманы. Бәріне үлгеру керек. Сондықтан қатарластарымды өткінші қиындықтарға мойымай, қай істен де жақсылықты көре білуге шақырамын. Мереке құтты болсын! — деп тілегін жеткізді Анар.

P.S. Әртүрлі салада еңбек етіп, еліміздің дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген жастарымыздың тілегі бір — егемендігіміз мәңгілік болса екен. Олар бүгінгідей тіршілігіміздің өзі әдемі ұғым — Бейбітшіліктің арқасында екенін жақсы түсінеді… Тәуелсіздік құрдастары, міне, осындай.

…Мереке құтты болсын!

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button