Басты жаңалықтарЭкономика

Елбасы Ақтөбе облысындағы газ өңдеу кешенін іске қосты

Индустрияландыру күні

Бұл кен орны Байғанин ауданының аумағында орналасқан. Сейсенбі күні мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Тәуелсіздігі күні қарсаңында, индустрияландыру күніне арналған дәстүрлі телекөпір барысында, тікелей эфир арқылы заманауи газ өңдеу кешенінің жұмысын бастауына пәрмен берді.

Елбасының қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір кезінде индустрияландырудың екінші бесжылдығының төртінші жылының қорытындысы шығарылды. Бұл күні ұлы даланың қуаты тағы бір көрініп, ел экономикасының одан әрі дамуына сүбелі үлес қосатын жаңа өндірістер пайдалануға берілді. Салтанатты шара барысында Елбасы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған 28 кәсіпорынның тұсауын кесті. Олардың қатары сан-салалық: индустриялық, инфрақұрылымдық, аграрлық және цифрлық ірі жобалар. Елбасы жұмысын бастауына рұқсат берген кәсіпорындардың ішінде Ақтөбе облысында «Gas Processing Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі  кәсіпорны салған заманауи газ өңдеу кешенінің жөні бөлек.

Телекөпір барысында тікелей байланысқа шыққан «Gas Processing Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің техникалық директоры Болат Сақтағанов:

— Біздің компания салған газды кешенді дайындау қондырғысы шикізат базасын ұтымды пайдалануға, ілеспе мұнай газын қайта өңдеуді арттыруға және зиянды заттардың атмосфераға шығуын едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Аталған жобаға 42 миллиард теңге көлемінде жүз пайыз жеке инвестиция салынды. Біз Сіздің ресурстық базаны ұлғайтуға және еліміздің тауарлы газ нарығын толықтыруға байланысты тапсырмаларыңызды орындадық. Шикізатты қайта өңдеуді  ұлғайту жолымен біз өнімнің жаңа түрлерін игеруге және алыс, жақын шетелдерге экспортқа шығаруға дайынбыз, — деп мәлімдеді Елбасына.

Президент мұнай-газ саласының зор қуатының еліміздің экономикасында алатын орынын, аталған жобаның стратегиялық маңызын атап көрсетті.

— Бұл өңір тұрғындары үшін өте қуанышты жаңалық. Қазақстан — мұнай мен газ өндіретін елдердің бірі. Сондықтан тұрғындарды газбен қамтамасыз ету — біздер үшін маңызды міндет. Қазір біз «Сарыарқа» газ құбырын салайын деп жатырмыз және осының бәрі халықтың әл-ауқатын көтеру үшін жасалуда. Мен сіздерді қуанышты жаңалықпен, өндірістің іске қосылуымен құттықтаймын. Сәт сапар! — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

«Gas Processing Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кәсіпорны салған ілеспе мұнай газын кәдеге жарататын заманауи газ өңдеу кешенінің қуаттылығы сағатына 40 мың текше метр. Ол жылына 226 текше метр тауарлы газ, 37 тонна пропан-бутон қоспасын, 5,4 мың тонна газ конденсатын, 10,5 мың тонна түйіршіктелген күкірт шығаруға мүмкіндік береді.

Жоба екі жылдың ішінде жүзеге асырылды. Зауыт жүйесі толық автоматтандырылған. Бұл жобаның бір ерекшелігі, бастапқы газды меркаптан мен күкірті сутектен тазартуға мүмкіндік беретін, «Дао» америкалық компаниясының инновациялық технологиясын қолданып жұмыс істеуінде. Шын мәнінде бұл Қазақстан аумағында алғаш пайдаланылып отыр.

Бұл өндіріс шикізат ресурсын тиімді пайдалануға, мұнайға ілеспе газды терең қайта өңдеуге және ауаға зиянды заттардың шығуын қысқартуға жағдай жасайды. Бір сөзбен айтқанда, ол экологиялық жағдайды жақсартып, аймақтың экономикасының жақсаруына сүбелі үлес қосады. Ұлттық оператор «КазТрансГаз» акционерлік қоғамы ішкі және сыртқы нарыққа газ тасымалдау үшін барлық инфрақұрылымды салды.

Қожасай кен көзінде салынған заманауи кешеннің іске қосылу шарасына қатысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жобаның маңызын ерекше атап өтті.

— Жаңа кәсіпорынның өңір экономикасын нығайтуда, экологияны жақсартуда мәні зор. Бұл Қазақстанда жеке инвестиция есебінде салынған жалғыз газ өңдеу зауыты. Оның құрылысы кезінде 1500 жұмыс орыны құрылды, соның 258-і тұрақты. Айта кету керек, бұл — экспортқа бағдарланған кәсіпорын. Өнімнің 70 пайызы сыртқы нарыққа жеткізілетін болады, — деді облыс әкімі.

Жаңа кәсіпорын жеті жылдың ішінде өңірлік және республикалық бюджетті 10 миллиард теңгеден астам салық түсімдерімен толықтырады деп жоспарланып отыр.

— Бұл зауыт, ең бірінші, біздің Ақтөбе өңірі үшін керегі — ауаны тазартады. Қанша газдың текке жанып, ауаны бұзып жатқанын өздерің білесіздер. Екіншіден, біздің экономикамызға қосымша инвестиция береді, 42 миллиард теңге деген аз дүние емес. Үшіншіден, бюджетке салық  түседі, ол ең кем дегенде 1 миллиард теңге қаржы. Бұдан бөлек, жаңа жұмыс орындары ашылады. Қазіргі таңның өзінде қанша адам жұмыс жасап жатқанын естідіңіздер, соның көбісі Ақтөбенің азаматтары, Байғанин ауданының тұрғындары. Ертең зауыт толық іске қосылған кезде ең кем дегенде 250 адам жұмыс істейтін болады.

Бұл зауыттың мүмкіндігі 300 миллион текше метр газға ғана жетеді. Сондықтан ауаға жанып жатқан газдың бәрін бұл жерге жинау мүмкін емес. Сол себепті компания болашақта өндірісті ұлғайтпақ. Сонымен бірге, бұл өндіріс тек тауарлы газ шығарып қоймайды, қосымша тағы да басқа өнімдерді шығарады. Оның барлығы да қосымша табыс әкеледі.

Кәсіпорын негізінен экспортқа бағыт ұстағанмен, өнімнің 30 пайызын аймақтың өз қажеттеріне жұмсамақ. Соның нәтижесінде облыстың бірқатар елді мекендерін 60-70 миллион текше метр көгілдір отынмен қамтамасыз етеді.

Олыс әкімі «КазТрансГаз» компаниясының әлеуметтік бағыт ұстап отырғанына да маңыз берді. Бұл жерде, жаңа кәсіпорын шалғайдағы Байғанин ауданының әлеуметтік мәселелерін шешуге де жағдай жасайды.

— Газ өңдейтін кешен басшылығымен өндірісті ұлғайту туралы және өңір аумағында жаңа кәсіпорындар құрылысын салуға келісімшарттар бар, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

Ақтөбе-Байғанин ауданының Қожасай кен орны-Ақтөбе. 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button