Мереке

Қала әкімінің құрметі

Ақтөбе қаласының әкімі Архимед Мұхамбетов қалалық ұйымдар мен мекемелер, кәсіпорындар басшыларымен өткізген мәжілісте қалалық ішкі істер басқармасы ұжымын кәсіби мерекелерімен құттықтап, қала өміріндегі еңбектерін атап өтті.

— Полиция қызметкерлері тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауда, қоғамдық тәртіп орнатуда жемісті еңбек етіп келеді, — деді Архимед Бегежанұлы. — Күндіз-түні атқарған жұмыстың нәтижесі көрінуде. Осы жылдың бес айының қорытындысында қылмысты, оның ішінде ауыр қылмысты ашу жақсарды, басқа да көрсеткіштер бойынша жетістіктер бар.

Қала әкімі полиция қызметкерлерінің тек қауіпсіздік пен тәртіпті қалыптастырып қана қоймай, қаланың көркеюіне, көгалдануына да қосып отырған үлестерін атап өтті. А.Мұхамбетов үздік полиция қызметкерлеріне Алғыс хат пен ақшалай сыйлықтар табыс етті. Қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері — Мұратбай Жұмағұлов, Ерболат Масақбаев, Әсел Сағынтаева, Дулат Құдайбергенов, Айгүл Құрманова, Берік Мамытов және басқа барлығы 20 сақшы қала әкімінің марапатына ие болды.

Үздіктер қатарынан көрінген ҚІБ-ның криминалдық полициясы бөлімінің аға жедел төтенше өкілі Мұратбай Жұмағұлов қуанышын жасырмады:

— Қазақстан полициясында 1997 жылдан бері қызмет етіп келемін. Бұрын есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасында істедім. Бұл қылмысқа қарсы күрестегі жақсы көрсеткіштерге байланысты көрсетілген құрмет деп ойлаймын, — дейді М.Жұмағұлов. — Бұл жалғыз маған емес, қасымдағы әріптестеріме де берілген баға. Қазір полиция қызметкерлеріне барынша жағдай жасалуда. Компьютерлер, бейнекамералар секілді қондырғылармен жабдықтаудың пайдасы тиюде.  Біздің бөлімнің мақсаты — қылмысты дер кезінде ашу. Сол үшін еңбек етеміз.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button