Жаңалықтар

Тәуелсіздік күніне орай 32 нысан ашылады

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев желтоқсан айында өтетін алдағы мерекелерге дайындық мәселесі бойынша жиын өткізді.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова мәлімдегендей, 20 қарашада басталған Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік шаралар 17 желтоқсанда аяқталады. Бұл күндері облыста 250 мыңға жуық адамды қамтитын 400-ден аса ауқымды мәдени-көпшілік, әлеуметтік маңызы бар шаралар өтеді. Елдің басты мерекесі қарсаңында 32 жаңа өндірістік және әлеуметтік нысан ашу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, екі мектеп, бес балабақша, бес көп қабатты тұрғын үй, ауылдарда төрт газбен және сумен жабдықтау нысандары, оңалту орталығы, екі спорттық нысан, т.б.

Жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды, мүгедектер мен әлеуметтік жағынан әлзіз топтарға жататын басқа да азаматтарды қолдап, оларға материалдық көмек көрсетуге баса назар аударуды тапсырды.

«Мемлекеттің қамқорлығы мен мерекелік көңіл-күйді әрбір отбасы, әрбір ақтөбелік сезінуі керек», — деді облыс басшысы.

Жиын кезінде сондай-ақ, Жаңа жылға дайындық және оны өткізу шараларының жоспары да қаралды.

Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханованың айтуынша, облыс орталығының көшелерінде 17 желтоқсаннан бастап елуден аса жаңажылдық шыршалары орнатылып, мерекелік жарықтандырулар ұйымдастырылады. Абай даңғылында орнатылатын бас шыршаның биіктігі — 30 метр. Ол 18 желтоқсанда салтанатты түрде жағылады. Жаңажылдық шыршалар сондай-ақ Тұңғыш Президент атындағы саябақта, Арбатта, Батыс-2 және «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алаптарында орнатылады.

Орталық стадион ауданында қала тұрғындары мен қонақтары үшін мұз қалашығы ашылды. 14 желтоқсаннан бастап қала бойынша 48 мұз айдыны жұмыс жасайды. 80 мыңнан астам балаға мыңнан аса жаңажылдық ертеңгіліктер өтеді.

31 желтоқсан күні тұрғындарға Тұңғыш Президент атындағы саябақта, Батыс-2 және «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алаптарында алғаш рет мәдени-көпшілік жаңажылдық шаралар мен мерекелік отшашулар ұйымдастырылады. Сондай-ақ мерекелер қарсаңында қаланың түрлі нүктелерінде азық-түлік өнімдерінің кең таңдауы арзан бағамен сатылатын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері тұрақты түрде өткізіледі.

Облыс басшысы мерекелік шараларды жоғары деңгейде өткізу үшін барлық мүмкіндіктерді қабылдауды тапсырды.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button