Басты жаңалықтар

«7-20-25» бағдарламасының талаптары түсіндірілді

Акция

Өткен демалыс күндері «Керуен сити» ойын-сауық орталығында «Баспана»  ипотекалық ұйымы» АҚ өңірлік өкілінің бастамасымен «7-20-25» ипотекалық бағдарламасына қатысу шарттарын түсіндіру бойынша промо-акция өткізілді.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі және «ҚР Ұлттық банкі» РММ АФ, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қолдауымен ұйымдастырылған акцияға екінші деңгейлі «АТФ банк»,  «Цеснабанк», «БанкЦентрКредит», «Форте банк» , «Халық Банк», «Еуразиялық Банк», «РБК Банк» секілді банктер филиалдары басшылары және  коммерциялық құрылыс компаниялары өкілдері қатысты.

Промо-акция кезінде «7-20-25» бағдарламасына қатысушы екінші деңгейлі банктер өкілдері келушілердің сұрақтарына жауап беріп, тұрғын үй алудың шарттарын түсіндірді. Пәтер аламын деушілер коммерциялық құрылыс компанияларының салынып біткен және алдағы жылы салынатын тұрғын үйлер туралы ақпараттарына да қол жеткізді.

Банктер тұтынушыларға берген заемдарының қайтарылуына өздері жауап береді, сондықтан әр банктің қояр талабы да әртүрлі. Мысалы, бір банк қосалқы заемшы ретінде ерлі-зайыптыларға рұқсат етсе, екінші банктер оларға қоса жақын туыстарын, үшінші бір банк таныстарын алуға рұқсат етеді. Сондықтан үй аламын деушілер әр банктің талаптарын біліп, салыстыруы үшін банктерге жеке-жеке барып жүрмей, осындай промо-акцияларға келгені тиімді. Бұған қоса дүйсенбіден бастап банктердің және құрылыс компанияларының өкілдері Халықтық кеңседе де отыратын болды, бұл тұрғындар үшін өте тиімді, — дейді «Баспана» ипотекалық ұйымының аймақтық директоры Гүлнар Дабылова.

Г.Дабылованың айтуынша, бүгінге дейін Қазақстан бойынша жалпы құны 623 миллиард теңге көлеміндегі 5298 пәтерге өтініш қабылданған. Оның ішінде 3400 өтініш мақұлданып, 40 миллиард теңге несие  берілген. Ақтөбе облысы бойынша 276 адам өтініш берген, олар алғысы келетін пәтерлердің жалпы құны — 2 миллиард 318 миллион теңге. Осылардың ішінде 163 адамның өтініші мақұлданып, 1 миллиард 400 миллион теңгеден астам заем берілді.

—  Бұл промо-акцияға бірнеше құрылыс компаниясы келді. Аталған бағдарлама бойынша Ақтөбеде құрылысшылар ұсынып отырған үйлер жеткілікті. Жыл аяғына дейін  жалпы алғанда 312 пәтер беріледі деп жоспарлап отырмыз. 2019 жылы кемінде 1200 пәтер берілмек. Мәселен, «Нектар» өндірістік кооперативінің өзі 600-ден астам, «Темір-Сервис» компаниясы 100-ден астам пәтер ұсынып отыр.

11 желтоқсаннан бастап «7-20-25» бағдарламасына жоғарыдағы жеті банкпен бірге ресейлік «Сбербанк» те қосылады. Бүгінде аталған банкпен арада келісімшарт жасалды. Айта кету керек, «7-20-25» бағдарламасы аясында тұрғындар тек жаңа үйлерден ғана пәтер ала алады. Тұрғындар арасында екінші нарықтағы ескі үйлерден пәтер алуға деген сұраныстың көп екендігін ескеріп, «Баспана-Хит» деген бағдарлама жасақталды. «Баспана-Хит» бойынша ескі үйлердің құнының 20 пайызын жинап, 11 пайыз жылдық мөлшерлемемен 15 жылға несие алуға болады. Бүгінде бұл бағдарлама бойынша  «Цеснабанк», «Сбербанк» және «Халық банкі» несие береді, — дейді Г.Дабылова.          

Бірінші рет ұйымдастырылған бұл промо-акция барысында 500-ге жуық адамға кеңес берілді. Г.Дабылованың айтуынша, болашақта мұндай акцияларды облыстық әкімдіктің қолдауымен басқа да көпшілік көп шоғырланатын жерлерде, соның ішінде ірі сауда орындарында, орталықтарда, аудандарда ұйымдастыру жоспарланып отыр. 

 М.ТАБЫН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button