Жаңалықтар

Соқадан басталған жол

Өткен сенбіде ауыл шаруашылығы өндірісінің белгілі ұйымдастырушы және кеңес  заманында облыс басшыларының бірі болған Николай Лавровтың туғанына жүз жыл толу құрметіне арналған еске алу кеші өтті. Кешке марқұмның замандастары шақырылды.

Іс-шараның бастамашылары — «Ардагер» ардагерлер қоғамдық кеңесі мен жақында ғана белсенді өмір сапасын жақсарту және зейнеткерлерді қоғамдық өмірге тарту мақсатында құрылған «Ізгілік шуағы» қоғамдық бірлестігі.

Біз соғыстан кейін жоғары оқу орнын бітіріп, осында келген және өмірінің соңғы күніне дейін облыстың өркендеуіне өз үлесін қосқан адамға құрмет көрсетуді жөн көрдік. Ол — еңбек жолын қарапайым агрономдықтан бастап, облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметіне дейін көтерілген жан. Әрине, облысқа танымал азамат болды. Николай Владимирович өте қуатты әрі көңілді еді. Би де билеп, ән де айтатын, іскер, яғни жан-жақты дамыған адам болды, — деді кешті ұйымдастырушылардың бірі Нәйля Бөртебаева.

Айтпақшы, «Актюбинский вестник» газетінің биылғы жаз айларындағы сандарының бірінде Н.Лавровтың өмірі мен қызметі турасында  мақала жазылған болатын. («Рассказ об отце» //17.08.2018 ж.).

Мен бұл адаммен комсомол өмірінің алғашқы жылдарынан бері таныспын. Қазақстан Коммунистик партиясы Степной аудандық комитетіне бірінші хатшы ретінде сайланғанымда, Николай Лавров мені конференцияда таныстырды. Сол сәттен бастап менің Ақтөбе жеріндегі еңбек жолым басталды. Мен сол үшін ол кісіге ризамын. Ақтөбе облыстық атқару комиететінде бірге қызметтес болдық: мен — төраға, ол — бөлім басшысы. Сондықтан да екеуіміздің арамыздағы достық ұзақ жылдарға созылды. Ол ауыл шаруашылығы саласының өте жақсы маманы болды. Жүгеріні шаршы ұяшыққа орнату әдісін мен сол кісіден үйрендім. Қолымыздың жарақаттанғанына қарамастан, біз жүгері күтімі үшін әлгі ұяшықты жасауды үйреніп алдық. Николай Лавровтан осындай жер жұмыстарына қатысты алғашқы тәжірибені алдым.  Міне, ол кісі туралы осындай жылы естеліктер ғана есімде қалыпты. Жақсы адам еді. Үлкен құрметке әрі ауыл шаруашылығы қызметкерлері арасында жоғары беделге ие болды. Бір сөзбен айтқанда, біз оны мақтан тұтамыз, — деп еңбек ардагері, облыстың құрметті азаматы Сапар Сағынтаев осылай еске алды.

Кеште еңбек ардагері Владимир Литовченко елді соғыстан кейінгі жылдарда қалпына келтіру және Мәртөк ауданының дамуы көрнекті тұлғаның есімімен тікелей байланысты екенін айтып: «Ол шаруашылықты жоғары деңгейге көтерді. Ауданда 13 жыл түрлі қызметтер атқарды. Жергілікті тұрғындарға оның есімі жақсы мәлім, әлі күнге дейін ұмытқан жоқ. Облыстық атқару комитеті  төрағасының орынбасары лауазымында он жеті жылға жуық қызмет етті. Бұл нағыз агроөнеркәсіп кешенін дамыту жолындағы проблемалар мен әлеуметтік мәселелерді реттеуде белсенді шешім қабылдайтын кез еді. Ол кісі біздің аймақ және тұтастай алғанда мемлекет үшін шынымен де көп нәрсе жасағандардың қатарында болды», — деді.

Шара кезінде «Ардагер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Ботағарин кешті ұйымдастырушыларға Алғыс хат табыстады.

Алина СҮЛЕЙМЕНОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button