Рухани жаңғыру

Қасиетті Қобда жеріне барды

Ел рухын көтерген мақала

Облысқа Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орай келелі кеңеске қатысуға арнайы келген «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің бас директоры, халықаралық Түркі академиясының вице-президенті Асқар Омаров, белгілі тарихшы, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы, сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов Қобда ауданындағы киелі жерлерді аралады.

Облыс әкімінің орынбасары бастаған топ алдымен аудан орталығынан 40 шақырым жердегі еліміздегі бірегей және сирек кездесетін сәулет өнері — Абат-Байтақ кесенесіне барып, зиярат етті.

Айта кету керек, ел аузындағы аңыздарға қарағанда, кесене атақты ойшыл Асан қайғы жыраудың ұлы Бесқопа аңғарында кенеттен қайтыс болған Абат батырға арналып, бүкіл аймақ халқының қатысуымен тез арада тұрғызылған. Сондықтан оның атына «Байтақ» деген сөз қосылған («кең»). Бірақ құрылыстың сәулеттік құрылымы оның төрелерге тән екенін байқатады. Кесене үстінде 11 қырлы тұғырға орнатылған күмбез бар, ал негізгі тұрқы төрт бұрышты. Кесененің бастапқы биіктігі 16 метр болса, сақталған биіктігі —  14,5 метр. Өңделмеген кірпіштен қаланып, ішкі жағы балшықпен сыланған, сыртқы жағы күйдірілген кірпішпен қапталған.
Бұдан кейін қонақтарды аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет Жиренқопа ауылындағы Қобыланды батыр кесенесіне бастап апарып, батырдың рухына Құран бағышталды. Сондай-ақ батырға арналған мемориалдық кешендегі музейді аралап, өткен жылы демеушілердің көмегімен салынған қонақүйді барып көрді.

Бүгінде кешендегі музейде батыр туралы мәліметтер, құнды жәдігерлер сақталған.

Батырға арнайы тұрғызылған кесене мен кешен 2007 жылы ашылды. Таяуда кешенге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның сәулетшісі — Бек Ибраев. Кешеннің құрамына Қобыланды батырға арналған мазар (пішіні батырдың дулығасы сияқты, оның биіктігі айшығына дейін қосып есептегенде — 16 метр, диаметрі — 16 метр), пішіні садақ сияқты ғимарат (онда батырға арналған «Данқ» бөлмесі және қосымша қызмет бөлмелері орналасқан) және бірнеше белгі тастар кіреді.

Айта кету керек, бүгінде Пір Бекеттің бір керемет құпия сыры бар асатаяғы қобдалық Тұрсынғали Нәкешевтің үйінде сақталған. Бұл асатаяқта арабша жазулар және 26 кішкене белгілер бар. Қонақтар осы киелі асатаяқты қолға ұстап көріп, оның тарихымен танысты.

 Данагүл Қазихан.

ТАРИХ ТЫНЫСЫ

Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті студенттерінің ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті.

Жиынға қатысқан жастар Елбасының мақаласы жайында өз ойларын ортаға салды. Аталған университеттегі «Ұшқын» жастар клубының жетекшісі Исатай Ізбасар:

— Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси маңызды құжатында көрсеткен міндеттері ұлттық рухымызды көтеруге жаңа серпін берді. Әлемнің озық елдерінің негізгі мақтанышы — тарих. Президентіміз сол тереңде жатқан тарихымызды түгендеп, ұлы даланың жеті қырын айқындап берді.

Осы орайда Елбасымыз атқа міну мәдениетіне кеңінен тоқталды. Ежелден біздің ата-бабаларымыз жылқы жануарын қолға үйреткен. Оған дәлел ретінде Солтүстік Қазақстан жерін мекендеген энеолит дәуіріне тиесілі Ботай мәдениетін айтуға болады. Қазба жұмыстарының нәтижесінде ежелгі адамның алғаш рет жылқыны қолға үйреткендігі анықталған.

Елбасының тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған ұсыныстары мемлекетіміздің нығаюына септігін тигізетініне толық сенімдімін, — деді.

Сондай-ақ жиын барысында университет жанынан құрылған «Шабыт» зияткерлік пікірталас клубының жетекшісі Анар Ақабаева Президент мақаласында айтылған қызғалдақ пен алма тақырыбында өз ойын ортаға салып, пікірімен бөлісті.

Ақбота БОЛАТБЕКҚЫЗЫ.

Жаңа КЕЗЕҢНІҢ ЖҮГІ

Елбасы«Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Мәңгілік ел» ұлттық идея екендігін тарихи құндылықтар арқылы ашып көрсетеді.

Өткен тарихты зерттемей, жарқын болашақты болжау мүмкін емес. Елбасы өзінің мақаласының «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» деген бірінші тарауында мынадай басты ұлттық құндылықтарға тоқталады: атқа міну мәдениеті, Ұлы даладағы ежелгі металлургия, аң стилі, «Алтын адам», түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы.

Президент Н.Назарбаев Алматы апортының арғы атасы — Сиверс алмасының отаны екенін және оның Алатаудың бауырайында өсетінін ерекше атап өтеді. Осы танымал жемістің терең тарихына үңіліп, оның Қазақстан аумағындағы Іле Алатауы баурайынан Ұлы Жібек жолының көне бағыты арқылы алғашқыда Жерорта теңізіне, кейіннен бүкіл әлемге таралғанын баяндайды. Расында, 1913 жылы Париж қаласында өткен Романовтар әулетінің 300  жылдығына арналған дүниежүзілік көрмеде Алматы апорты қойылып, жұртшылықты таңғалдырғанын тарихтан білеміз.

Сонымен қатар, қызғалдақ гүлінің отаны Қазақ елі екенін, осы әдемі өсімдіктің Шу, Іле тауларының етегінен әлі күнге дейін табылатынын және бүкіл әлемге таралғанын атап өтеді. «Жабайы қызғалдақтардың» шынында Қазақстанның оңтүстігінен таралғанын ғалымдар айтып жүр.

«Тарихи сананы жаңғырту» деген тарауында да біраз дүниелер қамтылған. Соның ішінде «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар мұражайы» сияқты ірі жобалар осымен тікелей сабақтас екені сөзсіз. Осы ірі жобаларды іске асыру заманауи, дамып келе жатқан Қазақстанды қалыптастыруда жаңа кезең болатынына үміт зор.

Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласымамандар даярлау ісінде, жас ұрпақты тәрбиелеуде аса маңызды құжат екені анық. Оның оңды әсерін қазірден сезініп жатырмыз.

 Бауыржан ЖҮНІСОВ,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button