Мереке

Мерекелер — берекелі істердің бастауы!

Қала гүлдей жайнап, құлпырып тұрса — тұрғындардың мақтанышы. Тек мақтаныш қана емес, бұл сол қала тұрғындарының көріктендіруге сіңірген еңбегін айшықтайтын көрсеткіш іспеттес. Сондықтан да қаланы көркейту, көгалдандыру мәселесі басты шаруалардың бірінен саналады.

Ақтөбе қаласының әкімі Архимед Мұхамбетов өткізген кезекті мәжілісте алдағы уақытта болатын ұлттық және мемлекеттік мерекелерге сай қаланы безендіру жұмыстары қаралды.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Маржан Қорғанбаева екінші жартыжылдықта атқарылатын жұмыстар жоспарын баяндады. Ол 6 шілде — Астана күніне орай бекітілген жоспар бойынша мәдени-көпшілік шаралармен қатар, қаланы мерекеге сай безендіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Биылғы жылы еліміздің мемлекеттік мерекесі — Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдық мерейтойы тойланбақ. Осындай маңызды мерекеге байланысты Ақтөбе қаласында көпшілікке арналған іргелі істер қолға алынуда. Соның бірі — орталық мәдениет және демалыс саябағының қайта жарақтандырылуы. Енді бұл саябақ адамдардың демалуына, қыдыруына жайлы қылып, қайта өзгертілгеннен кейін Қазақстанның тұңғыш Президенті атындағы саябақ болып аталатын болады. Және бұл демалыс орны қатты өзгеріп, еліміздегі ең көрікті саябақтардың қатарына қосылады.

Саябақтың ортасында биіктігі 80 метр ту қоятын тұғыр орналастырылып, еліміздің көк байрағы биіктен желбіреп тұрады. Бұл тұғырдан мемлекетіміздің негізгі рәміздері орын табады. Сондай-ақ «Тәуелсіздік — Алтын күмбез дейтін болсақ, сол күмбезді тіреп тұрған төрт белгі — рәміздеріміз бар. Оның біріншісі — Елтаңба, екіншісі — Әнұран, үшіншісі — Көкбайрақ, төртіншісі — қазақ тілі. Міне, осы төртеуі тең тұрса — төрт құбыламыз түгел болғаны» деген Елбасының сөзі жазылады.

Саябақтың ішіндегі жолдар дұрысталады, демалуға ыңғайлы жаңа орындықтар орналастырылады. Саябақ ішінен керемет гүлді аллея, су қоймасын жасау, одан өтетін әдемі көпір орнату жоспарлануда. Жастар үшін би алаңы, балалар аттракциондары да жаңартылады.

Тәуелсіздік — басты құндылық. Сондықтан Тәуелсіздік күні қалада ауқымды шаралар өткізіледі. Бұл келесі жылы 20 жыл толатын тәуелсіздігіміздің мерейтойына әзірліктің бастауы болмақ. Тәуелсіздік күнін атап өту кезінде мерекенің идеялық-көркемдік, ақпараттық-идеологиялық мазмұнына аса мән беріледі.

Екінші жартыжылдықта атап өтілетін кәсіби мерекелерге байланысты безендіру жұмыстарында да кәсіпті сыйлау, еңбекті құрметтеу, еңбек адамдарын атап өту секілді құндылықтар көрініс табады. Сонымен қатар, ораза айт, құрбан айт, пасха, рождество сияқты діни мерекелерге де әзірліктер жасалуда.

Міне, осындай мерекелерді насихаттау, насихаттау арқылы тұрғындарға, жастар мен балаларға қажетті ақпараттарды плакаттардан, баннерлерден, брендмауэрлерден көруге болады. Көпірлерге, бағаналарға ілінетін жалаулар, тақырыпқа сәйкес суреттер, ою-өрнектер қала көркін әсемдей түседі.

Мәжілісті қорытқан Архимед Мұхамбетов мерекелерді өткізу және қаланы безендіру барысында әрбір мейрамның маңызына баса назар аударуды атап өтіп, тиісті мекемелер мен ұйымдар басшыларына тапсырма берді.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button