Мәдениет

Ән асқақтап, күй төгілді

Концерт

Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында және Ел Тәуелсіздігінің 27 жылдығына орай, Мәртөк ауданының Жайсаң, Қаратоғай ауылдарында «Тәуелсіздік — тұғырым» атты мерекелік концерт өтті. Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония ұжымы жергілікті халыққа тамаша көңіл күй сыйлап, ән-күймен сусындатты.  

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен Елбасы саясатын жүзеге асыру және еліміздің мәдени мұрасын насихаттау мақсатында қолға алынған шара Жайсаң ауылдық Мәдениет үйінен бастау алды. Кешке Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, белгілі күйші Жайлау Асылханов бастаған өнер жұлдыздары қатысты.

Облыстық филармония әншілері Арман Төлесінов, Бағдат Балмағанбетова, Ернар Дүйсеев, Ерхан Алданазаров, Жұлдыз Орынбековалардың орындауында ерлік пен елдікті дәріптеген патриоттық әндер шырқалды. Жайлау Асылханов көрермендердің сұрауымен Құрманғазының күйлерін күмбірлете орындады. Кеш жүргізушісі Орал-Қосай Байсеңгір Қуандық Шаңғытбаевтың «Дала» өлеңін оқып, бірқатар әндер шырқады.

Шара соңында облыстық филармония ұжымының атынан «Жайсаң» арнайы білім беру ұйымына домбыра тарту етілді.

— Бүгінде «Жайсаң» арнайы білім беру ұйымында 120-дан астам оқушы бар. Интернаттағы балалар сабақтан тыс уақытта қолөнер, вокал, хореография, хор үйірмелеріне қатысады, барлық мерекелік іс-шараларға белсене атсалысады, — дейді «Жайсаң» арнайы білім беру ұйымының мұғалімі Дәулет Мамытбай.

Шара соңында ауыл үлкендері өнер ұжымына баталарын беріп, ризашылықтарын жеткізді.

— Бүгінгі кештен ерекше әсер алып отырмыз. Қазақтың қаншама дәстүрлі әндерімен қатар, ұмытылып бара жатқан ескі әндері орындалды. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында концерттік бағдарламамен келіп, ауыл тұрғындарына көтеріңкі көңіл сыйлағандары үшін өнерпаздарға зор алғысымызды білдіреміз, — деді ауыл тұрғыны Салтанат Тұралиева.

Сондай-ақ бұл күні филармония ұжымы Мәртөк ауданының Қаратоғай ауылдық Мәдениет үйінің сахнасын да әсем ән мен күйге бөледі.

Кеш соңында Қаратоғай ауылының әкімі Қуанышбек Серікжанов ауыл тұрғындары атынан халқымыздың рухани және мәдени кемелдеуіне қосқан үлестері үшін филармония ұжымына ризашылығын білдіре отырып, шығармашылық табыстар тіледі.

Айта кетейік, облыстық филармония ұжымының гастрольдік сапары алдағы күндері Қобда, Мұғалжар, Ойыл, Темір аудандарында жалғасатын болады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК,

Мәртөк ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button