Әлеумет

Ең төменгі жалақы мөлшері. Еңбекақы төлеу жөніндегі талаптар

Мемлекет Басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау мақсатында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге ұлғайтылады (28 284 теңгеден 42 500 теңгеге дейін).

Осыған орай, тиісті жұмыс тобы құрылып, облыстың түрлі салаларындағы қызметкерлердің ең төменгі жалақы мөлшерін анықтау бойынша тиісті талдау өткізілді.

Талдау нәтижесінде 42 500 теңгеден кем жалақы алатын бюджеттік және жеке ұйымдарда 70 000-нан астам қызметкерлер анықталды.

Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының басты қағидаттарының бірі еңбегі үшін жалақының ең төмен мөлшерінен кем емес сыйақы құқығын қамтамасыз ету болып табылады.

Қазақстанда 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төмен жалақының мөлшері 42 500 теңгені құрайды.

ҚР Еңбек Кодексі қызметкерлерге еңбекақы төлеу  саласындағы мемлекеттік кепілдік — ең аз сағаттық жалақы мөлшерін белгілейді.

Өз еңбек міндеттерін толық атқарған қызметкердің тиісті күнтізбелік жылдың жұмыс уақыты балансына сәйкес орташа айлық жұмыс уақытына бөлінген  ең төменгі сағаттық жалақысының мөлшері ең төменгі айлық жалақыдан төмен болмауы тиіс (2018 жылғы мысал бойынша).

 

42 500 тг. : 164 сағат = 259,15 тг./cағ. (5 күндік жұмыс режимі)

42 500 тг. : 165,35 сағат = 257,06 тг./сағ. (6 күндік жұмыс режимі)

Мемлекеттік кепілдік бойынша белгіленген ең төменгі еңбекақымен қамтамасыз етуде жұмыс берушілер заңбұзушылықтарға жол берсе, Қазақстан Республикасы әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 87-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Егер қызметкерге айлық жұмыс уақытының нормасын толық атқарғаны (еңбек міндеттерін орындау) үшін айлық жалақысы ең төмен еңбекақы мөлшерінен аз есептелген жағдайда, өз еңбек құқығын қорғау және құқықтық ден қою шараларын қабылдау мақсатында Ақтөбе облысы бойынша еңбек инспекциясы басқармасына (тел.: 56-49-22) сондай-ақ, сот және прокуратура органдарына жүгінуге құқығы бар.

Мәлімет үшін: Қазақстан Республикасының әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 87-бабы «Еңбекақы төлеу жөніндегі талаптарды бұзу»:

  1. Жұмыс берушінің жалақыны толық көлемде және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген мерзімдерде төлемеуі, сол сияқты жұмыс берушінің кінәсінан төлемді кешіктірген кезеңі үшін өсімпұлды есептемеуі және төлемеуі:

– лауазымды адамдарға – 30,

– шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 60,

– орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 100,

– iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 150 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

  1. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер:

– лауазымды адамдарға – 60,

– шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 80,

– орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 150,

– iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 200 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

 

Ескертпе. Осы Кодексте әкімшілік құқықбұзушылық жасалған кезде тұрақты, уақытша немесе арнаулы өкiлеттiк бойынша билiк өкiлiнiң функцияларын жүзеге асыратын немесе жүзеге асырған не әкімшілік құқықбұзушылық жасалған кезде мемлекеттiк мекемелерде, квазимемлекеттік сектордың субъектілерінде, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкiмшiлiк-шаруашылық функцияларды орындайтын немесе орындаған адамдар – лауазымды адамдар деп танылады.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button