Ауыл

Ауылдықтар қуанышқа кенелді

Тұңғыш Президент күнінде Мұғалжар ауданының бірнеше елді мекенінде ауызсу құбыры іске қосылып, жаңа білім ордасы ашылды. Сондай-ақ атақты иллюзионист Сұлтанғали Шүкіровке арналып бюст орнатылды.

Атап айтсақ, Егіндібұлақ ауылдық округінің орталығы Бұлақты ауылына «Өңірлерді дамыту-2020»  бағдарламасы аясында ауызсу кіргізілді. Елді мекенге ауызсу тарту үшін облыстық және республикалық бюджеттен 182 млн 518 мың 500 теңге көлемінде қаражат жұмсалған. Ал ауызсу нысанының құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер ұйым — «КазПромСтройГрупп» ЖШС.

Сондай-ақ Бұлақты ауылында тұрғындардың демалып, тынығуына арналған жаңа саябақ ашылды. Демалыс орнының құрылыс жұмыстарын жүргізуге 11 млн 960 мың теңге қаржы бөлінген. Саябақтың құрылысын «Компус» ЖШС жүргізді.

Мереке қарсаңында Ащысай ауылдық округіндегі Ақсу ауылының тұрғындары үлкен қуанышқа кенелді. Ауылға ауызсу беріліп,  су құбыры іске қосылды.  Ауызсу жүйесінің құрылыс жұмыстарын «Теміржолсу-Ақтөбе» ЖШС жүргізген.

Тұңғыш Президент күнінде Сағашилі ауылында 320 орындық жаңа білім ордасы ашылды. Жаңа мектептің құрылыс жұмыстарын «Ақ Саток» ЖШС өткен жылдың қыркүйек айынан бастап жүргізді. Заманауи үлгіде салынған ғимаратта оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. Бүгінде мектепте 325 оқушы білім алуда.

Сонымен қатар мереке күні Ембі қаласында иллюзия әлемінің шебері Сұлтанғали Шүкіровке арналып бюст ашылды. Қаладағы жалпы білім беретін №7 орта мектептің ауласына орнатылған бюст Сұлтанғали Шүкіровтің жолдастары – ҚР Мәдениет қайраткерлері Қуаныш Абдухалимов, Еркін Құрманбеков, Күлжамиля Ілиясова, мәдениет майталманы Хайдар Өтеғалиев, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген артисі Сәбила Әбуевалардың бастамасымен арнайы Алматыдан әкелініп қойылды. Ескерткіш бюстінің ашылу салтанатынан кейін иллюзия әлемінің шеберіне ас берілді.

Айта кету керек, Мұғалжардан шыққан атақты иллюзионист Сұлтанғали Шүкіров — 1979 жылы Брюссельде өткен дүниежүзілік иллюзионистер конкурсының Гран-При иегері. Сонымен қатар ол Мәскеу қаласында (1974) Бүкілодақтық эстрада артистерінің, Гаванада өткен (1978) Жастар мен студенттердің бүкіл дүниежүзілік ХІ фестивалінің лауреаты атанды. Бүкілодақтық комсомол сыйлығының иегері Алматы қаласындағы «Қуыршақ» театрының директоры қызметін атқарды. Сұлтанғали Шүкіров 2012 жылы 66 жасында дүниеден озды.

 Алтын СҮЛЕЙМЕН,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button