Ауыл

Тұрғын үй пайдалануға берілді, супермаркет ашылды

ҚР Тұңғыш Президенті күнінде Шалқар қаласының Газшылар қалашығында көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және бюджеттік сала қызметкерлеріне салынған екі қабатты 8 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріліп, аудан орталығында «Қанағат» азық-түлік супермаркеті ашылды.

Салтанатты шарада аудан әкімі Бауыржан Қаниев тұрғындарға пәтер кілттерін тапсырып, тұрғын үй құрылысын сапалы жүргізіп, уақытында аяқтаған мердігер ұйым «Ерзат» өндірістік кооперативінің төрағасы Қаржаубай Әліқұловқа және аталған кооперативтің учаске бастығы Аманғали Сүлейменовке алғысын білдірді.

Бұдан кейін баспаналы болған тұрғындар атынан Құралай Қараноғаева аудан басшылығына, мердігер ұйым өкілдеріне ризашылығын білдіріп, қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Аманкелді Қалыбаев жиналғандарға бата берді.

Тұрғын үйдің лентасы қиылған соң, үлкендер жағы шашу шашып, үйлерді аралап, жаңа пәтерге ие болған отбасыларды қуаныштарымен құттықтап шықты.

Айта кету керек, аталған тұрғын үйді салуға «Өңірлерді дамыту — 2020» бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен 65 млн 205 мың теңге қаржы бөлінген.

Мереке күні аудан орталығында жас кәсіпкер Азамат Оразымбетов «Қанағат» азық-түлік супермаркетін ашты. Жалпы аумағы 200 шаршы метрді құрайтын, заманға сай жабдықталған супермаркетте азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттың бәрі бар. Сауда орнының 550 шаршы метрлік қоймасы бар. Кәсіпкер 20 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.

 Сағымбек  ҰЛЫҚПАНОВ,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button