Басты жаңалықтарМереке

Еңбек адамдарына 10 автокөлік берілді

ҚР Тұңғыш Президенті атындағы орталық саябақта Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті. Облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин мен Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов агроөнеркәсіп кешенінің мамандарын мерекемен құттықтады.

Жиында Мавр Абдуллин облыстың ауыл шаруашылығы саласы бойынша бір жылғы көрсеткішін баяндады.

— Биылғы ауа райының қолайсыздығына қарамастан шаруалар тынбай еңбек етіп, өнімді мол алды. Егістен гектарына 11,7 центнерден өнім алып, жоспарды орындады. Мал басын көбейту, қаржы институттары арқылы берілген қаражатты игеру бойынша да кәсіпкерлер тиянақты жұмыс істеді. Нәтижесінде он айдың қорытындысы бойынша өндірілген өнім көлемі 104 пайыздан асып, 192 миллиард теңгеге жетіп отыр. Елбасының алдымызға қойған міндеттерін толығымен орындау мақсатында көрсеткішті 105 пайызға жеткізу көзделуде, — деген облыс әкімінің орынбасары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге алғысын айтты.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, аймақта «ақылды» технологияларды енгізу, жаңа инновациялық жобаларды игеру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар күшейтілген. Кейінгі кезде дәстүрлі емес салалар дамып келеді. Ара шаруашылығы, қоян, бөдене өсіру, т.б.  бағыттар бойынша 600-ден астам шаруа қожалығы жұмыс жасайды. Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірге суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл ынтымақтастық 2019 жылға қарай 40 мың гектар суармалы жерді пайдалануға мүмкіндік береді.

Шарада Мавр Абдуллин ауыл шаруашылығы саласындағы малшы, мехнизатор, инженер, ветеринар, комбайн жүргізуші және бригадир секілді қарапайым еңбек адамдарына 10 жаңа автокөліктің кілтін табыс етті. 19 номинация бойынша ауыл шаруашылығы  саласының 62 қызметкері Алғыс хат және бағалы сыйлықпен марапатталды.

Әйтеке би ауданындағы «Комсомол» ЖШС-ның механизаторы Саржан Бимағанбетов осы кәсіпте 26 жылдан бері еңбек етеді. Су жаңа «Нива» көлігінің кілтін алған азамат қуанышын бізбен бөлісті.

— Серіктестікте жұмыс жасағаныма 16 жыл болыпты. Егін шаруашылығымен айналысамыз. Еңбегіме қарай ақымды аламын. Өз ісімді адал атқаруға тырысамын. Серіктестік басшылығы да еңбегімді ескерусіз қалдырған емес. Алғыс хат, өзге де сыйлықтармен марапатталған кездерім болды. Бірақ көлікті бірінші рет алып отырмын және бұл менің алғашқы жеке көлігім. Бұған дейін көлігім болған емес.  Қуанышымда шек жоқ. Біз секілді далада жұмыс жасайтын қарапайым адамдардың еңбегін бағалаған облыс басшылығына алғысым шексіз, — деді Саржан Бимағанбетов.

Ал ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасын алған «Мантай» шаруа қожалығының аға шопаны Серік Қонтаев бұндай марапатқа алғаш рет ие болып отыр.

Ауылда өскендіктен мал шаруашылығының қыр-сырын жақсы білемін. Осы қожалықта малшы болып еңбек еткеніме біраз жыл болды. Еңбегімді уақытында аламын. Шаруашылық басшысы ісін адал атқарған азаматтарға көмегін аяған емес. Еңбегімді бағалап Ырғыздың орталығынан үй  салып берді. Өзге де көмегін көрсетіп отырады. Ал бүгін мерекеде осындай марапатқа ие болдым. Бұл мен секілді қарапайым малшының көңілін көтереді. Еңбекті бағалаған басшылыққа ризамын, — деді Серік Қонтаев.

Жаңа көлік пен марапатқа ие болған шаруалар сол жерде суретке түсіп, қуаныштарын жақындарымен бөлісіп жатты.

Мерекеге орай саябақта жәрмеңке ұйымдастырылды. Көкөніс, сүт, ет және өзге де ауыл шаруашылығы өнімдері базар нарқынан 10-15 пайызға төмен бағамен сатылды. Облыстың барлық ауданынан өнімдер әкелінді. Мәселен, Ойылдан келген «Базарбай» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Күнсая Дүйсенғалиева отыз келі тары әкеліпті. Келісін 300 теңгеден жұртшылық талап алды. Сондай-ақ сүт, май, қаймақ секілді өнімдерге сұраныс жоғары болды. Ал «Құттығай» шару қожалығының өкілі Ертіс Ысымов жиырма келі қой етін бірден өткізіп жібергенін айтты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button