Денсаулық

Қатерлі дертке қарсы шаралар баяндалды

Брифинг

1 желтоқсан —  Дүниежүзілік жұқтырылған иммун тапшылығы синдромына қарсы күрес күні. Осыған орай облыстық жұқтырғыш иммундық тапшылығы синдромының алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтың ұйымдастыруымен баспасөз конференциясы өтті.

Шараға «Ақтөбе Арасан» ЖШС, облыстық жастар ресурстық орталығы, облыстық ішкі істер департаменті мен облыстық білім басқармасының өкілдері қатысты.

Жиында эпидемиологиялық жағдайдың алдын алу және адам иммун тапшылығы вирусына (АИТВ) қарсы ұйымдастырылған шаралар баяндалды.

Облыстық ЖИТС орталығы бас дәрігерінің орынбасары А.Каспированың сөзінше, Ақтөбе облысы республикада СПИД жұқтырғандар саны бойынша 13-орында. Соңғы он айда 130 мыңнан астам тұрғын тексерістен өткен. Қорытындысында аталған дертті жұқтыру қаупі төмен екендігі анықталған.

— Облыста 208 мыңнан астам жас бар. Облыстық жастар ресурстық орталығы жастармен 11 бағыт бойынша жұмыс жасайды. Соның бірі — салауатты өмір салтын сақтау, зиянды әрекеттердің алдын алу жұмыстары болып табылады. Бұл бағытта түрлі спорттық шаралар, ақпараттық кездесулер мен акциялар ұйымдастырылуда. Биыл облыс көлемінде осы бағытта 160-тан астам шара өтті. Мәселен, жақында адам иммун тапшылығы вирусына қарсы театрландырылған қойылым сахналанды. Онда жастарға қатерлі дерттің қандай жолдармен жұғатындығы, алдын алу шаралары түсіндірілді. Сондай-ақ айта кеткен жөн, бүгінде қаламызда тегін қызмет көрсету орталықтары жұмыс істейді. Мұндағы мақсат — келеңсіз жағдайларға тап болған жастарға психологиялық, әлеуметтік, құқықтық ақпараттар беру, — деді облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Нұрбақыт Алтынбекқызы.

Биыл ЖИТС-ке қарсы күрес күніне бағытталған шаралар 15 желтоқсанға дейін жалғасады.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button