Ауыл

Ауыл — ел бесігі

Бейсенбі күні Алға ауданының Амангелді ауылында «Ауыл — ел бесігі» облыстық форумы өтті. Форум жұмысына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, Қазақстанның Еңбек Ері, олимпиада чемпионы, меценат Жақсылық Үшкемпіров, «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Ләззат Шыңғысбаева, сондай-ақ аудан, ауыл әкімдері мен кәсіпкерлер қатысты.

Ауылда өткен алғашқы форумның мақсаты — моральдық ынталандыру тәжірибесін енгізу арқылы ауыл-аймақтардың әлеуметтік ортасын дамыту, кәсіпкерлердің ауылға бетбұрыс жасауына қолжетімді механизм құра отырып, ауыл тұрғындарының мәртебесін көтеру.

ҮЛГІЛІ ҮЛЕС

Форум кәсіпкер, «Реймқұл» шаруа қожалығының басшысы Самат Қалдығұловтың

қаржылай қолдауымен салынған жаңа мәдени-демалыс орталығында өтті.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауылдық жерлерді қолдау, жас ұрпақты тәрбиелеу жұмыстары бойынша тың бастамалар көтеріп, ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғырту мақсатында «Ауыл — ел бесігі» жобасының басталғанын жариялады. Аталған жоба аясында Амангелді ауылына «Реймқұл» шаруа қожалығының басшысы, кәсіпкер Самат Қалдығұлов демалыс орталығын салып берді. Жаңадан бой көтерген 250 орындық мәдени-демалыс орталығы екі залдан тұрады: бірі — мерекелік шаралар өткізуге арналған клуб залы болса, екіншісі — тойхана залы.

Кәсіпкер демалыс орталығын салуға 118 миллион теңге көлемінде өз қаражатын салған. Бүгінгі таңда қаржының 76 миллионы игерілген. Орталықтың негізгі жұмыстары аяқталғанымен, кәсіпкер әлі бітпеген шаруасы шаш етектен екендігін айтады.

— Біздің өңірде «Туған жерге тағзым» акциясы аясында сан түрлі шаруалар атқарылып жатыр. Туған жеріне, туған ауылының гүлденуіне кішкене болса да қол ұшын созып, атсалысу кез келген перзенттің міндеті. Мен осы кішкентай ғана ауылда туып-өстім. Біздің бала кезімізде бұл ауылда кішкентай ғана клуб болатын. Сол жерге ауыл болып кино көруге баратын едік. Ол кезде үлкен демалыс орталығы, саябақ дегендер болмады. Дегенмен мен бүгінде қандай да бір жетістікке жетсем, осы кішкентай ғана ауылымның арқасында жеттім. Кейін ойлана келе, осы ауылда өсіп келе жатқан жастар үшін, ауыл тұрғындары үшін ең қажетті орындардың бірі — демалыс орталығын салып беруді жөн санадым. Орталықтың құрылысы мамыр айында басталды. Бүгінгі таңда ғимарат толықтай бой көтергенімен, орталық аумағында атқарар шаруалар жетерлік, — дейді кәсіпкер Самат Қалдығұлов.

Орталықтың ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Амангелді ауылының тұрғындарын демалыс орталығының ашылуымен құттықтап, кәсіпкерге өз алғысын білдірді.

— Мемлекет басшысы өзінің биылғы Жолдауында «Ауыл — ел бесігі» деген үлкен жобаны жария етті. Біз барлығымыз ауылдан шыққанбыз. Барлық тіршілік ауылдан басталады.  Өсіп келе жатқан ұрпақ ауылдың қадірін біліп, оның еліміз үшін қандай орны барын біліп өсуі керек. Бүгінгі кішкентай ғана ауылда жиналып жатқанымыздың негізгі себебі — осы.

Ақтөбе өңірі қашанда алдыңғы қатарда болуы тиіс. Біз, республикада бірінші болып «Ауыл — ел бесігі» жобасының аясында «Әр ауылға — бір қамқоршы» акциясын бастап отырмыз. Аталған акция аясында Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға ауылдан шыққан қалталы азаматтарды шақырамыз, — деді Бердібек Сапарбаев.

Бұдан соң облыс әкімі бастаған топ орталық аумағында бой көтерген «Асыл ана» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, орталық алаңына ағаш екті.

ИГІЛІКТІ ІСТЕР БҰЛАҒЫ

Форум жұмысын ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев алдымен шақыртуын қабыл алып, шараға арнайы келген Олимпиада чемпионы, меценат Жақсылық Үшкемпіровке өз алғысын білдірді.

— Жақсылық Әмірәліұлы — Кеңес заманы кезінде-ақ қазақ деген ұлттың барын дәлелдеген азамат. Ол тек қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы ғана емес, туған ауылына үнемі қолдау көрсетіп, көмегін беріп отыратын жомарт жүректі азамат. Оған Мемлекет басшысының «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беріп, «Алтын Жұлдыз» белгісін тағуы бекерден-бекер емес. Сондықтан бұл азаматты бүгінгі форумға арнайы шақырып отырмыз. Ауылды жақсы көретін азамат ретінде біздің ауылдың жігіттеріне қосымша жігер, қайрат, күш берсін деп арнайы шақырдық. Бір ауыз сөзімізді жерге тастамай, бүгінгі форум жұмысына қатысып отырған сізге үлкен алғыс айтамыз, — деді Бердібек Сапарбаев.

Бұдан соң бүгінгі форумның маңыздылығына тоқталған облыс әкімі ел азаматтарын ауылды көркейтуге өз үлестерін қосуға шақырды.

— Ауылдың өскені — елдің өскені. Қазір барлығының жағдайы жақсы. Тәуелсіздік алған 27 жыл ішінде барлығымыз аяғымыздан тұрдық. Осы ретте кәсіпкерлер мен кәсіпорын басшыларын да ерекше айтқым келеді. Оның барлығы, әрине, мемлекеттің, Мемлекет басшысының бізге жасап отырған көмегі мен қолдауының нәтижесі. Мемлекет тарапынан зор қолдау болмаса, кәсіпкерлердің де ісі өрге жүзбеген болар еді. Сондықтан еліміздің, ауыл-аймақтың өсуі жолында қолымыздан келгенінше көмегімізді аямауымыз қажет, — деген Бердібек Сапарбаев сөз кезегін Жақсылық Үшкемпіровке берді.

— Бүгін мен өзімнің бір арманымның орындалып жатқандығының куәсі болып тұрмын. Бұған дейін «Алтын жұлдыз» белгісін алу рәсімінде Мемлекет басшысына өзімнің бір арманым барын айтқан едім. Сонда менің аузыма мына бір сөз түскен: «Елімізде 5 жарым мың ауыл бар. Сол ауылға қол ұшын созар 5 жарым мың нағыз азамат болса, еліміз гүл-гүл жайнап кетер еді. Осы — менің арманым» дегенімде, Елбасы маған риза болып: «Әкелші қолыңды! Күресейік!» деп қалжыңдаған. Міне, арада көп уақыт өтпей, ауыл-елдің дамуына үлестерін қосып жатқан азаматтарды көзіміз көріп жүр.

Біз өзімізді өзіміз көтермесек, бізді ешкім көтермейді!  Ауылды көркейтудің шыңына алдымен өзіміз шығуымыз қажет. Біз шыңға шықсақ, кейінгі ұрпақ өзі-ақ ілеседі, — деді Жақсылық Үшкемпіров.

Айта кетейік, чемпион өзі туған ауылға жалпы спорт кешені мен мешіт, қолжетімді пәтер, балабақша салып беріп, ұзындығы 15 шақырым болатын газ құбырын жүргізіп берген.  

Форумның тағы бір қонағы «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Ләззат Шыңғысбаева өз сөзінде:

— Бүгінгі форумның облыс орталығында емес, шалғай жатқан ауылда ұйымдастырылуының өзі тарихи шара болып қалады. Бүгінгі шара Мемлекет басшысының берген тапсырмаларының уақтылы орындалып жатқандығының бір көрінісі, — дей келе, қоғамдық бірлестіктің жұмысына тоқталды.

Айта кетейік, жыл басынан бері Ақтөбе облысында ауыл-елді қолдау мақсатында бірнеше ауқымды жобалар іске асырылды. Бүгінде бизмесмендер тарапынан облыс ауылдарына 1,7 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілген. Мәселен, «АкТеп» ЖШС директоры Нұрлан Сағыналин Алға қаласындағы екі көшені жарықтандырып, 19 ауланы абаттандыруға және 40 ойын алаңын орнатуға 40 миллион теңге қаражат аударса, «Нектар» өндірістік кооперативінің басшысы Шамиль Каспранов 31 миллион теңгеге Тамды ауылындағы дәрігерлік амбулатория ғимаратына күрделі жөндеу жүргізді. Ал «Парижская коммуна ХХІ» ЖШС директоры Гайк Тертерян Есет батыр мемориалдық кешенін абаттандыруға 13 миллион теңге қаражат аударса, «Жақия» қайырымдылық қорының құрылтайшысы Жанболат Сәрсенов Аралтөбе ауылындағы спорттық және ойын алаңдарын салуға, мектепті материалдық-техникалық жағынан жабдықтауға 90 миллион теңге қаржысын жұмсады.

Сондай-ақ форум аясында әлеуметтік маңызды жобаларды облыстың 12 ауданындағы ауылдарда және Ақтөбе қаласында жүзеге асыру туралы меморандумдарға қол қойылды. Атап айтқанда, кәсіпкерлер Қобда ауданының Қаракемер ауылындағы 60 орындық мектептің, Әйтеке би ауданының Қарабұтақ ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның, Шалқар қаласындағы Жастар сарайының және тағы басқа 10 ауылдағы ғимарат құрылысын қаржыландыруды өз міндеттеріне алды. Форум барысында қол қойылған меморандумдардың жалпы сомасы — 524 миллион теңге.

Өңірде сондай-ақ «Ауыл — ел бесігі» жобасының бір бөлігі — «Әр ауылға — бір қамқоршы» акциясы аясында бүгінгі таңда 2 млрд теңге болатын 344 жоба жүзеге асырылды.

Ал 2019 жылы 323 кәсіпкердің қолдауымен 218 елді мекенде құны 2 млрд теңгеден асатын тағы 322 жоба жүзеге асырылатын болады.

Форум барысында «Жомарт жүрек» жобасының 6 номинанты марапатталып, Қазақстан Республикасының және оның астанасының қалыптасуы мен дамуына қосқан елеулі үлестері үшін «Астана 20 жыл» мерекелік медальдарымен бірқатар аудан әкімдері марапатталды.

***

Алға ауданына жасаған жұмыс сапары барысында облыс әкімі Қарабұлақ ауылында да болды. Бұл жерде облыс басшысы жергілікті мектеп-балабақшаның материалдық-техникалық базасымен танысып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Тұрғындармен кездесу танымал кәсіпкер, Ауған соғысының ардагері Марат Қойлыбаевтың қаржылай қолдауымен ашылған ауыл клубында өтті. Бұл игілікті іске кәсіпкер «Туған жерге тағзым» акциясы аясында 10 миллион теңге қаржы жұмсаған.

Бұдан өзге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Жақсылық Үшкемпіров «Ауыл — ел бесігі» жобасына сәйкес Тамды ауылында қайта жаңартылған дәрігерік амбулаториясында болды.  Амбулатория ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп берген — «Нектар» өндірістік кооперативінің басшысы Шамиль Каспранов. Енді мұнда Тамды, Еркінкүш және Талдысай ауылдарының тұрғындары да келіп, көріне алады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ,

Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button