Мереке

«Президент пырағы» — қаламда қалған қадамдар

«Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қадамдарын жасауға емес, жазуға қатысу міндеті мойнымызға артылғаны үшін де біздер — журналистер буыны бақытты шығармыз», — деп басталатын «Президент пырағы» атты кітаптың авторы, белгілі публицист Қайнар Олжайдың бұл еңбегі — Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жайында қазақ тілінде жазылған алғашқы кітап. 

Алғашқы сапар, бірінші репортаж

1994 жылы 100 мың данамен жарық көрген бұл кітап автордың Елбасымыздың 1991-1993 жылдардағы ресми сапарлары жайындағы репортаждарынан тұрады.

«Президент пырағы» — репортаждар кітабы. Негізінде менің әу баста кітап жазайын деген ойым болған жоқ. Тәуелсіздікке жетпей тұрған кез, яғни 1991 жылдың жазынан бастап «Егемен Қазақстан» газетінде Президент туралы мақалалар жазып жүрдім. Ол кезде бұл газетті Шерхан Мұртаза басқарды. Бұрын-соңды Президенттің қасына журналистер бірге еріп жүріп, мақала жазбайтын. Себебі  газетке бар болғаны сол кездегі «ҚазТАГ» ақпарат агенттігінің ресми материалдары ғана алынатын. Президенттің іссапарлары, Елбасы қатысқан шаралар туралы мақалалар жазу — қазақ журналистикасы үшін жаңалық болды. Ол жаңалықты бастаушылардың бірі мен болдым деп мақтанбай-ақ қояйын, бірақ сол маған бұйырыпты, — деп әңгімесін бастаған Қайнар Олжайдың бұл еңбегінде жарық көрген бірінші репортажы Елбасының 1991 жылдың 20-24 қыркүйек күндері Баку-Гәнжә-Степанакерт-Ереван-Железноводскіге жасаған сапарларынан тұрады.

«Президенттің ел ішіндегі және сырттағы сапарларынан газетке мақалалар бердім. Оның ішінде ең көрнектісіне тоқталсам, Елбасы сол кездегі Ресей президенті Борис Ельцинмен бірге 1991 жылдың қазан айында Қарабаққа барды. Бұл —  Армения мен Әзірбайжан арасында соғыс болып жатқан кез. Таулы Қарабақ автономиялы облысын әзірбайжандар «біздікі» деді, армяндар оны «біздің жеріміз болатын» деп басып алды. Екі республика ол кезде екі бөлек ел болып кеткен. Арасында соғыс басталып, оны Кеңес Одағы тоқтата алмады. Сонда Ресей президенті Борис Ельцин мен біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев соған арағайын болып, соғысты тоқтатуға барды. Сол сапарда Президент бір күн Бакуде, бір күн Ереванда болды. Үшінші күні Таулы Қарабақтың орталығы — Степанакерт қаласына келді. Ал төртінші күні Ресейдің Ставрополь өлкесіндегі Железноводск шипажайында бес жақты келіссөздер басталды. Аналар үшеу, яғни армян, әзірбайжан және Таулы Қарабақ, содан кейін Ресей мен Қазақстан. Осылай төрт күн Президентпен бірге жүріп, Таулы Қарабақ сапарынан үлкен репортаж жаздым. Бұл газеттің бірнеше нөміріне шықты», — дейді Қ.Олжай.

Автордың бұл еңбегінде Президенттің ішкі және сыртқы сапарларына арналған оннан астам репортаж жарық көрген.  «1994 жылы Президент туралы ешкім кітап жазбаған, кітап жазу туралы ешкімнің ойы да жоқ. Сол кезде маған «Атамұра» баспасынан хабарласып, «репортаждарыңызды жинақтап берсеңіз, кітап қылып шығарсақ» деген ұсыныс түсті. Сөйтіп, мен бұған дейінгі жазылған репортаждарымды жинап бердім. Әрине, бұған дейін Елбасымыздың «Әділеттің ақ жолы» атты өз кітабы жарық көрді. Бірақ ол кісі туралы жазылған қазақ тіліндегі бірінші кітап осы — «Президент пырағы», — деп әңгімесін сабақтай түскен кітап авторы еңбектің 100 мың данамен жарық көргенін, сол кездері Қазақстанның барлық аймақтарына, оның ішінде кітапханаларға кең көлемде таралғанын айтты. «Әрине, кітап болғаннан кейін оған форма керек болды. Мен әр репортаждың алдына соның ерекше бір оқиғасын бөліп беруді ұйғардым. Өйткені газеттегі репортажға енгізбесем де әдемі әңгімелер, күлкілі сәттерді қойын дәптеріме түртіп алып жүретін едім. Сапарлардағы сондай сәттерді  кітаптың әрбір тарауының басына бөлек беріп отырдым», — дейді.

Кітаптың алғашқы тарауындағы «Санадан кетпес сәт» деп аталатын бір оқиғаны автор былайша баяндайды: «Бес қаладағы келіссөздер мен кездесулер, жүздесулер мен жауаптасулар шаршатқан шақ еді. Төрт жыл соғысып жатқан жұртты төрт күнде тыншытудан қиын не бар. Тура қайтадан Алматыға аттанар алдында тілшілердің бірі «Сіз енді әзірбайжан әлде армян коньягін артығырақ көресіз бе?» деп сұрады. Астары түсінікті. Талайлар үшін мұндай сұрақ тығырық болмақ. Назарбаев тұйықта қалмады. Табанда тапқырлық танытты. Тілшінің Мәскеу басылымынан екенін байқай отырып: «Бізге қолайлысы орыс арағы емес пе», —  деп қалжыңдады. Әңгіме арақта, шарапта, коньякта емес, саясатта еді. Саясат болғанда қандай саясат десеңші…».

Берік қолда сақталған ту

Атыс астындағы Қарабақта, жарылыстардан Президент Жарлығынан кейін құлағы тыншыған Семей полигонында, ақ тұман бүркеген Англияда, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров самғаған Байқоңырда, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында, Ұлы қорғанның арғы жағындағы Қытайда және басқа жерлерден Қазақстан Президентінің сапарларынан жазылған репортаждардан  түрлі елдердің ерекшеліктерін, түрлі жерлердің жаңалықтарымен қоса, әлгіндей қызықты оқиғаларды жиі кездестіресіз. «1991 жылдың 1 желтоқсаны — ел тарихы үшін елеулі күн. Бұл күні жалпы халықтық Президент сайлауы өтті. Оған дейін Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Кеңестің тағайындауымен Президент лауазымын атқарды. Араға он күн салып, Президентті алғашқы ұлықтау рәсімі Алматыдағы қазіргі Республика сарайында өтті», — деп жазған автор осы бір тарихи сәтте орын алған әсерлі оқиға жайында айтып берді: «Алып сахнаның ауқымды шымылдықтары ысырылып, ар жақтан әскери оркестр көрінер сәтте «Апырай» десіп қалдық. Өйткені шымылдық одан бергі тұғырдағы Қазақстан Туына жанасып, бір дір еткізіп кеткен. Сол шымылдық қайта жабылғанда, күдігіміз дәл шығып, Туды қағып-ақ кеткені. Көлемді Ту сәл болмағанда беріде биік орындағы (тақ деп айтуға ауыз үйренбеген) Президентті жауып қала жаздады. Спортты күнделікті серік ететін сергек Нұрсұлтан Назарбаев шалт қимылмен, спортшыларыңыз қызығардай жылдамдықпен Туды құлатпай сақтап қалды. Сарай толы қалың жұрт сонда барып «уһ» деп дем алған. Ертесінде бір газет «Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Туын берік қолда сақтап қалды» деп жазды. Тура және ауыспалы мағынасында да ол газет дұрыс жазған. Біз Нұрсұлтан Назарбаев болашақта да Қазақстанның Туын құлатпай алып жүре берсін деген тілекті ғана қостық».

Шопанның сыйы

Содан кейін Тәуелсіздік күні жарияланды. Президенттің Ұлыбританияға жасаған алғашқы сапары кезінде біз әлі тәуелсіздік алмағанбыз. Кеңес Одағы аштық жағдайында тұрды, яғни 1991 жылдың қысынан шығатындай азық-түлік болмады. Азық-түлікті сырттан әкелу керек. Ол үшін сырттағы елдің көмегі керек. Сонда біздің Президентіміз, былайша айтқанда, Одақтың атынан Англияға барды деуге болады. Сол сапарында Елбасы  Маргарет Тэтчермен кездесті. Содан кейін Англия Кеңес Одағына көмектесетін болды. Президентіміздің Ұлыбританияға жасаған алғашқы сапарында да қасына еріп жүріп, содан репортаж жасадым.  Бұл Елбасымыздың тәуелсіздікке дейінгі жасаған сапарларының бірі еді. Тағы бір оқиға,  1991 жылдың қазан айының басында қазақтан шыққан бірінші ғарышкер Тоқтар аға Әубәкіров ғарышқа ұшты. Соны шығарып салуға Президент келді әрі сол кездегі ыдырап кеткен одақтың құрамында болған республикалардың басшылары да осы шараға шақырылды. Сол кезде Байқоңырға көптеген елдің басшылары келді. Байқоңырдың басында үлкен көрме болды. Тоқтарды шығарып салуға арналған үлкен жиналыс өтті. Мен Президенттің осы сапарында да журналистер құрамында болып, Тоқтар Әубәкіровті ғарышқа шығарып салу рәсімінен үлкен репортаж жасадым. Осындай репортаждарым әр кездері «Егемен Қазақстан» газетіне шығып жатты. 

Кеңес Одағы ыдырап, одан кейін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылды. Алматыда 1991 жылдың желтоқсан айының аяғында Кеңес Одағының ыдырауына байланысты декларация қабылданды. Сол декларацияға қол қою рәсімінен де репортаж жаздым. Оған Борис Ельциннен бастап көп елдің басшылары келді. Одан кейін әрі қарай Президент Ашғабад, Ташкент, Киев, Минск, Мәскеу секілді бірнеше қалаларға барды. Осылайша ТМД-ны құру процесі басталды. Содан кейін біздің Президентіміз қыс айында Монғолияға ресми сапармен барды. Қасында жүрдік. Ислам конференциясы ұйымының Пәкістанда өткен жиналысына қатысқан Елбасымыздың сол сапарынан жазылған көлемді репортаж «Президент пырағында» жарияланды.  Содан кейін біздің Президенттің ел ішіндегі бірнеше сапарлары болды. Оның ең маңыздыларының бірі Семей-Курчатов-Қарауыл сапарлары еді, — деген Қайнар Олжайдың «қырқыншы жылдардың соңынан бастап қазақ даласына адам айтып жеткізбес қасірет әкелген ядролық сынақ көмейін тоқсаныншы жылдардың басында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бітеді» деп басталатын көлемді репортажы басылған кітапта Елбасының маңызды сәттердегі фотосуреттері де көп берілген. Кітапта Абай еліндегі қарапайым шопанның Елбасыға «біз де бір ел едік, бауырымыз бір арғымақ мініп қайтсын» деген ниетпен үкілі боз арғымақты сыйға тартқаны туралы оқиға да кітапта көрініс тапқан. «Ішіміз езіліп кетті. Көзге ыстық жас тығылды. Тамағымыздан үніміз шықпай қалды. Қаншама қасірет тартып, қаза көріп отырса да, мәрттігін жоғалтпаған ел еді. Ел деген ең үлкен ұғымды, ең қасиетті кітапты дәл осы жерде оқығандай болдық…», — деп түйіндейді сөзін автор.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button