Басты жаңалықтарЭкономика

Он айдағы оң өзгерістер

Ақтөбе облысының  әлеуметтік-экономикалық дамуы  қарқынды.  Жыл басынан бергі 10 айда облыс экономикасының  өсімі 5 пайызға жетті. Ақтөбеде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмалары нәтижелі жүзеге асырылып келеді: ел дамуының негізгі стратегиялық құжаттары  — Елбасының халыққа Жолдаулары, әлеуметтік бағдарламалар, кәсіпорындарды жаңғырту мен цифрландыру аясында барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер артып отыр. Жаңа нысандар салынып, жұмыссыздық азайды, мемлекет пен жекеменшік серіктестігі аясында ірі әлеуметтік жобалар жүзеге асырылды, Балалар жылы шеңберінде жасалған жұмыстардың өзі бір төбе. Басқа салаларда да айтарлықтай алға ілгерілеушілік бар.

Астана қаласындағы Қазақстанның орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев журналистерге  облыстағы жыл басынан бергі атқарылған жұмыстарды баяндады.

  • Ақтөбе облысында қазір саяси-қоғамдық жағдай тұрақты. Жергілікті билік халықтың алдында  өзінің барлық әлеуметтік міндеттемелерін толығымен орындап отыр. Мемлекет басшысының берген тапсырмасы да толығымен орындалды.  Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер былтырғы жылмен салыстырғанда жоғары.  Атап айтқанда, өнеркәсіп өсімі 5,7%-ға жетіп,  1,5 триллион  теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілді. Өңір экономикасына  376 миллиард теңге  инвестиция тартылды. Бұл өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 13,6%-ға артық, — деді Б.Сапарбаев.

Ауыл шаруашылығы саласында да оң өзгерістер бар. Жыл басынан бері облыс шаруалары 193 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Елбасы тапсырмасына сәйкес, өңірде «ақылды» технологияларды енгізу, суармалы және егістік алаңдарын кеңейту, жаңа инновациялық жобаларды енгізу, өнім өндіру үлесін ұлғайту есебінен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары күшейтілді.

Атап айтқанда, өңірде Батыс Қазақстандағы бірегей мүйізбен емдейтін емханасы бар  марал өсіру фермасы, көкөніс өсіретін жылыжай кешендері, африкалық жайын өсіретін шаруашылық іске қосылды.

Ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес салалары да белсенді дамып келеді. Қазіргі таңда қоян, ара, бөдене және т.б. өсіретін 600-ден аса шаруашылық бар. «Болат ЛТД» ЖШС-ның таңқурай егетін алқаптарынан жыл сайын 150 тоннадан астам жидек жиналады, жуырда құлпынай өсіретін жылыжай іске қосылады.

Сондай-ақ, биыл асылтұқымды ірі қара 51%-ға — 28 мыңнан 42,3 мың мал басына дейін өсті. Суармалы жерлер алаңы облыс бойынша 41%-ға — 30,6 мың гектарға дейін, егістік жерлер15%-ға — 754,1 мың гектарға дейін кеңейді.

  • Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірге суармалы жерлерді қайта қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл әріптестік 2019 жылға қарай 40 мың гектар суармалы жерді тиімді айналымға енгізуге мүмкіндік береді, — деді Б.Сапарбаев.

Шағын және орта бизнес саласында 54 мың субъект жұмыс істеп жатыр, яғни өткен жылмен салыстырғанда 6,4 пайызға артқан. Алғашқы жартыжылдықта 371,5 миллиард теңге көлемінде қызмет көрсетіліп, тауар өндірілген.

Әлеуметтік жағдайдың тұрақтылығы халықтың баспанамен, жұмыспен қамтылуымен де айқындалатыны белгілі. Осы ретте Ақтөбеде бүгінге дейін 600 мың шаршы метр тұрғын үй пайдаланылуға берілген. Былтырғы осы мерзіммен салыстырғанда бұл көрсеткіш  6,5 пайызға өсіп отыр. Жыл аясына дейін жалпы алғанда 900 мың шаршы метр тұрғын үй пайдаланылуға берілмек.

Экономика өсімі мен әлеуметтік тұрақтылық жұмыссыздық деңгейін 4,8%-дан 4,7%-ға төмендетуге мүмкіндік берді. 18,5 мың жаңа жұмыс орны құрылды.

Бердібек Сапарбаев сондай-ақ, Президенттің ең төменгі еңбекақыны көтеру туралы тапсырмасына сай облыста экономиканың барлық секторларындағы еңбекақыға қатысты ағымдағы жағдайды сараптайтын арнайы топ құрылғанын айтты.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, қазір ең төменгі жалақы алатын тұрғындарға қатысты талдау жасадық. Біздің жобамыз бойынша келесі жылдың қаңтарынан бастап кем дегенде 77 мың адамның жалақысы өсуі керек. Мәселен, білім беру саласында 25 мыңнан астам педагог-тәрбиешілер мен кіші техникалық қызметкерлердің еңбекақысы орташа алғанда 48,6 мың теңгеге дейін көтеріледі деп күтіліп отыр. Жалпы, жалақыны көтеру туралы барлық кәсіпорындармен меморандумдарға қол қойдық, осы құжатқа сәйкес, жыл сайын жалақы көлемі кемінде 5-10 пайызға өсіп отыратын болады, — деді облыс әкімі.

Өңірде құны 55,8 млрд теңге болатын 15 жоғары технологиялық инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 1300 жаңа жұмыс орны құрылды. Ірі жобалардың ішінде Байғанин ауданының Қожасай кен орнындағы құны 33 млрд теңге болатын «Gas Proсessing Company» ЖШС газ өңдеу кешенінің құрылысы бар. Ол ілеспе газды өңдеуді арттырып, тауарлы газды, газ күкіртін, пропан-бутан қоспасын өндіруді игеруге және ілеспе газды алау арқылы жағу проблемасын шешуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ алтын өңдеу комбинаты, керамикалық плиталар мен құрылыс материалдарын шығаратын зауыттар, «А» класты логистика орталығы мен басқа да жобалардың құрылысы жүріп жатыр.

Мемлекет пен жекеменшік серіктестігі аясында да ірі жобалар жүзеге асырылып келеді.

  • Соңғы үш жылда осы салада қарқынды жұмыс істеп жатырмыз. Былтыр бюджеттен тыс 29 миллиард теңге жұмсалса, биыл ол 32 миллиард теңгеге дейін көбейіп отыр. Ол, негізінен, әлеуметтік салалар, оның ішінде спорт, мәдениет, білім салаларына қатысты құрылыстар. Цифрландыру бағдарламасы аясында да ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясы қаржысы есебінен құны 2 миллиард теңге тұратын ІТ-орталық салынып жатыр, ол алдағы жылы пайдаланылуға беріледі, екінші ірі жоба — Ақтөбе қаласының геопорталы. Сонымен қатар интернет жылдамдығын арттыруға байланысты «Қазтелеком» компаниясымен жұмыс істеп жатырмыз, денсаулық саласында да осындай жобалар бар, — деді облыс әкімі.

Елбасының тағы бір маңызды тапсырмасы — кәсіпорындарды технологиялық жағынан жаңғырту. Осы бағытта Ақтөбе облысында 55 кәсіпорында жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жаңа инновациялық технологияларды енгізу үшін 85 миллиард теңге қаражат бөлінген.

Өңірде Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, коммуналды қызметтер тарифтерін төмендетуге қатысты жұмыстар да назардан тыс қалып жатқан жоқ.  Прокуратура органдары мен монополияға қарсы қызмет коммуналды саладағы монополистер қызметінің заңдылығын қадағалап отыр.

  • Елбасы тапсырмасына сәйкес, өңірде мемлекеттік органдардың, монополияға қарсы қызмет пен прокуратура органдары өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобы құрылды. Басты мақсат — әрбір тарифтің өзіндік құнын жете зерттеу, кәсіпорындардың артық шығындарын алып тастау, осылайша қызметтердің ақырғы құнын халық үшін төмендету. Мұндай жұмыстар коммуналды қызметтердің барлық түрлеріне жүргізіліп жатыр, — деді Б.Сапарбаев.

Осылайша, бүгінгі күні «Ақтөбеэнергоснаб» ЖШС-ның 2016-2017 жылдардағы қызметінде 314,49 млн теңге сомасында негізсіз табыс анықталды. Нәтижесінде, осы жылдың 1 қарашасынан бастап тұрғындар үшін электр энергиясы тарифі  7%-ға төмендетілді. Сондай-ақ 2019 жылдын басынан бастап газбен жабдықтау тарифі — 12,6%, жылу мен ыстық су — 3,7%, салқын су  1,5%-ға дейін төмендетілмек. Ал көмір бағасы 15 пайызға дейін арзандамақ.

Экономиканың дамуы өңірлердегі көлік инфрақұрылымына тікелей байланысты. Ел экономикасының локомотиві саналатын Ақтөбе облысында аталған салада ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сондай ірі жобалардың қатарында Астана-Ақтөбе-Атырау-Астрахань, Ақтөбе-Орск, Ақтөбе қаласындағы оңтүстік айналма, Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Соль-Илецк, Дөң-Никельтау-Бадамша автокөлік жолдарының учаскелеріндегі жөндеу-құрылыс жұмыстары бар. 

  • Ақтөбе облысы Қазақстанның негізгі көлік және транзиттік тораптарының бірі, сондықтан көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылады. Биыл облыс жолдарын салуды және жөндеуді қаржыландыру бір жарым есе өсті. Барлығы 37,5 миллиард теңге бөлінді. Осы қаражатқа 400 шақырым автокөлік жолы жөнделіп, салынды, бұл 2017 жылға қарағанда жүз шақырымға артық, — деді облыс әкімі.

Ақтөбе қаласында жөнделген жолдардың жалпы ұзындығы — 27,6 шақырым. Осы жылы Ақтөбеде көлік саласында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, екі айналма жол айрығы бар туннельді өтпежол ашылды. Сазды өзені арқылы өтетін көпір мен Ақтөбе ферроқорытпа зауыты ауданындағы Ақтөбеден шығып кететін жолда өтпежол салынды. Құны 2,1 млрд теңге болатын жобаны жүзеге асыру өткен жылдың маусым айында басталған болатын. Ұзындығы 67 метр болатын өтпежол қаланы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізімен жалғап, сонымен қатар, көліктердің Ақтөбе-Мәртөк автокөлік жолында теміржол жолдарынан кедергісіз әрі қауіпсіз өтуін қамтамасыз етті.

Ақтөбе облысында Президенттің бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру шаралары қабылданып жатыр. Соның аясында 24 мың ақтөбелік баспана мәселесін «7-20-25» бағдарламасы бойынша тиімді шарттармен шеше алады. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтар үшін аталған бағдарлама бойынша алғашқы жарна 20%-дан  10%-ға төмендетілді. 90 мың ақтөбеліктің салық жүктемесі төмендетіліп, еңбекақылары 9% өсті. Кем дегенде 8 заманауи жатақхана салу жоспарланып отыр, қосымша 2 мың грант бөлінді. Шағын несиелеуге қосымша 2 млрд теңге бөлінді.

Биыл Ақтөбеде Балалар жылы аясында өткен «Бақытты бала» жобасын жүзеге асыруға 4 млрд теңге бөлінді. Бұл бастаманы Білім және ғылым министрлігі, отбасы және балалар мәселелерімен айналысатын халықаралық ұйымдар мен қайырымдылық қорлары қолдады.

  • Жоба Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасында жинақталған тапсырмаларына негізделген. Көптеген маңызды әлеуметтік бастамалар жүзеге асырылды. Басты мақсат — балаларға, олардың интеллектуалды, физикалық, рухани және адамгершілік дамуына жағдай жасау. Келесі жылы жоба Елбасы жариялаған Жастар жылының аясында жалғасады. Жобаны жүзеге асыруға 4 миллиард теңге бөлінді. Бұдан басқа демеушілік көмектер тартылды. Нәтижесінде, аз ғана уақытта Ақтөбе облысында еліміздегі алғашқы жыл бойы «Күншуақ» сауықтыру инклюзивті лагері, бюджеттен тыс қаражатқа аутизммен ауыратын балаларға арналған орталық, түзету балабақшасы, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығы, жыл бойы «Әсем» оқу-танымдық орталығы ашылды, — деді облыс әкімі.

Бұдан басқа, 36 мектепке дейінгі ұйым, 177 спорттық және ойын алаңдары, хоккей корты, жазғы аквапарк, мұз айдыны, теннис орталығы пайдалануға беріліп, жеңіл атлетикалық манеждің құрылысы жалғасып жатыр.  Облыста 25 IT-класс ашылып, мектептер 24 3D-принтермен, 27 робот техникасының жиынтығымен, 28 эксклюзивті фокус-проектормен жабдықталды.

Б.Сапарбаевтың айтуынша, облыста 120 мың оқушы жазғы демалыстармен қамтылды, оның ішінде 17 мың бала Қазақстанның киелі және көрікті жерлеріне туристік сапарларға шығып, 11 мыңнан астам дарынды бала Ресей, Татарстан, Қытай, АҚШ және Малайзия елдеріндегі ең жақсы жазғы демалыс және білім беру лагерьлерінде болды.

— Жобаның басты мақсаты  — жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға толық қолдау көрсету. Нәтижесінде жыл басынан бері кәсіпорындар мен мемлекеттік органдар балалардың ҚТҚЖБ-дағы жинақ есепшоттарын 80 миллиард теңгеге толықтырды. 81 жетім балаға жаңа пәтерлер мен үйлердің кілттері табысталды.

Экстремизм мен терроризмнің алдын алу және оларға қарсы іс-қимыл шаралары қабылданып жатыр.  Қазіргі таңда өңірдегі діни ахуал тұрақты. Үш жылдың ішінде «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы бойынша жеті маусым өткізіліп, соның барысында 560 мың адамды қамтыған және 17,5 мың ақтөбелікке нақты көмек көрсетілген 11 мыңға жуық іс-шара ұйымдастырылды.

Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндағаннан кейін облыс әкімі журналистердің сұрақтарына жауап берді. Б.Сапарбаев орталық коммуникация қызметінің өкілі Динара Доспанның Ақтөбе облысында жұмысшыларға жалақының уақтылы берілмеуі туралы ақпаратқа қатысты сұрағына пікірін білдірді:

  • Біз бұл мәселені әрдайым бақылауда ұстаймыз. Себебі жалақы уақытында берілуі тиіс. Қазіргі таңда Ақтөбеде жалақыдан қарыз жоқ. Банкротқа ұшыраған кәсіпорындар мен шаруашылықтардың 67 миллион теңге көлемінде қарызы бар. Қазір бұл мәселені шешуге қатысты арнайы жұмысшы тобы мен комиссия құрылды. Олар қарыздарынан құтылуы тиіс. Бұған қатысты ешқандай мәселе болмайды, — деді облыс әкімі.

Тілшілер облыстың ғана емес, тұтас қазақтың мақтанышына айналған Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына облыста қаншалықты қолдау көрсетіліп жатқанын сұрады.

  • Димаш — біздің мақтанышымыз. Ақтөбеде Димаштың қатысуымен «Бақытты бала» фестивалі өткізілді. Оған әлемнің 24 елінен келген балалар қатысты. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған Димаштың кейбір фанаттары оның өнерін тамашалау үшін арнайы Ақтөбеге келді. Димашпен біз келістік, ол жыл сайын өңірде өткізілетін фестивальге қатысатын болады. Алдағы жылы Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған шаралар өткізіледі, бұл той барысында да Димаш өнер көрсетеді деп жоспарлап отырмыз, — деді облыс әкімі.

Ақпарат және коммуникация министрлігі орталық коммуникация қызметінің бас сарапшысы және модераторы Шыңғыс Ильясов әлеуметтік желілерге түскен сұрақтарды оқып берді. Онда қыркүйек айында қоғамдық көліктегі билет бағасының 55 теңгеден 80 теңгеге артқаны, осы саладағы сапа мәселесіне қатысты сұрақ қойылған.

—  Соңғы екі жылда жаңа 100 автобус алынды. Бүгінде қалада қоғамдық көлік саласында екі мекеме жұмыс істейді. Тариф өскеннен кейін бұл екі мекемеге автобус санын көбейту, электронды билет жүйесін енгізу, көлік жүргізушілерінің тәртібін қадағалау, бір сөзбен айтқанда, осы саладағы қызмет көрсету сапасын арттыруға тапсырма берілді, — деді облыс әкімі.

Тілшілер Байғанин ауданы Жаңатаң ауылынан жеті шақырым жерде мұнай қалдықтарын төгетін өндірістік полигон бар екенін, ауыл тұрғындарының осы полигоннан зардап шегіп отырғанын, осы мәселенің, жалпы облыстағы экологиялық мәселенің жайын сұрады. Облыс әкімінің айтуынша, бұл полигон елді мекеннен 7 шақырым қашықтықта орналасқан, қазіргі кезде ол жерде қалдықтарды өңдеу үшін арнайы құрылғы орнатылып жатыр, өңірдегі ірі мұнай компаниялары да осындай ірі экологиялық жобаларды жүзеге асырып жатыр.

Журналистер «Ақтөбе» футбол командасының сенімділік басқаруға берілгеніне,  оның болашағына алаңдаулы екендіктерін де айтты. Облыс әкімінің айтуынша, бүгінде футбол командасы сенімді қолда. Команданы Самат Смақов жеті жылға сенімді басқаруға алған. Бүгінде облыста футбол академиясы құрылды. Бұндағы мақсат — балаларды футбол спортына жастайынан баулып, өз командамызға спортшыларды сырттан шақырмай,  жергілікті жерден жинақтау.

27-28 қараша күндері Ақтөбеде азаматтық форум өткізілді. Елбасының қатысуымен болған бұл шарада қарттар мен жетімдер үйіне байланысты мәселелер айтылған-ды. Осы ретте журналистер Алға ауданындағы жетімдер үйінің жабылғанын тілге тиек етті.

  • Мемлекет басшысының басты ұстанымдарының бірі сол — елімізде мүмкіндігінше жетімдер үйі, қарттар үйі деген болмауы тиіс. Әр баланың ата-анасы болуы тиіс. Еліміздің экономикасының дамуына байланысты жыл сайын жетім балалар азайып келеді. Үш жыл бұрын Алға ауданындағы жетімдер үйінде 400-ден астам бала болды, бүгінде оның 11-і қалды. Қазір ол 11 баланы Ақтөбе қаласына алып келіп, орналастырдық. Облыста «Мейірім» акциясы қолға алынды. Бұл акция аясында бала, демеуші, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арасында келісім жасалады. Осы келісімге сай қамқоршысы баланың шотына ақша салып тұрады, ол — баланың үй алуына үлкен көмек. Менен бастап барлық мемлекеттік қызметкерге бекітілген балалар бар. Осыдан бір жарым жыл бұрын «Сәби» қоры мектеп, оқу орындарын бітірген жетім балаларға арналған  4 корпусы бар орталық салып берді. Бұл жерде балалар 29 жасқа дейін тұра алады, — деді облыс әкімі.

Белгілі журналист Қайнар Олжай облыстық «Актюбинский вестник» газетінің 100 жылдық тойы тұсында атқарылып жатқан істерге қатысты облыс әкімінің пікірін сұрады.

  • Қазақстанда 100 жылдық тарихы бар газеттер аз шығар. Соның бірі — біздің облыстық «Актюбинский вестник» газеті. Қазір осы мереке тұсында 180 миллион теңге қаражат қаралып, бос тұрған ғимарат күрделі жөндеуден өткізіліп, Баспасөз үйі ретінде қайта ашылды. Баспасөз үйінде белгілі журналистер Гүлназ Әлімгерей мен Нұрділдә Ораздың медиа мектебі ашылады, —  деді облыс әкімі. Сондай-ақ облыс әкімі өңірдегі жақсы жаңалықтардың жаршысы һәм тұрғындар мен билік өкілдері арасында алтын көпір болып жүрген журналистерге алғысын білдірді.
  • Алдағы уақытта да халықтың игілігі үшін журналистермен бірігіп жұмыс істеуге дайынбыз. Өздеріңіздің әріптестеріңіз, Ақтөбе облысының ақпарат саласында қызмет етіп, бүгінде Астана қаласында Ақпарат және коммуникация министрлігі орталық коммуникация қызметінің бас сарапшысы және модераторы болып жұмыс істеп жүрген Шыңғыс Ильясовқа, басқа да журналистерге алғысымды білдіремін, — деді облыс әкімі.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ,

Астана.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button