Рухани жаңғыру

Ерлік пен елдіктің тамыры

Ел рухын көтерген мақала

Ғалымжан БАЙДЕРБЕС,

«Қос шынар» Әлия-Мәншүк қоғамдық бірлестігінің төрағасы,

Ақтөбе облысының Құрметті азаматы.

Елбасының «Ұлы даланың жаңғыруы» атты мақаласы әр адамның ойын оятты. Бұл мақала Мемлекет басшысы бұған дейін көтерген рухани жаңғыру мәселесінің заңды жалғасы. Бірімен-бірі тығыз сабақтас тақырыптар. Ең әуелі адам рухани жаңғырмаса, ұлт, мемлекет, ұрпақтар сабақтастығы, дін, дәстүр мен салт мәселесіндегі көп жайларды ұғына бермеуі мүмкін. Сондықтан Елбасы қоғам мүшелерін бірінші кезекте рухани жаңғыруға шақырып, енді ұлы даланың жеті қырын алға тартып отыр. Мақалада ұлы даланың жеті қыры туралы кең айтылған. Мен бұл мақаладан қоғам мүшелерін тәрбиелеудің, өз тарихын білуге, ізгілікке үйретудің бір тәсілін көремін. Сонымен бірге, бұл қоғамның күрделі бір кезеңнен шығатын жолы деген дұрыс болар.

«Ұлы даланың жеті қырында» көп нәрсе айтылған. Соның ішінде менің қоғамдық қызметіме, «Қос шынар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі ретінде байланыстысы, бір сүйем жерін жауға бермеген халқымыздың ерлік істері, батырлық жолы, патриоттық сезімді қалыптастыру туралы айтқандары.

Қазақтың жүздеген батырларын таңнан таңға ұрып, жатқа айтып жырлайтын эпостар — батырлар жыры біз бен қырғыздан басқа қай ұлтта бар. Таяуда қалада біздің бірлестік «Батырлар жыры — жастар жыры» деген тақырыпта байқау өткізді. Оған қаланың 64 мектебінен 770-тің үстінде оқушылар қатысты.

Көп жағдайда қазіргі шақта телехабарларда ұлттың рухын көтеретін байырғы ән-күйлеріміз, батырлар жыры сынды қазыналарымыз көрсетіле бермейді. Оның орнын адам түсініп болмайтын, арзанқол, эстрадалық әуендер жайлап барады. Осындай пәтуәсі жоқ әуеннің орнына батырлар жырын неге айтпайды? Демек, Елбасымыздың мақаласындағы «…қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі музыкалық аспаптарымен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасын — «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару қажет» деген жолдары көңілге қонады.

Президенттің батырлықты, ерлікті ту етіп көтеруге шақырған ұстанымдары менің жүрегімізге жақын. Шамам келгенінше бұған өзімше үлес қосып келемін. 2010 жылы «Ұлы даланың батыр қыздары» кітабын баспадан шығарды. Аты айтып тұрғандай мұнда арғы-бергі замандарда қазақ даласынан шыққан ұлтымыздың батыр қыздары топтастырылды.

Елбасының осындай өткенімізді, атақты тарихи тұлғаларымызды ұмытпай, қадірлеуге шақырған ұсыныстары бәрімізге ой салуға тиіс.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button