Денсаулық

«Қазір көптеген күрделі операциялар Ақтөбенің өзінде жасалады»

«Денсаулық сақтау нысандарын салу және жабдықтау, кадрларды даярлау, салауатты өмір салты жөніндегі мемлекеттік шаралар кешені 2020 жылға қарай ана мен бала өлімін екі есе төмендетіп, жалпы өлімді отыз пайызға азайтып, туберкулезбен ауруды 20 пайызға қысқартуы тиіс».

Елбасы Жолдауы жолдарынан.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында көрсетілген елімізде өлім-жітімді азайтып, халық денсаулығын нығайту мақсатындағы шаралар кешені қатарында денсаулық сақтау нысандарын салу және жабдықтау мәселесі ең алдымен аталады. Расында да, соңғы жылдары елімізде денсаулық сақтау нысандары жаппай дерлік заманауи, мүмкіндігінше озық үлгідегі техникамен, құралдармен жабдықталып жатыр.

Оның бір мысалы — облысымыздағы жедел жәрдем ауруханасының бүгінгі жай-күйі.

…Есімізде: Елеусін Сағындықов облысымызға басшы болып келген тұста нақ осы аурухананы журналистермен бірге аралап, аурухана ұжымымен, емделушілермен кездескен еді. Сонда бұрынғы облыстық клиникалық аурухана базасында құрылған бұл емдеу орнына соңғы 15 жыл ішінде бірде-бір диагностикалық аппарат алынбағаны, ондаған жылдар бойы күрделі жөндеу жүргізілмегендіктен, басқасын былай қойғанда, екі корпустың мүлдем істен шыққаны айтылған болатын.

Жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері, медицина ғылымдарының канидаты Сәубет Келімбердиевпен әңгімені сол кездесуден кейінгі өзгерістерден бастадық:

— Ол 2004 жылдың жазы болатын. Ал келесі, 2005 жылдан бастап, жыл сайын дерлік ауруханадағы жөндеу жұмыстарына бюджеттен 100-150 миллион теңге шамасында қаражат бөлініп, аурухананың корпустарында, сыртқы бөлігінде жөндеу жұмыстары тоқтамай жүріп жатыр, су, жылу жүйелері ауыстырылды. Айталық, өткен жылы жөндеу жұмыстары үшін 123 миллион теңге жұмсалып, перзентхана, терапия бөлімінің екінші корпусы және қабылдау бөлімшесінде жөндеу жүргізілді. Талапқа сай, перзентханадағы ауа температурасы 28 градус жылы болуы тиіс. Бұрын соған жеткізе алмаушы едік. Жөндеу жұмыстарынан кейін осы жағдай реттелді. Ал биыл тағы да төрт бөлім мен әкімшілік корпусы жөндеуден өтеді. Бұл үшін «Жол картасы» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен — 75 миллион теңге, ал жергілікті бюджеттен 33 миллион теңге қаржы қарастырылған. Бұған қоса өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстар үшін қосымша 7,5 миллион теңге бөлініп отыр, — дейді Сәубет Молбайұлы.

— Аурухананың материалдық-техникалық базасын жетілдіру бағытында да үлкен жетістіктер бар екенін білеміз. 2005 жылы мұнда — компьютерлік томограф, ал 2006 жылы магниттік-серпіндік томограф жұмыс істей бастағаны жөнінде жұртшылықтан сүйінші сұраған болатынбыз. Ал соңғы жылдардың жаңалықтарына тоқталсаңыз…

— Материалдық-техникалық базаға келсек, расында да, көне аппараттар, құрал-жабдықтар жаппай жаңа, озық үлгідегі дүниелерге ауыстырылып жатыр. Айталық, бүгінгі күні перзентхана бөлімі материалдық-техникалық жабдықталуы жағынан тиісті нормативке 70-80 пайыз мөлшерінде жуықтап отыр. Соңғы уақытта бұл бөлімге 3 инкубатор, рентген аппаратын, ана мен бала денсаулығы көрсеткіштерін бақылайтын монитор, басқа да көптеген құрал-жабдықтар алынды. Жалпы, соңғы жылдары ауруханамызға жаңа автоклавтар, ультрадыбыстық зерттеу аппараттары, 5 шұғыл түрде наркозбен демалдыру аппараты, эндобейнехирургия саласына қажетті лазерлік аппарат, буын ауруларын анықтап-емдеу мақсатында пайдаланылатын артроскоп, жасанды бүйрек аппараттары (гемодиализатор), басқа да көптеген құрал-жабдықтар алынды. Олардың ішінде, мысалы, жасанды бүйрек аппаратары Ақтөбеде екі ғана емдеу орнында бар: оның біреуі — осы біздің аурухана болса, екіншісі — жекеменшіктегі емхана. Жеке емхана көмегіне жүгінуге кез келген жанның шамасы келе бермейді. Ал біздегі үш аппарат арқылы ай сайын 18-20 адамға көмек көрсетіледі. Расына келгенде, бұл аздық етіп жүрген  еді. Енді жақында тағы да осындай аппараттың оны алынады. Сөйтіп, бүйрек жетіспеушілігі дертіне шалдыққан жандарға он үш аппарат арқылы тегін жәрдем көрсетуге мүмкіндік туғалы отыр. Науқастар үшін бұл үлкен көмек болмақ. Егер өткен жылы ауруханамызға 150 миллион теңгенің құрал-жабдықтары алынған болса, биыл тағы да 134 миллион теңгеге жуық қаржыға жаңа аппараттар, түрлі жабдықтар алынады. Солардың арасында, айталық, буын эндопротездері бар. Биыл 10 эндопротезге тапсырыс берілген. Бұлар — америкалық сапалы дүниелер. Ал алдағы жылы тапсырыс көбірек беріледі деген ойдамыз.

Осы жөндеу жұмыстары, материалдық-техникалық базаның жетілдіруі нәтижесінде жаңа бөлім — бет-жақ хирургиясы бөлімін ашуға мүмкіндік туып отыр. Бұрын бет-жақ хирургиясына қатысты көмектер қала сыртындағы Жаңақоныс ауылында орналасқан ауруханада көрсетілетін. Ал бұл қосарланған жарақатқа ұшыраған науқастар үшін өте тиімсіз еді. Ауру адамды әрлі-берлі апарып-әкеліп жүруге тура келетін. Енді барлық көмек осы аурухананың өз ішінде көрсетіледі.

— Жаңа үлгідегі аппараттар алынып жатыр. Бірақ сол аппараттардың «тілін тауып», жұрт пайдасына асыратын мамандар жеткілікті ме?

— Аппараттар сапалы дүниелерімен аты шыққан, белгілі фирмалардан сатып алынады. Олармен келіссөз жүргізгенде, біздің тарапымыздан бір маманымызды жұмыс істеуге үйретіп, оқытып беру жөнінде шарт қойылады. Сонымен бірге, мамандарымызды Астанаға, шет елдерге — тиісті аппаратты бұрыннан пайдаланып келе жатқан емдеу мекемелеріне жіберіп те оқытамыз. Өткен жылы мамандарымыз осындай мақсатпен Астанада, Израильде, Балтық бойында оқыды. Бізде маман тапшылығы себепті жұмыс істемей тұрған аппараттар жоқ.

— Үстіміздегі жылдан бастап денсаулық сақтау саласы Бірыңғай ұлттық жүйеге көшірілді. Бұл сіздердің жұмыстарыңызға қандай өзгерістер әкелді?

— Бұл жүйенің бір ерекшелігі — бұрын белгілі бір емдеу мекемесіне бюджеттен бөлінген қаржы қайткенде де тиесілі болса, енді ол қаржыны өзің еңбекпен табуға міндеттісің. Бұл, әрине, дәрігерді, еңбек ұжымын өз ісіне барынша жауапкершілікпен қарауға ұмтылдырады. Ал бұдан ұтатын кім? Науқас адам.

Бұрын бір науқасты емдеп-жазуға белгілі мөлшерде қаржы бөлінетін. Айталық, орта есеппен әр науқасқа — 39 мың теңге. Әйткенмен кейбір ауыр дертке шалдыққан жандарды емдеу бұдан бірнеше есе қымбатқа түседі. Өте қымбат антибиотиктерді пайдалануға тура келетін кездер болады. Сондайда бір науқас үшін, 39 мың теңгенің орнына 150-200 мың теңге жұмсайсың. Ал тіпті бір шишасының өзі 150-200 мың теңге тұратын, одан да құнды дәрілер бар. Сол жағы бұрын ескерілмейтін. Қазір қандай дәрі пайдаландың, қанша рет пайдаландың, оның құны, науқасқа тигізген пайдасы қандай — қаржы бөлінгенде соның барлығы есепке алынып, ескеріледі. Жаңа жүйенің тағы бір тиімді жағы осы — бәрі көрініп тұрады.

— Соңғы кезде елімізде дәрігерлердің кәсіби деңгейіне байланысты сын көп айтылып жүр. Бұл, әсіресе, жас мамандарға қатысты… 2009 жылдың соңында Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізу мәселесіне орай өткен үлкен жиындардың бірінде бір егде дәрігердің: «Жасыратыны жоқ, ертеңгі күні өзіміз ауыра қалсақ, кейінгі жастардың емдей алатынына күмәндімін» — дегені бар еді. Бұл пікірге сіз не айтасыз?

— Бұл өте үлкен мәселе екені рас. Медициналық оқу орындарында оқитын жастардың бәрі бірдей дәрігер болайын деп ниеттеніп жүрген жоқ. Өйткені дәрігер болу — өте жауапты жұмыс. Біз ауылға дәрігер жетіспейді дейміз. Ал қалада қалатын жастардың өзі дәрігер болуға, соның ішінде де, реаниматолог, кардиолог, неонатолог секілді мамандықтарды таңдауға жүректері дауалай бермейді. Жастар әрі жеңіл, әрі табысы да жоғары жұмыстарды қалайды, сөйтіп, басқа салаларға кетіп жатады. Біз Ақтөбедегі медициналық университет студенттерімен бірге жұмыс істейміз. Солардың арасында болашақ мамандығына шын ниеті бар жастарды таңдап, өзімізге жұмысқа шақырамыз. Ешкім де бірден мықты дәрігер болып шыға келмейді. Тек өз ісіне шын ниетімен берілген адам ғана тәжірибе жинай жүріп, үйрене жүріп, нағыз маманға айналады.

— Ал өзіңіз бұл салаға қалай келдіңіз?

— Мектеп бітірген тұста мен осы Ақтөбеден алысқа кеткім келмеді. Ол кезде мұнда екі ғана жоғары оқу орны бар болатын: педагогикалық және медициналық институттар. Яғни, таңдауды осы екі мамандықтың біріне ғана жасау керек. Ойлана келе, адамдарға, өмірге жақынырағы — дәрігер болу деп шештім. Оның ішінде хирург болудың жөні бөлек: жүруге де шамасы жоқ талай адамның аяғынан тік тұрып кетіп жатқанын — өз ісіңнің нәтижесін күнделікті көзбе-көз көріп отырасың. Институт бітіргеннен кейін еңбек жолымды осы ауруханадан бастаған едім. Кейін Мәскеуде аспирантурада оқыдым. Бірнеше жыл облыстық денсаулық сақтау басқармасында істедім. Бірақ қашан да негізгі жұмысымнан қол үзгенім жоқ. Денсаулық сақтау басқармасында жүрген кезімде де әрдайым аудандарды аралап, әсіресе, күрделі операцияларға қалайда баруға тырысатынмын. Қазір де аптасына кемінде 1-2 операцияға қатысамын. Жалғыз мен ғана емес, бүгінде академик, профессор болып отырған ақтөбелік тәжірибелі хирургтердің көпшілігі өз ісінен қол үзген жоқ, әсіресе, қиын жағдайларда жастарға кеңесші ретінде көмекке келуге, білмегенін үйретуге әзір. Қазір Ақтөбе хирургтері көптеген күрделі операцияларды игеріп алды. Бұрын қиын жағдайға тап болған науқас көбіне Алматыға жіберілетін. Қазір Алматыда жасалатын операция түрлерінің 99 пайызы дерлік осында істелетін болды және нәтижелері де жаман емес.

— Ал қиын жағдайлар жылдан-жылға көбейіп отырған болар? Өйткені қазір миға қан құйылу, жүрек дерті, қатерлі ісік секілді ауыр жағдайлар тіпті жап-жас адамдардың да басында бар. Жалпы, соңғы кезде неге ауру-сырқау көп? Дәрігер ретіндегі сіздің көзқарасыңызды білсек?

— Бұған қысқа түрде жауап беру қиын. Өйткені мұның себептері көп: экология; ақпараттар тасқыны; нашақорлық, басқа да зиянды әдеттер; тамақ құрамында жасанды қоспалардың шектен тыс көптігі (мысалы, кейбір колбаса өнімдерінің құрамы 90 пайыз жасанды қоспалардан тұрады); су құрамындағы зиянды заттар… Тіпті қазір мектеп жасындағы балалардың өзі бірнешеуін ұстап жүрген ұялы телефондардың денсаулыққа зияны жөнінде де аз айтылып жатқан жоқ. Шетелдік зерттеушілер ұялы телефондардың, әсіресе, миға зияны көп десіп жүр. Ал мұның бәрін біз ескере бермейміз.

Әңгімелескен Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Ауруханада ауыр бүйрек дертіне шалдыққан жандарға үш жасанды бүйрек аппараты арқылы көмек көрсетіліп отыр. Жақында тағы да он аппарат әкелінеді. Бұл осындай аппарат көмегіне зәру ақтөбеліктердің жағдайын әлдеқайда жеңілдетеді.

***

Жедел жәрдем ауруханасы —  485 кереуеттік аурухана. Мұнда қабылдау бөлімшесіне күн сайын 100-150 адам келіп, солардың 70-80 пайызы ауруханаға жатқызылады.

***

Биыл ауруханаға 134 миллион теңгеге жаңа аппараттар, құрал-жабдықтар алынады.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button