Рухани жаңғыру

Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр

Аян ЫҚЫЛАС,

«Нұр Отан» партиясыСтратегиялық бастамалар институтының

әлеуметтік-экономикалық бөлімінің аға сарапшысы.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы арқылы үшінші мыңжылдық табалдырығында Қазақстан өзінің ежелгі тарихын, шығу тегін, тамырын күллі әлемге паш етті.

Түп-тамыры сонау ежелгі замандардан бастау алатын Қазақ елі қай дәуірде де ұлы оқиғалар мен жаңалықтардың ортасында болып, әлем, адамзат тарихының түрлі кезеңдерін бастан өткерді. Соның ішінде «тарих ақтаңдақтары» аталып кеткен, ел басына күн туған сонау Ақтабан шұбырындыдан бастап, ХХ ғасырдағы отаршыл саясаттың салдарлары — ашаршылық пен репрессия сияқты зұлматтар халқымыздың дамып, өркендеуіне едәуір тосқауыл болды.Оның үстіне жетпіс жылдан астам уақыт санамызды улаған отаршыл саясат Қазақ елінің тарихын евроцентристік көзқараста оқытып, өткенімізді ұмыттыруға тырысты. Бүгінде ғалымдарымыз тек Қазақстан ғана емес, күллі әлемге бұлтартпас дәлелдер мен нақты деректерге негізделген қазақ халқының шынайы тарихын ұсынды.

Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы арқылы алдағы уақытта кәрі құрлық — Еуразияның кіндігінде орналасқан, Ұлы Жібек жолының күре тамыры, күллі Түркі әлемінің орталығы болған Қазақ елін әлемдік сахнада әр қырынан таныту жолында атқарылатын істерді нақтылап, жаңа міндеттерді айқындап берді.

Тарихқа сүйенсек, біздің еліміздің аумағында адамзаттың эволюциялық дамуына елеулі үлес қосқан жаңалықтар — атты қолға үйретуден бастап, тас пен металдан қажетті бұйымдар, қару-жарақ пен әшекейлік заттар жасау қолға алынып, көршілес жұрттарға тарала бастаған.

Бүгінде әлем таныған тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің арғы негізі — сақтар, ғұндар мен үйсіндер мемлекеттері, беріде құрылған Қазақ хандығы болса, әлемдік білім мен мәдениеттің ошағы болған Отырар, Сығанақ, Сауран, Жанкент, Тараз, Түркістан сияқты қалалар біздің ата-бабаларымызтек қана көшпелі мәдениетті емес, отырықшы мәдениетті де дамытқанын дәлелдейді.

Жаңа әлемдегі жаңарған Қазақстан халқының алдында ата-бабалар мұра етіп қалдырған ұлан-байтақ жерімізде дамыған, өркениетті елдердің алдыңғы легіндегі мемлекетті қалыптастыру мақсаты тұр. Ол үшін осы кезге дейін елімізде қолға алынған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру ісі жалғаса беруітиіс.

Соның ішінде, өз тарихымызды жаңғырту ісін алдағы уақытта Елбасының мақаласында көрсетілген бағыттарда жаңа серпінмен жүргізу қажет.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button