Ресми

Партиялық кадрлық резерв қалыптастыру басталды

«Нұр Отан» партиясы биліктің өкілді және атқарушы органдарындағы саяси және сайланбалы лауазымдарға, сондай-ақ партия органдарындағы жауапты қызметтерге білікті партиялық кадрларды ұсыну мақсатында партия мүшелерін іріктеп, оқыту жүйесін құру үшін партиялық кадрлық резерв қалыптастыру жұмыстарының басталғандығын хабарлайды.

Іріктеудің басты талаптары — үміткерлердің кәсіби деңгейі, жұмыс тиімділігі, саяси кемелдігі және жеке қасиеттері.

Кандидаттарды іріктеу және олардың кәсіби деңгейін бағалау жүйелі түрде жүргізіледі. Нақты айтқанда, жеке анықтама бойынша іріктеу, эссе жазу (республикалық және облыстық резерв), тестілеуден өту (аудандық резерв), эссе және тестілеу қорытындысы бойынша бағалау және әңгімелесу сияқты бірнеше сатылар бар.

Кадрлық резервке бір жылдан астам партия мүшесі болып табылатын нұротандықтар қатыса алады. Кадрлық резервті қалыптастыру екі кезең бойынша іске асырылады. Алғашқы кезеңде (2018 ж. қараша – 2019 ж. қаңтар) облыстық және аудандық деңгейден тұратын аймақтық резерв пен партиялық басшылық лауазымдар үшін резерв жасақталады. Келесі жылы екінші кезеңнің аясында республикалық кадрлық резерв қалыптастырылатын болады.

Бірінші кезеңде іріктеуге қатысқысы келетін үміткер осы жылдың 5 желтоқсанына дейін партияның Орталық аппаратына немесе партияның облыстық (аудандық) филиалына әйтпесе rezerv@nurotan.kz; aktobe@nurotan.kz электронды поштасына мына құжаттарды жолдауы тиіс:

1) партиялық кадрлық резерв үшін іріктеуге қатысу туралы өтініш;

2) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

3) жеке анықтама;

4) сотталмағандығы туралы анықтама;

5) қол қойылған күні, кандидаттың тегі, аты және әкесінің аты көрсетілген және оның кәсіби, жеке қасиеттері айтылған ұсыным хат.

Ұсыным хатты беруге құқылы тұлғалардың тізімі Ереженің 21-тармағында көрсетілген.

«Нұр Отан» партиясының кадрлық резерві туралы Ережесінің толық мәтінімен www.nurotan.kz интернет ресурсының Партия/Кадрлық резерв бөлімі арқылы таныса аласыздар. Барлық сұрақтар бойынша партияның Ақтөбе облыстық филиалына хабарласуға болады (тел. 54-94-40).

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button