Экономика

Кәсіпорындар жергілікті өнімдерді алады

Кеше «Ақтөбе» индустриялдық аймағында индустриялдық-инновациялық даму басқармасы  облыстық кәсіпкерлік палатасымен бірге облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергеновтің төрағалығымен, мердігерлік мекемелердің, жеткізушілер мен жергілікті тауар өндірушілердің қатысуымен, ірі құрылыс компаниялары жергілікті кәсіпорындармен келісімге қол қойды.

Бұл шараның негізгі мақсаты — жергілікті тауар өндірушілерге қолдау көрсетуді, қазақстандық үлесті ұлғайтуды көздейді.

Келісімге қол қоюға дейін оған қатысушылар жергілікті тауар өндірушілердің көрмесімен танысты. Бұл ұйымдастырылған көрмеде облыста шығарылатын өндірістік, тұрмыстық тауарлардың  көп түрлері қойылған. Мұнан кейін «Ақтөбе» индустриялық аймағында орналасқан «Жедел плюс», «Поливест», «Фаэтон» сынды құрылыс компаниялары өнімдеріне қызығушылық танытатын кәсіпорындарды аралап, олар шығаратын өнімдермен танысты.

Аталған шаралар  тауар өндірушілердің де, тұтынушылар жағының да  ынтасын туғызды. Құрылыс компаниялары басшылары өздеріне қажетті бұйымдар шығаратын жергілікті тауар өндірушілердің жетекшілерімен  жақын кездесе алды.

Шара барысында облыста кең көлемде  тауарлар шығарылатынына, алыстан іздемей-ақ негізгі құрылыс кәсіпорындарына қажетті бұйымдарды жергілікті жерден табуға болатынына  көз жетті. Жергілікті  жерде құрылыс материалдары, машина құрылысына керекті дүниелер,  мұнай-газ саласына сервистік қызмет көрсететін бұйымдар, басқа да қажетті заттар жеткілікті көрінді.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button