Мәдениет

Бақыт күйшінің немересі бас жүлдеге ие болды

Байқау

24-25 қараша күндері Ақтөбеде республикалық «Ақжелең» күйшілер байқауы өтті.

Биылғы «Ақжелең» байқауы күйші, қазанғаптанушы Бақыт Басығараевтың 90 жылдық мерейтойына арнап ұйымдастырылды. Байқауға 30 жасқа дейінгі жас күйшілер қатысты. Олардың арасынан Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының ІІ курс студенті Бексұлтан Бақыт жеңімпаз атанып, бас жүлдеге ие болды.

Қазақтың қасиетті күй өнерінде өзінің жеке мектебін қалыптастырған алыптардың бірі — Қазанғап күйшінің туған топырағында «Ақжелең» күйшілер байқауы сонау 1994 жылдан бері үзбей өткізіліп келеді. Бұған дейін байқауды екі рет халықаралық деңгейде өткізудің де сәті түсті. Ал биылғы байқаудың Бақыт Басығараевтың мерейтойына арналуы тегіннен-тегін емес. Қазанғап күйшінің бізге жеткен бірқатар туындылары 70-80-жылдардың ішінде алғаш Бақыт Басығараевтан жазып алынып, жарыққа шығарылды. Қарапайым ауыл еңбеккері болып ғұмыр кеше жүріп, ол Қазанғаптың тікелей шәкірттері — Қадірәлі мен Жұмалыдан, басқа да көнекөз күйшілерден үйренген күйлерін кейінгі ұрпаққа таратып, көне мұраны талмай дәріптеп-насихаттаумен өтті. ҚР Мәдениет қайраткері, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның доценті Әбділхамит Райымбергенов жазғандай, «Шалқар өңірінде Қазанғап күйлерінің дәстүрін жалғастырушы күйшілер баршылық. Алайда Бақыт ағамыздың орны оқшауланып, ерекше тұр. Оның күй орындау мәнерін басқа орындаушылармен ауыстырып алу мүмкін емес. Ол орындап жүрген күйлердің буындарының үнемі иінін қандырып, күй әуенін шарықтау шегіне жеткізіп, зергерлерше сірке қондыра айшықтап, толықтырып отыратын».

Міне, осындай тұлға рухына арналған күй байқауына еліміздің көптеген өңірлерінен — Астана, Алматы қалалары мен 11 облыстан 30 талапкер қатысты. Қатысушылардың жасы 16 мен 30жас аралығында болды. Ал қазылар алқасын ҚР Мәдениет қайраткері, саналы ғұмырын Қазанғап мұрасын жинақтау мен насихаттау ісіне арнап келе жатқан зерттеуші Әбділхамит Райымбергенов басқарды. Қазылар алқасы құрамында ҚР еңбек сіңірген қызметкері, дәулескер күйші Сержан Шәкірат, облыстық  мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева,Бақыт Басығараевтың шәкірті, Шалқар өңірінен шыққан домбырашы Әбіләкім Шаншаров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Ерсайын Басықара, ҚР мәдениет қайраткері, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыка колледжінің оқытушысы Жайлау Асылханов, Қазақ Ұлттық өнер университетінің доценті Еділ Басығараевтар болды.

Байқаудың ашылу салтанатында алдымен сахнаға белгілі домбырашылар, көптеген халықаралық, республикалық күй байқауларының жеңімпаздары — Жайлау Асылханов пен Талап Хамзин және кейінгі талантты жас буын өкілдері — Асылбек Кенегесов пен Құрманғазы Асылхановтар шығып, бірнеше күй орындап, көпшілік ықыласына бөленді. Маңғыстау облысынан келген дәулескер күйші, ҚР еңбек сіңірген қызметкері Сержан Шәкірат сөз сөйлеп, Бақыт Басығараев туралы сағынышқа толы естеліктер айтты және байқауға қатысушы жастарға ақ жол тіледі.

Байқау екі кезеңнен тұрды. Алғашқы күні әр талапкер төрт шығармадан орындады. Байқау талабы бойынша, орындалатын шығармалар арасында Қазанғап пен Бақыт Басығараев күйлері болуы тиіс еді. Осыған байланысты бұл күні сахна төрінен жас домбырашылардың орындауында Қазанғаптың «Күй шақырғыш Ақжелең», «Домалатпай Ақжелең» күйлері мен Бақыт Басығараевтың «Толқында» күйі көбірек естілді.

Ал екінші кезеңде қазылар алқасы мүшелерінің іріктеуінен өткен 20 орындаушы өнер көрсетті. Бұл күні де олардың әрқайсысы үш шығармадан орындады.

Байқауды қорытындылау барысында қазылар алқасының төрағасы Әбділхамит Райымбергенов бүгінде Қазанғап күйлерінің қазақ елінің барша түкпіріне тарағанына қуанатынын жеткізді:

— Бақыт Басығараев репертуарындағы Қазанғап күйлерін Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Талдықорған және басқа, яғни барлық өңірлерден келген жастар тамаша орындап шықты. Қазанғап күйлерін үйретуден шаршамайтын Бақыт ағамыз жастар оларды көбірек білсе, көбірек орындаса деп армандайтын. Сол арманының орындалғанын көрдік. Жалпы, бұл байқауда озып шыққан — өнер, яғни күй өнері болды, — деді ол.

Қазылар алқасының шешімімен байқаудың бас жүлдесі Алматыдан келген жас өнерпаз, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының ІІ курс студенті Бексұлтан Бақытқа берілді. Бексұлтан — асылдың сынығы, Бақыт күйшінің немересі, ата жолын жалғауды ойлаған дарынды жас.

Қазанғап күйшілік мектебінің мақтанышына айналып үлгерген тағы бір дарынды жас домбырашы, былтыр ұлттық арна ұйымдастырған «Мен қазақпын» халықаралық мега жобасында «Ең үздік күйші» атағына ие болған Ардақ Елеусіз (Астана) бен ақтөбелік Амантай Ашықбай І орынға ие болды. Қайсар Жамбыл (Алматы), Арайлым Айжарық (Астана), Нұрлыбек Нажекенов (Алматы) — ІІ орын, Әлия Қарамұханова (Маңғыстау), Бақытжан Есмағанбет (Қарағанды), Ақнұр Сапарғалиева (Астана)  және Нұрболат Сахы (Астана) ІІІ орын иегерлері атанды. Тағы бір ақтөбелік домбырашы Аян Хайрулла мен Жетпіс Нұрмағанбетов (Астана), Нарқыз Қасымова (Батыс Қазақстан) сынды жастарға Бақыт Басығараев атындағы арнайы жүлде тапсырылды. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге дипломдармен қоса, ақшалай сыйлықтар табысталды.

Бұл күні ақтөбелік өнерсүйер қауым Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театры сахнасынан белгілі шеберлер — Сержан Шәкірат, Әбділхамит Райымбергенов, Жайлау Асылханов, Әбіләкім Шаншаровтардың, сондай-ақ байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің қатысуымен өткен гала-концертті тамашалады. Концертте Бақыт Басығараевтың өнердегі жолын жалғап жүрген балалары — Ерсайын мен Еділ де көрермендер алдына шықты. Ерсайын Басықара әкесінен үйренген Сары Батақұлының әндерін жеткізсе, Еділ Басығараев Боғда мен Қазанғаптың сирек орындалатын күйлерін тартты. Сондай-ақ, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның А.Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптары оркестрі, жыршы Демеубай Жолымбетов, т.б. Бақыт Басығараев шығармаларын көпшілікке ұсынды.

Сонымен, Қазанғап мұрасын насихаттау мақсатында үзбей ұйымдастырылып келе жатқан «Ақжелең» байқауының үмітке толы, мазмұнды бір парағы жабылды. Бұл байқау Мәңгілік елдің мәңгілік сарыны — күй үнінің үзілмейтініне тағы бір көзімізді жеткізді.

 Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button