Білім

Хромтаулық оқушылардың бір күні

Өткен сенбіде №6 Хромтау мектеп-гимназиясының басшылығы бір топ дарынды, белсенді оқушылар үшін облыс орталығы — Ақтөбеге экскурсия ұйымдастырды.

Экскурсияға бару үшін негізінен осы оқу жылын үздік аяқтаған, сондай-ақ республикалық, облыстық байқаулардың жүлдегерлері, дарынды, белсенді оқушылар іріктеліп алынды. 7-сыныпты жақсы аяқтаған мен де экскурсияға баратынымды естіп қуандым.

Таңдаулы 23 оқушы өзіміздің №6 мектеп-гимназияның автобусымен жолға шықтық. Ақтөбеде ең әуелі облыстық планетарийге бардық, мұнда бізге қызметкерлер аспан денелері туралы қызықты мәліметтер айтып, көптеген танымал жұлдыздар туралы түсінік берді. Мәселен, 9-шы ғаламшар — Плутон ергежейлі ғаламшарлардың қатарына кіріп кеткен. Сондықтан қазіргі кезде Күн жүйесінде тек 8 ғаламшар бар.

Одан соң біз облыстық тарихи-өлкетану музейіне барып, туған жеріміздің тарихынан көптеген деректер алдық. Музейден шығып, «Локомотив» кинотеатрына барып, «История игрушек-3» мультфильмін тамашаладық. Түс кезінде «Кенди» балалар кафесіне барып, түстендік.

Түстен кейін «Әлия» мемориалдық музейіне барып, Әлия Молдағұлованың өмір жолымен таныстық.

Ақтөбе — үлкен әрі әдемі қала! Әсіресе, маған және менің достарыма сулы жасыл гүлзары ерекше ұнады. Ол жердегі музыкасы бар субұрқақтың қасында бәріміз естелік суретке түстік.

Экскурсияға барғанда бізге директордың орынбасары Назым Қозбағарова мен математика пәнінің мұғалімі Ботакөз Жалмағанбетова жетекшілік етті. Сондай-ақ мектептің педиатр дәрігері Әбілқасым Алтаев және бір оқушының анасы еріп барды.

Бір топ оқушының атынан Ақтөбе қаласына экскурсияға баруға жағдай жасаған мектеп-гимназияның директоры Гүлмайраш Мұқашеваға айтар  алғысымыз шексіз.

Жұлдыз ТАЛҒАТҚЫЗЫ,

№6 Хромтау мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button