Рухани жаңғыру

Атамекенді тану

Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы — тек қазақтың ғана емес, түгел түркі мен Ұлы даладан бастау алатын тамырлас жұрттардың да ортақ тарихы, мәдениеті баяндалған маңызды құжат. Елбасының «Руxани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде жарық көрген бұл мақалада ұлтымыздың тариxы,  Ұлы даланың ұлы есімдері, түркі әлемінің генезисі, түркілердің адамзат тариxына қосқан сүбелі үлесі, дала фольклоры мен музыкасы сияқты маңызды тақырыптармен бірге оларды жүзеге асырудың да нақты жолдары көрсетілген.

Тарихқа көз жүгіртсек, атты қолға үйрету, үзеңгі жасау, металлургия, алтын өңдеу технологияларын ата-бабаларымыз өткен ғасырларда-ақ қолданған. Ғылыми-техникалық прогрестің тарихшысы Линн Уайт: «Үзеңгіні жасау адамзат тарихында ұшақ, автомобиль жасаумен тең революция жасады», — депті.

Биылғы жылдан бастап ауданда Елбасы мақаласында айтылған атқа міну мәдениеті, Ұлы даладағы ежелгі металлургия, аң стилі, алтын адам, түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы, Қазақстанның географиялық орналасу ерекшелігі, алма мен қызғалдақтар туралы толық мағлұматтар беру мақсатында жалпы білім беретін ұйымдарда қосымша сабақтар, танымдық кештер, тарихи зерттеулер жүргізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар алдағы уақытта аудандағы тарихи-мәдени ескерткіштер, өңірден шыққан ұлы тұлғалар туралы ел арасында насихаттау жұмыстары ұйымдастырылатын болады.

Бүгінгі күні ауданымызда «Киелі мекен», «Атамекен» тақырыптарында деректі фильмдер түсіріліп, оларды әлеуметтік желілер арқылы насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Бұл фильмдер жастардың, оқушылардың өз туған жерін жан-жақты тануына, оның тарихымен танысып, зерделеуіне зор ықпал етеді.

Қорыта айтқанда, біз Елбасы мақаласында айтылған міндеттерді орындауда бар күшімізді салып еңбек етіп, Ұлы даланың ұлттық құндылықтарын болашақ ұрпаққа жеткізуде өз үлесімізді қосуымыз керек.

Мәди ШҮЙІНШАЛИН,

 аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы.

Темір ауданы.

ҰЛТ МҰРАСЫ — ҰРПАҚ ҚАЗЫНАСЫ

«Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ұлттық құндылықтарымыз бен тарихымызға қажеттінің барлығын қамтыған Елбасы еліміздің түркі әлеміндегі ойып алар орнын да анық көрсетіп берген.

Мемлекет басшысының бұл жолғы мақаласында музей жұмысын одан әрі тереңдете жүргізуге жол ашып, бағыт бере отырып, музей қызметкерлеріне үлкен міндет жүктелген.

Музей — зор мәдени жетістіктер шоғыры. Онда қазақтың жоғалып бара жатқан отбасы құндылықтарын, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының галереясын көруге болады. Осы ретте музей қызметкерлерінің міндеті — жас ұрпаққа тарихи-мәдени құндылықтарымызды дұрыс жеткізе айтып, насихаттау болып табылады.

Бұдан бөлек, Президент өз мақаласында мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құрудың маңыздылығына тоқталды. Расында да бұл ұсыныс өте орынды. Өйткені, ұлт тарихын санаға сіңіру барша қазақстандықтардың бойында өз бастауларына деген ортақтық сезімін қалыптастырары сөзсіз.

Жалпы бізге тарихымызды түгендеп, оны терең зерттеу үшін дерек мол. Елбасының аталған мақаласы соның бір дәлелі. Мұнда  ізденуші жастарға нақты деректерге сүйене отырып, зерттеулер жүргізуге лайық тақырыптар мен бағыттар айқын көрсетілген. Мақаланың жас ұрпаққа ұлтымыздың болмысын, дәстүрін, тілін, тарихтағы ұлы тұлғаларымыздың өмір жолын насихаттауда, Отанды сүюге баулуда маңызы өте зор.

Президентіміз мақаласында: «Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады», — деп қалың жұртшылыққа сенім білдіріп отыр. Музей қызметкерлері ұрпақты ата-бабаларымыздың көп ғасырлық мұрасының қадір қасиетін ұғынатын, қадірлейтін етіп тәрбиелеуге өз үлестерін қосып, Елбасы қойып отырған биік мақсаттарға жету үшін үлкен ізденіспен қызмет жасайтын болады. Және бұл әрқашан өз жалғасын таппақ.

Алмагүл САРЫБАЙ,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсиялық-   

 бұқаралық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі.

ЖАҢА ОЙЛАРДЫҢ ЖАРШЫСЫ

C.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты стратегиялық маңызы бар мақаласын талдауға арналған халықаралық дөңгелек үстел өтті. Алқалы жиынға профессор-оқытушылар қауымы мен магистранттар, студенттер, көршілес Орынбор мемлекеттік аграрлық университетінің ғалымдары, Башқұртстан Ғылым академиясының, Бердақ атындағы Қарақалпақстан университетінің  ғалымдары қатысты.

— Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы өткенімізді таразылаудың жаңа кезеңі деп білеміз. Бұл арқылы сан қырлы тарихымызды дұрыс түсініп, әлемдік өркениет жолындағы ұлтымыздың алар орнын айқындауға болады, — деп жиынды ашқан университеттегі «Рухани жаңғыру» орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Мұхтар Миров өзге елдерден келген арнайы қатысушылармен таныстырып, алғашқы сөз кезегін университет президенті, философия ғылымдарының докторы, профессор Бекежан Аханға берді.

— Елбасымыз өз мақаласын екі бөлімге бөліп, біріншісін «Ұлт тарихындағы

кеңістік пен уақыт» десе, екіншісін «Тарихи сананы жаңғырту» деп атапты. Соңғы бөлімнің екінші тарауы — «Ұлы даланың ұлы есімдері».

Міне, осы тарауда көтеріліп отырған мәселеге біздің университеттің екі жылдан бері жүргізіп жатқан Ер Едігеге қатысты ауқымды шарасы дәл келіп тұр. Рухани жаңғыру бағытында оқу ордасында жоспарлы түрде атқарылып жатқан жұмыстар бұдан әрі қарай талқыланып отырған мақаланың өзекті ойларын басшылыққа ала отырып, өз жалғасын таба береді, — деді ол.

Филология ғылымдарының докторы, профессор, «Рухани жаңғыру» орталығының аға ғылыми қызметкері Жұбаназар Асанов: «Елбасымыз өз мақаласының «Ұлы даланың ұлы есімдері» тарауында өзге елдердің Александр Македонский, Конфуций, Джордж Вашингтон, Шекспир, Гете, Пушкині сол мемлекеттің баға жетпес символдық капиталы саналатынын айтты. Осындай есімдердің қатарына біздіңше, қазіргі қазақ жерінде туып, қазақ жерінде дүниеден өткен Ер Едіге кіреді, — деп бастап, Ақтөбеде Едігеге даңғыл атауы беріліп, ескерткіші қойылғалы жатқанын айтты. «50 нұсқалы «Едіге батыр» эпосы тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі халықтарының мақтанышы», — деп қорытындылады.

Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетінің профессорлары Данияр Жұмамұратов, Алмаз Инятов, Орынбор мемлекеттік аграрлық университетінің профессорлары Марат Сейітов, Рамиль Тайгузин, Башқұртстан Ғылым академиясының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Розалия Сұлтангареева Президент Н.Ә.Назарбаевтың жаңа мақаласының халық қамын көздегеннен туып отырғанын, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің көрші елдермен тығыз байланысып, Мемлекет басшысының көпвекторлы саясатын қолдауға зор үлес қосып келе жатқанын айтты. Ақтөбе облыстық жастар саясаты басқармасының бас маманы Мәди Кемешов бұл шараның дәл уақытында, жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

Талқылауды қорытындылаған университет президенті Б.Ахан халықаралық дөңгелек үстелді ұйымдастырған университеттегі «Рухани жаңғыру» орталығына, шетелдерден келіп қатысып отырған қонақтарға алғысын айтты.

Махаббат АШЕБЕКОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button