Экономика

Ақтөбелік кәсіпкерлердің ұсынысы тыңдалды

Ақтөбелік құрылыс компаниялары лицензияларды жедел беру туралы жобаға  байланысты өз ұсыныстарын жеткізді.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасында өткен жиынға құрылыс кәсіпорындарының, жобалау ұйымдарының, техникалық қадағалауды жүргізетін компаниялар мен құрылыс, энергетика, сәулет және құрылысты бақылау жөніндегі мемлекеттік құзырлы органдардың және «Атамекен» палатасының өкілдері қатысты.

Жобаны Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі әзірлеген болатын. Ұсынылған күшейту шаралары құрылыс, қала құрылысы және мерзімді құрылыс салу салаларындағы лицензияларды жедел беруге (үш жыл сайын біліктілікке сәйкестігін растау) қатысты болмақ.  Заң бойынша бірінші, екінші және үшінші категориялы лицензиясы бар, алайда салалық білімі, құрылыс саласында жұмыс тәжірибесі, қажетті өндіріс базасы мен штаттық қызметкерлері жоқ кез келген азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысушы құрылыс ұйымдарына басшысы бола алады. Құрылыс-монтаждау жұмыстарына (көпірлер, туннельдер, 40 қабаттан жоғары ғимараттар, газ-мұнай құбырлары, т.б. салу) қатысатын осындай ұйымдар адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін қолайсыз жағдайлар тудыруы мүмкін.

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен аталған министрліктің біріккен тексерісінің нәтижесінде республикада лицензия алған уақыттан бастап құрылыс саласында екі ай ішінде қызмет жасамаған 84 компания және жалған кәсіпкерлік белгілері бар 39 лицензиат анықталды. Жалпы алғанда, күшейту шаралары 62309 лицензиатқа қатысты қолданылмақ.

Лицензиялау талаптарын күшейту — дұрыс шешім. Біздің жұмысымызда сапа бірінші орында болуы керек. Дегенмен, мен барлығының бірдей үш жыл сайын растаудан өтуі қажет деп ойламаймын. Ал жалған кәсіпорындар болатын болса, олардың лицензиясын тоқтатып, құрылыс компаниялар тізімінен автоматты түрде шығару керек. Тоқтап тұрған 84 компаниядан біліктілігін растауды талап ету заңды болар еді. Алайда қызметтерін  атқарып отырған қалған компанияларды қозғаудың қажеті жоқ. Олардың жұмысы туралы мәліметтер мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасында тіркелген, қалалық сәулет бөлімі есеп жүргізеді, — деді Ақтөбедегі «Делдал» ЖШС директорының орынбасары Жақсылық Тохин.

Аталған компания нарықта 2005 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Штатында 50-ге жуық маман бар.

Жиынға қатысқан өзге де құрылыс компанияларының өкілдері күшейту шараларын 3 жыл бойы жұмыс жасамаған компанияларға ғана қолдану туралы ұсыныстарын білдірді.

Кәсіпкерлердің пікірін дұрыс деп есептеймін. Сәулет-құрылыс бақылау басқармасында жобалаушылар мен техникалық қадағалау, құрылыс компаниялары туралы барлық деректер тіркелген. Осы деректер базасы арқылы облыс бойынша лицензия алғанымен, құрылысқа рұқсат ала алмағандардың тізімін оңай анықтауға болады. Тиісті органдар осындай компанияларға лицензияны растау туралы хабарламалар жібере алады. Мұны басты және қосалқы мердігерлермен арадағы келісім шарттар, қаражат айналымын растайтын құжаттарды көрсету арқылы дәлелдеуге болады. Осылардың бәрін көрсете алса, компанияның жұмыс істеп тұрғаны. Құжаттар болмаған жағдайда біліктілікті және қажетті өндіріс базасын растау тиіс болады, — деді талқылау барысында өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов.

«Ақтөбегражданпроект» өндірістік кооперативінің өкілі құрылыс индустриясында демпингтің мөлшерін белгілеу және конкурстарға қатысу кезінде біліктілік талаптарын белгілейтін мемлекеттік сатып алулар туралы қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгертулер енгізу туралы ұсыныс жасады. Оның пікірінше, бұл шара жобалау кезінде-ақ жосықсыз жеткізушілерді анықтауға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасына оң әсерін беретін болады.

Бұл ұсыныстар Қазақстанның құрылыс салушылар қауымдастығы филиалымен бірлесе отырып талқыланып, жоба әзірлеушілеріне жолданады.

Асылгүл АЙДАРОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button