Денсаулық

«Сағат 12 мен 16-ның арасы — қауіпті»

Маусым айының ортасындағы аптап күндері облыс орталығындағы «Жедел жәрдем» стансасына тәулігіне 500-ге дейін қоңырау шалынып, дәрігерлерден көмек сұраушылар қатары әдеттегіден 30 пайызға артқан.

Жаздың аптап ыстығы кімдер үшін қауіпті? Қапырық автобустар, асфальттанған жол, тас үйлер мен темір қақпалар қоршауындағы қала тұрғындары күннің ыстығынан қалай қорғана алады?

Осыған орай оқырмандарымызға облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дәрігері, жоғары санатты терапевт Гүлнәр Сидашеваның кеңесін ұсынып отырмыз:

— Ауа температурасының тым жоғары болуы, ең алдымен, жүрек-қан тамырлары дертіне, қант диабетіне шалдыққан, аллергияға бейім және қан қысымында ауытқушылықтар бар жандар үшін қауіпті, сонымен қатар қарттар мен балаларға да ерекше күтім керек. Осы аталған топ өкілдері күн ыстықта, әсіресе, күндізгі сағат 12 мен 16-ның арасында далаға шықпай, үйде отырғандары жөн. Ал үйде, мүмкін болса, еденді салқын сумен жиі сүртіп алып тұрыңыз. Кейбір адамдар ыстық күндері көшеден келе сала сап-салқын себелгі не ванна қабылдағанды ұнатады. Бұл дұрыс емес  — салқын тиіп ауырып қалуыңыз мүмкін. Дұрысы — жылы су. Ыстық күндері жылы сумен жиі шайынып, соның ішінде ағзаның биологиялық белсенді нүктелерге толы бөліктері — құлақтың сырты мен білекке су тигізіп қоюды ұмытпаңыз. Ал үйіңізде кондиционер болса — жел өтінде қалудан сақтаныңыз. Кондиционерді өте төмен температураға қоймаңыз. Әсіресе, балалардың жел өтінде қалмауын бақылаңыз. Жалпы, жаздың аптап күндерінде балалардың салқын тиіп ауырып қалу жағдайы жиі тіркеледі. Оның бір себебі — тым салқын сусындар, мұздатқыштан алынған балмұздақ. Қанша шөлдеп тұрсаңыз да, ыстық күндері тым салқын сусындардан тартынғаныңыз жөн. Сусын дегенде, ең дұрысы — газдандырылмаған минералды су, көже суы, қайнатылған таза су және үйде әзірленген компоттар. Құрамында жасанды қоспалары көп тәтті, газды сусындардан, сондай-ақ кофеині бар сусындардан аулақ болуға кеңес береміз. Өйткені кофеин жүректің жұмысын қиындатады. Ал алкогольді сусындардан, сырадан мүлде аулақ болу керек. Ыстықта алкогольдің ағзаға зиянды әсерлері екі есе артады.

Ыстық күндері тамақтануға да ерекше көңіл бөліңіз. «Тәбетім тартпайды» — деп, тамақтан мүлде бас тартуға болмайды. Себебі, термен бірге ағзадан бөлініп шыққан минералды заттардың орны толмаса, денсаулығыңызға қауіп төнбек. Мүмкіндігінше, жеміс-жидек, көкөністерді көбірек пайдаланыңыз. Ал майлы тағамдарды шектеген дұрыс. Сүт, ет, балық өнімдерін қолдан сатып алушы болмаңыз! Дүкеннен, басқа да сауда нүктелерінен алғанда, олардың жарамдылық мерзімі туралы деректерді міндетті түрде тексеріңіз.

Жазда жеңіл жүремін деп, мүлде ашық-шашық киіну де дұрыс емес. Әсіресе, Күн сәулесі тікелей түсетін жерлерде, мүмкіндігінше, жабық киіну керек. Өйткені Күннің ультракүлгін сәулелері теріге зиянды. Жеңіл, ашық түсті және табиғи матадан тігілген киімдерді таңдаңыз. Синтетикалық киімдер терінің демалуына кедергі келтіреді.

Жүрек-қан тамырлары дертіне шалдыққан, басқа да созылмалы дерттері бар жандар ыстықта тиісті дәрілерін өздерімен бірге ала жүрулері керек. Өзіңізді жайсыз сезінген жағдайда, міндетті түрде дәрігерге хабарласыңыз.

***

Ауа райы қандай болса да,

Нан болады

Ақтөбе диқандары биыл 718 мың гектар жерге дәнді дақылдар еккен болатын. Бірақ мамыр мен маусым айларында жаңбыр болмады. Қазір топырақ температурасы 50-60 градусқа дейін қызып тұр…

— Биыл егіс шығымы жақсы болған еді. Әйткенмен, жаңбыр жоқтығы себепті көктеп шыққан дәннің әрі қарай өсіп-жетілуі кешеуілдеп қалды. Бас тастап жатқандары да бар. Қазір диқандарымыз: «…енді он шақты күнде жаңбыр жауса» — деген үмітпен отыр. Мамыр айының басында тұқым себілген 200 мың гектардай алқаптың жағдайы өте төмен. Әзірге бірде-бір гектар алқап жарамсыз ретінде есептен шығарылған жоқ. Бірақ «егісіміз күйіп кетті» — деп, сақтандыру компанияларына хабарласып жатқан шаруашылықтар бар, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы егіншілік бөлімінің бастығы Жолтума Рахметов.

Ал еліміздің басқа өңірлеріндегі жағдай қалай?

Апта басында өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар осы мәселеге орай алаңдаушылық білдірген еді.

Бірақ бірінші вице-премьер Өмірзақ Шөкеев: «Биыл Қазақстанда астық өнімі орташа жылдық деңгейден жоғары болуы ықтимал», — деген пікір айтты. «Қазір елімізде күннің аптап ыстығы өтті, он күндей ауа температурасы өте жоғары болды, алайда соңғы үш күнде күн райы бірқалыпқа түсті, жауын-шашын болып жатыр. Алайда бұған қарап астық болмайды деп түйін жасамау керек. Егер қазіргідей жауын-шашынды күн райы біршама уақыт сақталатын болса, онда мен биыл астық өнімі орташа жылдық деңгейден жоғары болады деп айта аламын. Бұл — әр гектардан 10-11 центнерден астық алынады деген сөз», —  деді Өмірзақ Шөкеев.

Бұл — солтүстік өңірлерге қатысты әңгіме.

Ал еліміздің оңтүстігінде диқандар өткен аптаның ішінде-ақ егін ору науқанын бастап кетті. Алғашқы болып егінге орақ салған Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданындағы «Бірлік» тәжірибе шаруашылығының диқандары әр гектардан 35-40 центнерден өнім алып отырған көрінеді. Қазір оңтүстікте егін пісіп тұр. Мамандар есебі бойынша, бұл өңірде биыл, орта есеппен, гектарынан 15-16 центнер өнім алынады.

Жалпы, астық мәселесіне орай Премьер-министр Кәрім Мәсімов: «Биыл ауа райының жағдайы қалай қалыптасса да, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етілген», — деп мәлімдеген болатын.

Дүйсенбі күні өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкімет басшысы: «Бұл жылдың астығының қалай болатыны көп жағдайда ауа райына байланысты. Алайда барлық өңір егінді жақсы екті. Егіс науқанын жанар-жағармаймен қамтамасыз етуде ешқандай проблема болған жоқ, бәрі жеткілікті болды. Мұнай және газ министрлігі биыл барлығын жақсы реттеді. Еліміздегі астық қоймаларында өнім жеткілікті. Биыл ауа райының жағдайы қалай қалыптасса да, мен еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етілгенін нық сеніммен айта аламын», —  деді.

***

Бір күнде — 10-12 өрт…

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ оңтүстік өңірде 5-ші дәрежелі өрт қауіптілігі сақталатынын хабарлады.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қарасты «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің баспасөз қызметінен білгеніміздей, қазір облысымызда далалық жерлерде күн сайын 10-12 өрт оқиғасы тіркеліп отыр. Далада шыққан өрт ондаған, тіпті жүздеген гектар алқаптарға да кетіп жатыр. Мысалы, 17 маусым күні Хромтау ауданы Дөң ауылдық округі аумағында 100 гектар жер өртке шалынса, ал осы аптаның алғашқы күнінде Шалқар ауданы Тоғыз ауылдық округі аумағында 200 гектар жер өртеніп кеткен.

Кейбір жерлерде өрт тіпті жиілеп тұр. Мысалы, Ырғыз ауданы Қалалыкөл ауылдық округі аумағынан күн сайын дерлік өрт оқиғалары тіркеліп отыр. 17 маусым күні бұл ауылдық округ аумағында 45 гектар жер, 18 маусымда — 40 гектар, 20 маусымда — 35 гектар, ал 21 маусымда тағы да 47 гектар жер өртке шалынған және бұлар — тек ең ірі өрт оқиғалары арасынан теріліп алынған деректер.  Ал Ырғыз ауданы Нұра ауылдық округі аумағынан бір күнде, 20 маусымда, екі бірдей үлкен өрт оқиғасы тіркелген.

Далалық жерлердегі өрт оқиғалары алыс аудандар ғана емес, Ақтөбе қаласы маңынан да тіркеліп отыр. Айталық, 17 маусым күні қала аумағына кіретін Қызылжар-2 ауылы маңында 20 гектар жер өртеніп кеткен.

— Далалық жерлердегі өрт оқиғалары себептерін нақты айту қиын. Мысалы, мал бағып жүрген немесе өтіп бара жатқан адам темекі тұқылын тастап кетуі; трактордан ұшқын түсуі мүмкін әйтпесе балалардың ойынынан да өрт шығып жатады, — дейді өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз маманы Оксана Политова.

Ал қураған шөп титтей ұшқыннан-ақ лап ете түседі. Сондықтан, сақтаналық…

Бетті әзірлеген Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button