«Бақытты бала»Басты жаңалықтар

«Бақытты бала» — игілікті істердің ұйытқысы

Шығармашылық академиясында Ақтөбе қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Бақытты бала» әлеуметтік жобасының қорытынды кеші өтті. Шараға қала әкімі Ілияс Испанов, қала әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова, депутаттар мен жеке кәсіпкерлер, ардагер ұстаздар мен қала мектептерінің оқушылары қатысты.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Бақытты бала» жобасы аясында Ақтөбе қаласында «Бақытты бала — Мәңгілік ел кепілі» ұранымен жыл бойы түрлі шаруалар атқарылды. Жиын барысында қала әкімі Ілияс Испанов аталған жобаны Ақтөбе қаласы көлемінде жүзеге асыруға атсалысқан азаматтарға алғысын білдіріп, бірқатар демеушілерге Алғыс хаттар табыстады.

— Балаларға сапалы білім мен тәрбие беру, қолайлы жағдай жасау, оларды салауатты өмір салтына қалыптастыруға баулу — Елбасының мемлекет алдына қойған басты талаптарының бірі. Мемлекет басшысының аталған тапсырмасын орындау мақсатында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен Ақтөбе өңірінде «Бақытты бала» жобасы қолға алынды. 2017 жылдың желтоқсан айында бастау алған жоба аясында жыл бойы шаралар өткізіліп, Ақтөбе қаласының өзінде 85 мыңнан астам бала қамтылды. Бұдан бөлек, Ақтөбеде халықаралық деңгейде «Бақытты бала» фестиваль-байқауы өтіп, қазылардың шешімімен бас жүлдеге ақтөбелік Нарқыз Жанұзақова мен оралдық Ержан Максим лайықты деп танылған еді. Фестиваль барысында Нарқыз қызымыз Димаш Құдайбергеннің арнайы жүлдесіне ие болып, күні кеше Лондон төрінде Димашпен бірге ән шырқап, ел мерейін, облыс мерейін асқақтатты. Бұл да жобаның ауыз толтырып айтарлықтай жеткен жетістіктерінің бірі.

Бүгін  жоба салтанатты түрде қорытындыланғанымен, қала аумағында алдағы уақытта да игі істер өз жалғасын табады. Келер жылды Мемлекет басшысы Жастар жылы деп жариялағаны баршаңызға белгілі. «Бақытты бала» жобасы Жастар жылымен жалғасқалы отыр. Бұл да біздің ақтөбелік жастар үшін зор мүмкіндіктер бастауы болмақ, — деген қала әкімі Ілияс Испанов барша ақтөбелік балалар мен жастарға толағай табыстар тіледі.

Шара барысында Ілияс Испанов қаланың қоғамдық өміріне белсене атсалысқан бірқатар азаматтар мен жобаны жүзеге асыруға қол ұшын берген 31 демеушіге Алғыс хаттар мен гүл шоқтарын табыстады. Сондай-ақ қала әкімінің Алғыс хатына «Бақытты бала» жобасына белсене атсалысқан қаланың 30 дарынды оқушысы да ие болды.

Марапатталғандардың қатарында қаламыздағы №37 мектептің 6-сыныбында оқитын Саида Шакебаева да бар. Бүгінде мектептің барлық шараларына белсене қатысатын Саида ән айту, мәнерлеп оқу сайыстарының бірнеше мәрте жүлдегері.

— Балалар жылында қолға алынған «Бақытты бала» жобасы аясында біз көптеген бұрын-соңды көрмеген шаралардың куәгері болдық. Маған және менің достарыма осындай мүмкіндік сыйлаған облыс және қала әкімдеріне алғысым шексіз. Ал достарыма бақытты балалық шақ тілеймін, — дейді Саида Шакебаева.

Жобаны жүзеге асыру барысында жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға жан-жақты қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлінді. 15 балаға 20 мың теңге көлеміндегі сертификаттар табысталса, 446 баланың «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкіндегі есепшоттарына 10 187 125 теңге көлемінде ақша аударылды. 11 жетім балаға үй берілді.

Сондай-ақ аталған жоба аясында білім беру ұйымдарындағы ерекше білімді қажет ететін 418 балаға толық жағдай жасалды.  16 топтық түзету балабақшасы іске қосылып, қаладағы 3 мектеп базасында «ДАРА» қорының қолдауымен ресурстық орталықтар ашылды.

Наурыз мерекесі қарсаңында балаларға қала мейрамханаларында демеушілер тарапынан жалпы сомасы 3 785 487 теңгені құрайтын мерекелік дастарқан жайылды.

Жаз айларында барлығы 79 309 бала жазғы демалыспен қамтылды. «Достық» лагерінің 3-маусымының ашылу рәсіміне қатысқан қала әкімі Ілияс Испанов Астана қаласының 20 жылдығына орай 5 жетім балаға 50 мың теңге көлеміндегі сертификаттар мен сыйлықтар табыстап, аз қамтылған отбасының 20 баласына оқу құралдары мен ойыншықтар, тәттілер сыйлады.

Жалпы жобаға жұмсалған қаражат құны — 759 407 347 теңге.

Шығармашылық академиясында өткен салтанатты жиында осы және өзге де атқарылған жұмыстар арнайы экран арқылы көпшілік назарына ұсынылды. Жиын соңы мерекелік бағдарламаға ұласып, қаланың өнерпаз балдырғандары әннен шашу шашып, би биледі.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button