Рухани жаңғыру

Төл тарихымызды тануға талпыныс 

Кеше Ақтөбе қалалық әкімдігі ғимаратында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы талқыланды. Отырысқа шаһар басшысы Ілияс Испанов төрағалық етті.

Мақсат — ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жуырда жарық көрген кезекті мақаласына үн қосып, Қазақстанның тарихы мен мәдениетін кеңінен насихаттау. Жиынға мемлекеттік мекеме өкілдері, кәсіпорындардың басшылары, әртүрлі сала мамандары, т.б. қатысты.

Бүгін біз Мемлекет басшысының 21 қараша күні жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын талқылауға жиналып отырмыз. Ол үшін мәслихат депутаттары, зиялы қауым, музей, кітапхана қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін арнайы шақырдық.

Біздің тарихымыз — Қазақстан халқын біріктіретін қуатты күш, барлық азаматтарды жігерлендіру көзі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты жүйелі мақаласында аса көрегендікпен халықты тарихқа құрметпен қарауға және зерделеуге, өткеннен сабақ үйренуге шақырады. Себебі әр халықтың шежіресі қаһармандыққа, жеңістер мен трагедияға толы, оны сол күйінде қабылдаған абзал. Ол үшін ғылыми тұрғыдағы көзқарас қажет.

Бәріңізге мәлім, осыдан бір жарым жыл бұрын Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарыққа шыққан болатын. Осы уақыт аралығында аталған бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында біздің қаламызда біраз шаралар жүзеге асты. Белгілі деңгейде барша халқымыздың руханият, оның қоғамдағы және адам болмысын қалыптастырудағы маңызы айтылды. Президенттің кезекті мақаласы осы бағдарламаның жалғасы және оның жаңа компоненттерін нақтылап, тарихи сананы жаңғыртудың жаңа мүмкіндіктеріне жол көрсетеді. Ал біздің міндетіміз — терең тарихы мен руханиятын жан-жақты дәріптеу, — деген Ілияс Испанов «Алтын адам», Жібек жолы, дала фольклоры секілді қазақ халқына ғана тән ұғымдарды қастерлеу керектігін, өскелең ұрпаққа оның мән-мағынасын жете түсіндіру — басты парыздардың бірі екенін атап өтті.

Одан соң сөз алған «Бейбітшілік және келісім» кеңесі облыстық филиалының төрағасы Келдібай Еспағамбетов саяси-рухани үлкен маңызға ие, дәрежесі жоғары кездесуге келіп отырғанын айта келе, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы — құнды құжат екенін қосты:

— Мақаланың шыққанына аз уақыт болса да, оқу орындарда, ұжымдарда оны сараптап, одан өздеріне қажетті дүниені азаматтар бойына сіңіріп жатыр. Осы орайда келер жылы 150 жылдығын тойлайтын Ақтөбе қаласының да «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған жетістіктерге сай келетін тұстары көп. Сондықтан Ақтөбенің ерекше тарихын да өсіп келе жатқан ұрпаққа жеткізу басты міндетіміздің бірі екенін ұмытпауымыз керек. Өзіміздің құндылықтарымызды балабақшадан бастап айтып, осыны қолға алатын болсақ, ол жаңа жетістіктерге жетелері сөзсіз, — деді.

Сондай-ақ, Ақтөбе қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахат Мырзалин, «Қазақ тілі» қоғамының Ақтөбе қалалық филиалының төрағасы Роман Рахиев мақалаға қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button