МәдениетРухани жаңғыру

Күй — ұлы даланың үні

Байқау

Халқымыздың ең қымбат рухани қазынасының бірі — күй.

Бүгін Ақтөбеде Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, күйші, Қазанғап мұрасын бізге жеткізушілердің бірі — Бақыт Басығараевтың 90 жылдығына арналған «Ақжелең» республикалық күйшілер байқауы басталады.

Осыған орай кеше Т. Ахтанов атындағы облыстық драма театрында баспасөз мәслихаты өтті. Журналистер сауалдарына ұйымдастырушылар тарапынан — облыстық  мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева және республикалық күйшілер байқауының қазылар алқасының мүшелері жауап берді.

Қазылар алқасының төрағасы, «Көкіл» өнер мектебінің директоры, саналы ғұмырын Қазанғап мұрасын зерттеуге арнап келе жатқан Әбдулхамит Райымбергенов бұл байқаудың сонау 1994 жылдан бері өткізіліп келе жатқанын еске алды:

— Ақтөбеде «Ақжелең» атты алғашқы күй байқауы 1994 жылы өткен еді. Осымен қатар, сол кездегі Мұхтар Арын басқарған педагогикалық институтта Қазанғап мұрасы жан-жақты талданған ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Ақселеу Сейдімбеков, Қаршыға Ахмедияровтар бастаған өнер адамдары сонау Шалқардағы Қазанғап бейітінің басына да барып қайтқан едік. Сонда осы «Ақжелең» байқауы халықаралық деңгейге жетсе деген арман көп айтылды. Бүгінде бұл арман орындалды. Осыған дейінгі соңғы екі байқау халықаралық деңгейде өтіп, жан-жақтағы түркі халықтары өнерпаздарының басын қосты, — деді ол.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтетін биылғы «Ақжелең» күйшілер байқауы Қазанғап мұрасын бізге жеткізушілердің бірі — Бақыт Басығараевтың 90 жылдық мерейтойына арналып отыр. Сондықтан, байқауда Бақыт Басығараев репертуарынан алынған күйлер орындалатын болады. Ұйымдастырушылар — облыстық  мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен облыстық халық шығармашылығы орталығы. Байқауға еліміздің барлық өңірлерінен 30 жас күйші қатысады. Қазылар алқасы құрамында ҚР еңбек сіңірген қызметкері, дәулескер күйші Сержан Шәкірат, Бақыт Басығараевтың шәкірті Әбіләкім Шаншаров, Бақыт Басығараевтың туған ұлы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Ерсайын Басықара, ҚР мәдениет қайраткері, А. Жұбанов атындағы Ақтөбе музыка колледжінің оқытушысы Жайлау Асылханов, облыстық  мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева бар.

Күйшілер байқауын көпшілік Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында тамашалай алады. Бүгін байқаудың бірінші кезеңі өтеді. Ертең екінші кезеңі және сағат 16.00-де гала концерт өтпек.

Айна САРЫБАЙ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button