ЖаңалықтарРухани жаңғыру

Бердібек САПАРБАЕВ Ақтөбе облысының әкімі: Жеті қырдың астындағы жауһарлар

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл мақаласы — төл тарихқа, түп тамырымызға  үңілуден туған толғаныс. «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жалғасы.

Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақытты саралай келе, Елбасы бабадан қалған Ұлы даламыз өркениеттің өзгелерді таңғалдырар  ошағы болғандығын тегіннен-тегін тілге тиек етіп отырған жоқ. Ерсілеу болса да айтайық, әлемнің тең жарымы жабайылықтан енді арылып, жапырақ жамылуға қолы жеткенде, ұлы даланың перзенттері, болат балқытып, тасқа әліппесін жазды. Алтыннан сауыт киіп, даңқы жарты әлемді шарлады. Алтай мен Атыраудың арасын ғана емес, ұлан-ғайыр Еуразия құрлығындағы тарих тасын өзінше дөңгелете алды.

Президент аталмыш мақаласында атқа міну мәдениетіне айрықша екпін береді. Жылқы — бабамыздың пырағы ғана емес, қазақтың жаны мен жүрегі. Мыңжылдықтар бойы  ұлы дала дүрбелеңінде тақымынан тұлпары кетпеген қазақ, аттан түскен күні көңілі пәс, кеудесі еңкіш тартып, отарланып жүре бермеді ме?! Жылқыны тек төрт түліктің бірі деп қарамаған қаймана қазақ баласы үшін арғымаққа ер салып, еңку-еңку жер шалу — бабалар өмірінің өзегі болған-ды. Тайбурыл мен Байшұбарды тақымдаған батыр бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы әлемді білімімен, өнерімен жаулап алса — атқа мінген аталар арманының орындалғаны. Міне — Елбасының меңзегені осы мұрат.

Ұлы дала төсінде темірден түйін түйіп, алтын-күмістен сауытын сайлап, табиғаттың тылсым дүниесімен аса бір жарасым таба білген ата-бабаларымыз өркениеттің теңдессіз материалдық құндылықтарын тарихтың тылсымына қалдырды. Қадау-қадау мәселелерді алға тарта келіп, Елбасы: «Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек… Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз», —  деп зерттеуші қауымға қайырыла үлкен міндеттер жүктеп отыр.

Аты әлемге әйгілі «Алтай — адамзаттың алтын бесігі», — деген ұғым, бүгінде ақиқатқа айналуда. Дала өркениетінің түп қазығы түркі дүниесі болса, түркі әлемінің қара шаңырағы — Қазақтың елі. Өркениеттің өзегі — Ұлы Жібек жолы қазақтың сахарасында өріліп жатты. Әлемдік брендке айналған Алматының апорты, әлемге тараған дала қызғалдағы. Сөз арасында айта кетейік, біздің Ақтөбе де қызғалдақтың отаны. Былай қарасаңыз, бәріміз күнде естіп, біліп жүрген қарапайым нәрсе сияқты. Нұрсұлтан Әбішұлының осы бір жеміс пен гүлге ерекше назар аударып отырғандығында үлкен мән бар. Ол — тарихтың қойнауына кеткен түп-тамырды іздеу, теңізге құяр бұлақтың әуелгі көзін табу, Ұлы дала кереметтерін жаңғырта әлемнің есіне салу, сол арқылы өкениеттің көш басында тұрған біздің ата-бабаларымыздың жолымен алға ұмтылу, көш бастау.

Ол үшін «Тарихи сананы жаңғырту керек», — дейді Елбасы. Алмағайып заманда қазақтың тарихы тасқа түспей қалған. Басқаны айтпағанда, бертінгі Абайдың өз қолымен жазған бір өлеңі кейінгі ұрпаққа жетпеген. Сол себепті Елбасының «Архив – 2025» деп ерекше қадап айтып, іргелі зерттеулерді қолға алуға, тарихи-археологиялық ізденістерді жандандыруға тапсырма беруі үлкен серпіліс болатынына біз сенімдіміз. Және бұл істе өңірлер аса қарқындылық танытуға тиіспіз. Президенттің келесі айтып отырған ұлы даланың тұлғаларын айшықтай түсу идеясы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының заңды жалғасы деп білемін. Бұл идеяның «Ақтөбе ақтангерлері» деп басталған бірнеше жобаның ары қарай жалғасуына септігі орасан деп ойлаймын.

Кешегі Ер Едігенің, Асан қайғының, Қобыланды батырдың ізі қалған киелі мекен —Ақтөбе өңірі үшін «Түркі өркениеті» жобасының да мәні зор. Елбасы кітапханасы көшпелі көрмесінің Ақтөбеге келуімен тұспа-тұс ашылған Тарихи-өлкетану мұражайының жаңа ғимараты Президенттің айтып отырған «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық тарихи жобаны іске асыруға толық мүмкіндігі бар деп ойлаймын.

Ұлы даламыздың даңқын асырған жеті қыр. Осы жеті қырымызды жіліктеп, бүгінгі қазақтың рухын жанып, өзегін болаттай мығым ету мақсатында жазылған бағдарламалық мақаладағы міндеттерді орындау Мәңгілік ел шаңырақ-платформасының кезекті бір керегесін кеңейтумен айқындалмақ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button