Спорт

«Ақтөбе» футбол клубы сенімді басқаруға берілді

ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы №1141 Қаулысына сәйкес 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспары бекітілді. Ақтөбе облысы бойынша жекешелендіру нысандарының тізіміне 9 коммуналды-жекеменшік нысаны кірді. Оның ішінде «Ақтөбе» футбол клубы да бар. Алдағы уақытта еліміздегі барлық футбол клубы жекешелендіруге жатады.

«Ақтөбе» футбол клубының электронды саудасы үш рет өткізілген. Биылғы жылдың 20 қарашасында өткен сауда-саттықтың нәтижесі бойынша Самат Смақов жеңімпаз атанды. Айта кету керек, ол — үшінші сауда-саттықтың жалғыз қатысушысы.

Клуб сенімді басқаруға кейін сатып алу құқығымен жеті жылға берілді. Келісім құны — 108 млн теңге.

Келісімнің шарты бойынша клуб қызметінің профилі және жұмыс жасайтын қызметкерлер құрамының кем дегенде 75 пайызы сақталуы керек.

Сенімді басқару кезеңінде қайта сатуға, кепілге беруге және нысанға, соның ішінде жылжымалы және жылжымайтын мүлікке қатысты басқа да әрекеттерге тыйым салынады.

Бұдан басқа, жаңа қожайын клубтың Премьер-Лиганың клубтарға қоятын тәртіптеріне сәйкес барлық міндетті турнирлер мен жарыстарға қатысуын қамтамасыз етіп, сонымен қатар балалар футболын, соның ішінде облыс аудандарында дамытуы керек.

Жекешелендіру менеджмент сапасы мен клубты басқару тиімділігін көтеруге, бюджетке түсетін салмақты төмендетуге, жеке инвестицияларды тартуға, сонымен қатар өңірдегі футбол инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік береді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button