Әлеумет

72 мың адамды қамтыған жобаның нәтижесі қандай?

Бір айға жуық уақытқа созылған «Халық қауіпсіздігін  қамтамасыз ету» жобасы аяқталды. Ақтөбе қаласы мен алты ауданды аралаған арнайы топтар 5 қала мен 69 елді мекеннің тұрғындарымен кездесті. Барлығы 72 мың адамды қамтыған екі мыңнан аса шара ұйымдастырылды. Бір мыңнан артық адам нақты көмек алды.

Діни ахуал терең талқыланды

Жобаның әр бағыты бойынша шыққан арнайы топтар жүйелі жұмыс жүргізді. Мәселен, діни экстремизмнен сақтандыру бағытында құрылған топ мүшелері Ақтөбе қаласы мен Мұғалжар, Темір, Қобда, Ойыл, Әйтеке би, Қарғалы аудандарының ауыл-аймағына дейін аралады. Облыстық дін істері, білім, мәдениет, спорт басқармаларының, республикалық және облыстық ақпараттық түсіндіру тобы мүшелері мен Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы өкілдерінің қатысуымен жергілікті тұрғындарға дін төңірегінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. ҚМДБ өкілдері елді мекендердегі мешіт жұмыстарына талдау жасап, қызметкерлеріне әдістемелік көмек көрсетті.

Жоба аясында 30 мыңға жуық халықты қамтыған 482 шара ұйымдастырылды. Мамандар «Дін және дәстүр», «Зайырлылық және дінтану», «Зайырлы қоғам құндылықтары», «Дін және қоғам» тақырыптары төңірегінде сөз қозғап, бейнефильмдер көрсетті. Кездесу барысында колледж, мектеп оқушылары, еңбек ұжымдары мен мешіт жамағаты қамтылып, туындаған көкейтесті сұрақтарға толыққанды жауап берілді. Сонымен қатар білім саласының мамандары мұғалімдерге психологиялық тренингтер мен шеберлік кластарын, ал ата-аналарға жиналыстар өткізді. Мәдениет саласының мамандары түрлі тақырыпта спектакльдер мен концерттер қойса, спорт саласының мамандары спартакиадалар ұйымдастырды.

Ақтөбе қаласы мен аудан тұрғындарының назарына «Үлкен сұрақ», «Ойраны шыққан отбасы» сахналық қойылымдары ұсынылды.

Жоспарланған бұл жобаның басты мақсаты —  еліміздегі діни ахуалды талдау және түсіндіру, халыққа мемлекетіміздің дін төңірегінде жүргізіп жатқан саясатын ұғындыру. Шаралар барысында мамандар жас ұрпақтың санасын улайтын жат ағымдардың мән-мағынасын, әсер ету жолдары мен тигізер зияндарын ашып көрсетіп, оларға жан-жақты  тоқталуды мақсат етті. Дәстүрлі дінімізбен мүлдем жанаспайтын жат ағымдардың жетегінде кетудің алдын алу мақсатында мағлұматтар берді.

958 адам нақты көмек алды. 32 ота жасалды

Жобаның бизнес ортаны дамыту бағыты бойынша жұмыс жүргізген тобы 3,4 мың адамды қамтыған 164 шара өткізді. 115 адам нақты көмек алды. 337 адам ауданда балалар мекемесін ашу бойынша шеберлік сағаттарына қатысты. Даму институттары 142 миллион теңге көлеміндегі қаржыны нақты бизнес жобаларға бөлді.  «QOLDAU.KZ» порталына 33 шаруа қожалықтың  1444,7 гектар жері электронды түрде тіркелді. Сондай-ақ қаржылай емес те көмек алған шаруалар көп болды. Мәселен,  «Бексұлтан» шаруа қожалығының басшысы  нарық бағасынан төмен бағамен жанар май алды. Ақжар-2 ауылының тұрғыны М. Жақанова жер учаскелерін жекеменшігіне алу үшін мамандардың көмегіне жүгінді. Нәтижесінде барлық шаруасын реттеді. Бірқатар жеке кәсіпкерлер сауда павильондарын алды.  «Нұр Ақтөбе» ауданының тұрғынына тігін цехын ашу үшін жертөледен орын берілді. Аудандарда кәсіпкерлердің монша, дүкен секілді  өзге де қызмет көрсету орындарын салу үшін жер алу, құжат дайындау секілді мәселелері шешілді. Жоба барысында осындай қыруар шаруа тындырылды.

Әлеуметтік көмек көрсету бағыты бойынша 10,6 мың адамды қамтыған 501 шара ұйымдастырылды. 958 адам нақты көмек алды. 56 адам жұмысқа орналасты. Жүзден астам ауыл тұрғындарының әлеуметтік мәртебесі жаңартылды. 178 еңбек келісімшарты жасалды. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған 70 отбасы жаңа форматта көмек алатын болды.

Облыстың үздік дәрігерлері аудандарды аралап, халықты медициналық тексерулерден өткізді. Барлығы 6 мыңнан аса адам қаралса, оның ішінде 3 мың бала бар. Ақтөбе қаласындағы клиникаларға қаралу үшін 108 ауыл тұрғынына, оның ішінде 26 балаға жолдама берілді. Облыстың бас хирургі бастаған бір топ дәрігер 32 операция жасады. Әсіресе, шалғай ауылдарға  «СтомКар» жылжымалы кешенінің баруы тұрғындар үшін үлкен қуаныш болды. 906 адам тісін емдесе, оның ішінде 500 бала ем алды.  Екпеден бас тартқандарға түсіндіру жұмысы жүргізіліп, бес балаға вакцина салынды. Мүмкіндігі шектеулі 228 азамат материалдық көмекке ие болды. Оның ішінде сегіз адам гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілді.

Қайырымдылық акциясы аясында  әлеуметтік жағынан аз қамтылған 109 отбасына көмек көрсетілді. Мәселен, Темір ауданындағы жағдайы төмен 70 отбасы мен көпбалалы 4 отбасы және  мүмкіндігі шектеулі 35 азамат жалпы сомасы 1 343 мың теңге көлемінде көмек алды.

113 адам облыстық газеттерге тегін жазылды

Жобаның төртінші бағыты бойынша  жұмыс жүргізген ақпараттық топ барлығы 5824 адамды қамтыған 67 кездесу өткізді. Топ мүшелері Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын, «Президенттің 5 әлеуметтік бастамамасы» атты Үндеуін, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі және т.б. мемлекеттік бағдарламалар туралы тұрғындарға кеңінен түсіндірді. Облыс тұрғындарымен өткен кездесулер кезінде негізінен көгілдір отын, жол мәселесі, ұялы байланыс желісі мен интернеттің жоқтығы айтылды. Жоба аясында облыстық «Ақтөбе» және  «Актюбинский вестник» газеттеріне тегін жазылуға 113 сертификат тапсырылды.

Сонымен қатар, қоғамдық саяси ахуалды анықтау мақсатында тұрғындар арасында әлеуметтік сауалнама жүргізілді. Нәтижесінде тұрғындардың 92,3%-ы аталмыш жобаны «тиімді» деп есептеді.

Діни экстремизм идеяларына қарсы насихат жүргізу мақсатында жергілікті телеарналарда және вконтакте, фейсбук, инстаграм әлеуметтік желілер арқылы 30-дан астам бейнеролик көрсетілді.

Интернет желісінің мониторингі арқылы 156 деструктивті материал анықталып, қазіргі таңда сол бойынша тиісті жұмыстар жүріп жатыр.

Құқық қорғау бағыты бойынша 19,7 мың адамды қамтыған 500 шара өтті. Оқу-практикалық жұмыстарға 1,6 мың мемлекеттік қызметкер мен оқу орындарының 7,8 мың оқытушысы мен жастары қатысты. Оларға лаңкестік оқиғалар кезінде қалай қорғану керектігі үйретілді. Қоғамдық орындарда 17 мың тақырыптық буклеттер таратылды.

Жоба басталған күннен бастап жүргізілген  «Мигрант», «Қару» және «Жасөспірім» жедел профилактикалық шаралары да өз нәтижесін берді. Мәселен, «Қару» шарасы кезінде — 20 адам, «Мигрант» —  61, «Жасөспірім» шарасында 94 адам жауапкершілікке тартылды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button