Білім

Ізгілікті ғұмыр иесі еді…

Күні кеше ғана Ақтөбедегі іргелі білім ордаларының бірі Ғұбайдолла Ақтаев атындағы №6 орта мектептің 90 жылдығы аталып өткені белгілі. Сол кезде әр жылдардағы түлектер өздерінің алтын ұясына жан-жақтан жиналып, өткен күндерін еске алып, бір жасап қалғанын көріп қуандық.

Бұған дейін әр жылдарда Алматыдан Ақтөбеге келген сапарында мектебімізге соқпай кетпейтін жақсы аға — Кежек Ысқақов бұл жолы алыстан сәлем хатын жолдапты.

Онда былай деп жазған екен: «Құрметті мектеп ұжымы! Қарашаңырақтың мерейтойы құтты болсын!

Бұл күні, әрине, талай салауатты да салиқалы ұстаздардың ғажайып бейнелері, кешегі шәкірт — бүгінгі әрқайсысы бір-бір асқар белдің асуында отырған ата-әжелердің мәңгілік есінде қалған ұлағатты жандардың рухы шаттанып, өздері бір-бір аунап жатса керек. Ол енді өз алдына сыры өшпейтін хикая ғой. Әрқайсысының көңіліне сара жолдай сарабдал шежіре өзінің ізін салып, жүрек түкпіріне еніп жатқан болар.

Мектеп түлектерінің кейінгі қалаған мамандықтары әртүрлі болып, жан-жаққа тарап кеткенімен, олардың айналып келіп бір ұядан табысуы бауырмалдық жарасым деген ұғымды ойыма оралтады.

Сіздерге бақыт, қайырымдылық, жүрек жылуы мен әлемдегі барлық игіліктерді тілеймін.

Ізгі ниетпен, мектептің 1948 жылғы түлегі Кежек Ысқақов».

Енді осы бір аяулы аға туралы аз-кем мәлімет келтіре кетсек. Ол 1931 жылы Мұғалжар ауданының Жаркемер колхозында шаруа отбасында дүниеге келген. №6 орта мектепті алтын медальмен бітіріп, Мәскеу энергетикалық институтына оқуға түседі. Содан бері ұзақ жылдар Алматы қаласында энергетика саласында еңбек етті.

Бастапқыда 1 жылу-электр орталығының инженері, лаборатория және цех бастығы қызметін атқарыпты. Алматы электр желілері кәсіпорнының бас инженері, «Қазэлектросельстрой» тресі басшысының орынбасары, «Қазтехэнерго» инженерлік фирмасының бас директоры болды.

Кежек Бершенұлы — негізгі қызметімен қатар, ғылыми-педагогикалық салада да біраз жетістіктерге жеткен адам. Ол техника ғылымдарының кандидаты дәрежесін қорғады. Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының мүше-корреспонденті болды. Алматыдағы энергетика кадрларының кәсіби біліктілігін жетілдіру институтында профессор атағын иеленді. Қазақстан Республикасы Энергетиктер-инженерлер одағының вице-президенті болып сайланды. Мұның үстіне «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген энергетигі», «КСРО-ның құрметті энергетигі», «КСРО өнертапқышы» атақтарын алды, «Құрмет белгісі» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталды.

Ол өзінің бай тәжірибесімен, тереңі білімімен өзгелерден дараланып тұрушы еді. Әсіресе, жастарды техникалық баулу ісіне айтарлықтай еңбек сіңірді. «Қазақстанның бүгіні мен ертеңі», «Энергетика мамандығы» атты кітаптары жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері үшін бағалы дүниеге айналды.

2014 жылдың күзінде Қазақстан халқы алғаш рет Еңбек күнін атап өтті. Соған байланысты Астанадағы Ұлттық музей ғимаратында республикалық «Жалпыға ортақ Еңбек қоғамын құру» форумы  өтті. Шараға республикамыз бойынша 200-ге жуық делегат қатысты.  Сол жиында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау-хатын оқыды, еңбек адамдарына құрмет көрсету мақсатында  тағайындалған арнаулы марапат – «Еңбек ардагері» медалі де осы күні бір топ құрметті аға буын өкілдеріне тапсырылды. Олардың қатарында Кежек Ысқақов аға да бар еді. Сонда ол кісі көпшілік алдында сөйлеп, «Біз сексеннің сеңгірінен асқанмен жан дүниеміз, жүрегіміз ел деп соғады. Қаншама шаруаға, қиындықтарға қарамай үлкендерді ұмытпай жүргені үшін кейінгі ұрпағымызбен мақтанамыз» деп қуанышымен бөліскен сәті біздің жадымызда сақталып қалды.

Кежек аға сексен жасқа толғанда «Алматы ақшамы» газетінде белгілі журналист Өтеш Қырғызбайдың «Жылу мен жарық сыйлаған…» деген мақаласы жарияланыпты. Онда ағамыздың қазақ жастарының арасында алғашқылардың бiрi болып Мәскеу энергетика институтын бiтiрiп, елiмiздiң электр энергетикасы саласында ұзақ жылдар абыроймен еңбек еткені айтылған. Сонымен бірге ол кісінің «Алматы ақшамының» тұрақты оқырманы әрi белсендi авторы екені тілге тиек етілген. Газет бетінде ағаның «Энергетик толғамдары» мен «Оңаша ойлары» тұрақты жарияланып тұрған. Бұл да Кежек Бершенұлының бір қырын көрсетеді.

Зерделі, ой-өрісі озық адам қай кезде де өзі білім алған ортасын жадынан шығармайды. Кежек ағамыз да осындай кішіпейіл қасиетімен ерекшеленетін. Мектебіміздегі жылт еткен жақсы істерге балаша қуанып, мәз болатын. Өзінің жетпіс жасқа толуы қарсаңында Алматыдағы «СаГа» баспасынан «Шыным да, сырым да…» атты кітабын жарыққа шығарды.  Сол жинағында «Ақтөбе. Мектеп-интернаттағы өмір» деген тарау бар. Осы бөлімдегі айтылған әңгімелер біздің шәкірттеріміз үшін бір жағы тарих, екіншіден, үлкеннің тағылымы іспетті.

Биылғы күзде Кежек ағамыз бақилық ғұмыр кешті. Міне, оған да қырық күн болып қалыпты. Әдетте жақсы адамның артында сөзі қалады.

Бір кезде ағамыздың аузынан шыққан «Алға, болашаққа әрқашан сенімге толы үмітпен қарау керек. Мен елімнің болашағы жарқын болатынына сенемін. Әр адамда болашаққа деген, елінің, халқының ертеңіне деген сенім болуы керек. Ондай сенім болмаса өмір сүру де қиын. Есті адам сондай ізгі сеніммен алға ұмтылады, ұрпақ өсіреді. Жақсы ой ойлау, жақсылықтан үміт ету, оған жету жолындағы сенім кім-кімді де қараңғыдан жарыққа алып шығады», — деген ізгілікті пайымдаулары жас ұрпаққа үлгі, алға жетелейтін бағдар деп білеміз.

Шолпан ЖАНҒАЛИЕВА,

Ақтөбе қаласындағы Ғ. Ақтаев атындағы №6 орта мектептің директоры.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button