Денсаулық

АИТВ қандай вирус?

Адам иммун тапшылығы вирусы ағзаға түскеннен кейін бірден әсер етпейді, яғни  алғашқы уақытта ешқандай клиникалық белгілері байқалмайды. Бірақ уақыт өте келе мойын мен дененің өзге бөлігіндегі лимфа түйіндері үлкейеді. Адам тез шаршап, әлсірейді. Көпшілігі вирусты жұқтырғанын кездейсоқ біледі. Мәселен, ота жасардың алдында, қан тапсырғанда немесе медициналық тексерулерден өткен кезде анықталады. АИТВ жұқпасының арнайы клиникалық белгісі жоқ. Ол белгілі бір ауру арқылы көрініс береді. Вирус жұқтырған адамдар туберкулез, өкпе қабынуы ауруына тез шалдығады. Жалпы вирусты жұқтырған адам уақытында ем алса, ұзақ өмір сүре алады. Дер кезінде тексерілсе, вирусты арнайы дәрілердің күшімен әлсіретіп отыруға болады. Дәрі-дәрмекті мезгілімен ішсе, вирустың анадан балаға өту қаупі азаяды. Осы уақытқа дейін вирус жұқтырған аналардан туған баланың біреуінен ғана вирус табылды. Себебі баланың анасы дер кезінде тексеріліп, дәрі-дәрмек қабылдамаған. Балалар бір жасқа дейін облыстық ЖИТС-ке қарсы орталықта тіркеуде тұрады. Егер бір жыл ішінде вирус анықталмаса, оларды есептен шығарады.

АИТВ жұқпасы адамның жас ерекшелігіне, ұлтына, әлеуметтік жағдайына қарамайды. Ол кез келген адамға жұғуы мүмкін. Елімізде тұрғындардың бұл вирусқа деген көзқарасы әлі өзгерген жоқ. Рас, алғашқы жылдары нашақорлар арасында осы дертті жұқтырғандар көп болды. Ал қазір бұл ауру қарапайым адамдардың арасында кездеседі. Себебі нашақорлар аурудан қалай сақтану керектігін біледі.  Соңғы жылдары ауруды жыныстық қатынас арқылы жұқтыратындар көбейді. Адамдар аурудан қорғану жолдарын біле тұра оған салғырт қарайды. Қазіргі ашық қоғамда кез келген ауруды оңай жұқтырып алуға болады. Интернет арқылы танысып, кейін опық жеп қалатындар бар. Вирус қанға түскеннен кейін жасырын кезеңнен өтеді. Алғашқы үш айға дейін қанда вирус болғанмен, ол анықталмайды. «Вирус жұқтырды» деген қауіппен қан сынамасы алынған адамды дәрігерлер үш айдан кейін қайта тексереді. Жасырын кезеңде АИТВ жұқпасы жыныстық қатынас арқылы, қан арқылы өзге адамға  немесе ана сүті арқылы балаға жұғуы мүмкін.

Тұрғындар мекенжайы бойынша емханаларда АИТВ жұқпасына тегін тексеріле алады. Сондай-ақ ЖИТС орталығындағы Достық кабинетіне келіп, жасырын түрде тексеріліп, мамандардан кеңес алуына болады. Орталықта 21-31-97 сенім телефоны да жұмыс жасайды. (Ақтөбе қаласы, Жамбыл көшесі, 4-үй)

Бүгінде облыста 243 адам диспансерлік есепте тұр. Оның 76,5 пайызы антиретровирустық ем қабылдайды.  Емделгісі келетін адам дәріні үзбей ішуі керек.  Кейде уақытында ішпей жан сақтау бөліміне түсетіндер бар. Сондықтан әрбір адам өзін және өзін  қоршаған адамдарды сақтауы үшін кездейсоқ жыныстық қатынастан бас тартқаны жөн.

Үміт ШОЛЖАНОВА,

ЖИТС орталығының емдеу, алдын алу бөлімінің меңгерушісі.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button