Басты жаңалықтарЭкономика

Қазақстан мен Өзбекстанның байланысы нығаймақ

Бұған Ақтөбе облысының да қосатын үлесі мол

Бейсенбі күні Шымкент қаласында Қазақстан мен Өзбекстан елдерінің өңіраралық ынтымақтастығының бірінші форумы өтті. Оған қос мемлекеттің Үкімет басшыларының орынбасарлары, министрлер, облыс әкімдері, құзырлы орган өкілдері мен журналистер қатысты. Бұл — Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында ұйымдастырылған шара.

8 тауар өндірушінің еңбегі

Форум аясында шаһардағы «Көрме» орталығында ауқымды көрме өтті. Оған екі елдің өнеркәсіп тауарлары, азық-түлік өнімдері мен ауыл шаруашылығы техникаларынан құралған жалпы саны 150-ге жуық кәсіпкер атсалысты. Әсіресе, келушілер арасында тамақ өнеркәсібі саласына ерекше қызығушылық байқалды. Бұл көрмеге Ақтөбеден 8 тауар өндіруші қатысты. Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанованың айтуынша, бұл жолы өзге аймақтарда сұранысқа ие жергілікті дәмге басымдық берілген.

— Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық барлық салада көрініс тапқан. Соның ішінде кәсіпкерлерге осы форум арадағы әріптестікті одан сайын бекіте түсуге сеп болатыны анық. Осы мүмкіндікті пайдаланып, біз көршілес елдің нарығына Ақтөбеде жасалған сұйық май, консервіленген ет, шұжық, ұн мен кондитерлік өнімдерді, басқа да азық-түліктерді ұсынып жатырмыз. Мәселен, өзімізде жасалған шоколадпен араласқан жентке мұнда да қызығушылар бар. Қай өнімді болсын, сұранысқа сай кез келген мөлшерде экспорттауға біз дайынбыз, — деп атап өтті ол.

Зәуреш Еркінәлинова — көрмеге қатысушы ақтөбелік кәсіпкерлердің бірі. Ол басшылық ететін кәсіпорында тәтті өнімдердің 200-ден астам түрі шығарылады. Ал жұмысшылардың саны — жүзден асады. «Мұндай көрмеге қатысып отырғанымызға қуаныштымыз. Жақында ғана Петропавлдағы шараға шақырту алып, сондағы тұрғындарға тәтті дәмімізді көрсеттік. Сондай-ақ, бірер апта бұрын  Қытай еліндегі де көрмеде өз өнімдерімізді таныстырып қайттық», — дейді кәсіпкер.

Көрмеге Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин мен Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ачилбай Раматов бастаған топ арнайы келіп, ұсынылған тауарлармен танысты. Ақтөбенің өнімдері жайлы қонақтарға облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин мәлімет беріп, жыл өткен сайын екі мемлекет арасындағы тауарайналым көрсеткіші артып отырғанын баян етті.

— Бүгінгі таңда Ақтөбенің ұн өнімдерінің 500 тоннасы ай сайын Өзбекстан еліне жеткізіледі. Енді соны мың тоннаға дейін өсіру бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Екінші тараптың өкілдері келіп, меморандумға қол қойдық. Мұнымен бірге, алдағы уақытта сұйық майды экспорттау жоспарға еніп отыр, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Айта кетейік, көрмеге жиһаздар мен ағаштан жасалған бұйымдар, құрылыс материалдары, тұрмыстық химия мен фармацевтикалық препараттар да қойылды.

Тауар айналым — 11,4 миллион АҚШ доллары

Одан соң негізгі шара Шымкент қалалық әкімдігінің ғимаратында жалғасты. Шараның басында сөз алған Үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Мамин:

— Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өңіраралық алғашқы форум екі елдің Президенттерінің бастамасымен қолға алынды. Қазақстандағы Өзбекстан жылында дәл осы шараның өтуінің үлкен символикалық мәні бар деп есептеймін. Менің ойымша, осы жыл екі елдің арасындағы байланысты жаңа белеске көтеруде  зор серпін берді. Және осы даму әрі қарай жалғаса беретініне сенім білдіремін.

Жыл басталғалы 9 айда екі елдің арасындағы тауарайналым көрсеткіші 2 миллиард АҚШ долларынан асты. Бұл, өткен жылмен салыстырғанда, әлдеқайда көп. Біздің жобалауымызша, бұл көрсеткішті әлі де өсіруге болады. Мемлекет басшысының жоспарына сәйкес, 2020 жылға дейін көрсеткішті 5 миллиард АҚШ долларына дейін көбейту керек. Егер осы жоспар бойынша бірлесе жұмыс атқарсақ, бұл — шешілетін мәселе, — дей келе, аталған форумның екі тарапқа да берері мол болатынына күмәнданбайтынын білдірді.

Ал Өзбекстанның бірінші вице-премьері Ачилбай Раматов көршілес орналасқан Қазақ елі олар үшін қай жағынан да тиімді әріптес екенін, алдағы уақытта сауда-экономикалық байланысты нығайтуда барлық амал-әрекеттерді жасау керектігін баян етті.

Жиында, сондай-ақ, ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек: «Экономиканың барлық секторында жұмыс істеп жатқан өзбекстандық кәсіпкерлер аз емес. Енді өндірісті, көлік тасымалын, өңіраралық кооперацияны бірігіп дамытуда күш жұмылдырсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Қазіргі таңда шетелдік өкілдердің осындағы жұмысын жеңілдету, оларға қолайлы жағдай жасау үшін елімізде үлкен мүмкіндіктер  жасалып жатыр. Тек бұның екі тарапқа да тиімді тұсы көп болуы тиіс», — деді.

Отырыс барысында қос республиканың бірқатар облыс басшылары да сөз сөйлеп, туризм, экспорт бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Соңында 13 өңіраралық меморандумға қол қойылды. Жаңа құжатты қабылдап, арадағы әріптестікті одан сайын бекіте түскендердің арасында ақтөбелік делегация да бар. Облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин  мен Науаи облысы хокимінің орынбасары Уктам Исламов қабылдаған меморандумға сәйкес, екі өңірдің арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық одан әрі нығая түспек.

Айта кетейік, облыстық ақпараттандыру және сыртқы байланыстар басқармасынан білгеніміздей, биылғы тоғыз айда Ақтөбе облысының Өзбекстанмен арадағы ішкі тауар айналымы 11,4 миллион АҚШ долларын құраған. Оның ішінде экспорт — 9,8 миллион АҚШ доллары, импорт — 1,6 миллион АҚШ доллары. Негізгі экспорттық тауарлар деп сала мамандары картоп, бидай, арпа, ұн, күнбағыс, күнбағыс майы, хром оксиді, сульфат, қара металл өнімдерін атаса, импорттың қатарында кептірілген көкөністер, жүзім, өрік, шие, жүгері ұнтағы, жаңғақтар, этил спирті, қышқылдық спирт бар.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

АқтөбеШымкент.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button