Басты жаңалықтарӘлеумет

Халық қауіпсіздігі: әлеуметтік көмек көрсетілді

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы бойынша ақпараттық топтар соңғы аптада Ойыл, Әйтеке би, Қарғалы аудандарын аралады. Шалғай ауылдардың халқына ақпараттық және әлеуметтік көмек көрсетілді.

Ойыл ауданы

668 адам тексерілді, 14 жолдама берілді

Жоба бойынша топқа бөлінген мамандар ауданның шалғай ауылдарына дейін барды.

Бірінші топтың мүшелері тұрғындарды жат ағымдардан сақтандыру мақсатында кездесулер өткізді. Алғашқы күні барлығы 664 адамды қамтыған 17 шара өткізілсе, келесі күні 993 тұрғынды қамтыған 19 шара ұйымдастырылды. Мәселен, Ойыл аграрлық колледжінде өткен кездесуде  «Дін мен қоғам», «Зайырлы қоғам құндылықтары» тақырыбы кеңінен талқыланды. Облыстық дін істері басқармасының бас маманы  Нұрпейіс Сәрсенбаев діни экстремизмнің алдын алу және радикалды діни ағымдар жөнінде түсінік берсе облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің найб имамы Нұрбол Смағұлов, «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының теолог маманы Жандос Мирманов дәстүрлі дін, отбасы, ата-анаға құрмет, бала тәрбиесі секілді тақырыптар төңірегінде әңгіме қозғап, тұрғындар сауалдарына жауап берді. Аудан орталығындағы орта мектептерде кездесулер ұйымдастырылды.

— Ауданның Көптоғай, Амангелді, Саралжын, Қайыңды, Көсембай ауылдарын араладық. Негізгі мақсат жұртшылықты жат ағымдардан сақтандыру болғандықтан, осы бағытта кеңінен әңгіме айтылды. Өз кезегінде ауыл ақсақалдары пікірлерін ортаға салып, алғысын айтты. Жалпы халыққа жан-жақты ақпарат берілді, — дейді Нұрпейіс Сәрсенбаев.

Сондай-ақ 250 ауыл тұрғынына ақпараттық парақшалар таратылды. «Адасқанның айыбы жоқ», «Оразадағы ойран» атты қысқа метражды фильм көрсетілді.

Жобадағы екінші топтың мақсаты — бизнес ортаны дамыту. Алғашқы күні 151 адамды қамтыған 7 шара өтіп, 140 ақпараттық парақша таратылды. Мемлекеттік бағдарламалардың да мүмкіндіктері кеңінен айтылды. «Бизнестің жол картасы — 2020», «Игілік», «Кәсіпкер», «Іскер», «Агротехника», «Сыбаға» бағдарламалары туралы жан-жақты мәлімет берілді. Оның ішінде лизинг, субсидия, кепілдік мәселелеріне қатысты проблемалар мен оның шешімдері түсіндірілді. Алғашқы күні елуден астам адам жан-жақты ақпарат алды. Сондай-ақ мамандар тың идеясы бар жастарды «Жаспроджект» бағдарламасына қатысуға шақырды.

«Нұрлы жер», «7-20-19» бағдарламаларына қызығушылық танытқан тұрғындардың сұрақтарына мамандар жан-жақты жауап берді.

Жобаның үшінші тобындағы мамандар алғашқы күні Көптоғай ауылына барды. Бұл жерде 802 адамды қамтыған 8 шара ұйымдастырылды. Әр бағыт бойынша кездесулер өткізіліп, 148 адамға көмек көрсетілді. Мәселен, облыстан барған дәрігерлер бір күнде 331 адамды қарады, оның ішінде 172 бала бар. Облыстық және аудандық ауруханаға екі адамға жолдама берілді. Тіс дәрігерлері 171 адамды тексерді. Аудан дәрігерлеріне скандинавиялық жүрістің тиімділігі жөнінде семинар-тренинг өткізілді. Бұған барлығы 47 адам қатысты.

Ал аудандық орталық ауруханада жұмыс тобы ақ халаттылар ұжымымен жиын өткізіп, екпе туралы, одан бас тартқан ата-аналармен жұмыс жасау жайында сөз қозғады. Жалпы ауданда екпеден бас тартқан ата-аналар жоқ. Дегенмен мамандар алдын алу шараларына мән беру керектігін айтты. Ал екінші күні Қаратал, Кемер ауылдарын аралаған дәрігерлер 337 тұрғынды қарады. Денсаулығында күрделі ақауы бар үш адамға облыстық және аудандық ауруханаға жолдама берілді. Өт жолында тасы бар екі адамға облыстан келген дәрігерлер ота жасады. 35 ауыл тұрғыны тісін тексертіп, ем алды. Жалпы Ойыл ауданы бойынша 668 адам дәрігерге қаралса, оның 334-і — бала. Барлығы 11 адам аудандық емханаға жолдама алса, 3 адамға облыстық ауруханаға жолдама берілді. Стоматологиялық кешен 206 баланың тісін тексерді.

Жұмыспен қамту бойынша мамандар Ойыл, Көптоғай, Қаратал, Кемер ауылдарын аралап, тұрғындар арасындағы негізгі проблемаларды көзбен көрді. Тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Кімге қандай көмек қажет екенін қағазға түртіп алды. Алғашқы күні әлеуметтік жағынан аз қамтылған үш отбасына азық-түлік пакеті берілді. Көмек құны — 80 мың теңге. Әлеуметтік көмек алуы үшін екі отбасының құжаты дайындалды. Төрт отбасы бір мезеттік көмек алуға құжаттарын тапсырды. Көптоғайлық төрт адам жұмысқа орналасатын болды. Үш адам еңбек келісімшартын жасады. Жалпы бұл — бір күнде жүзеге асқан шаруа. Ал екінші күні Қаратал, Кемер ауылдарындағы екі отбасына азық-түлік пакеті берілді. Қаратал ауылындағы төрт адамға жұмыс табылды.

Жобаның төртінші тобы Саралжын, Ақжар, Көсембай ауылдарын аралап, мемлекеттік бағдарламалар мен Елбасы Жолдауы, бес бастама төңірегінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Барлығы 400 адамды қамтыған 26 шара өтті. Екі белсенді оқырманға облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттеріне тегін жазылуға сертификат берілді. Жолдауға қатысты отыз ақпараттық парақша таратылды.

Жобаның құқық қорғау бағыты бойынша шыққан арнайы топ аудан орталығы мен Қарой, Сарбие, Қаратал, Амангелді, Саралжын ауылдарын аралады. Барлығы 1459 тұрғынды қамтыған кездесулер өткізілді. Топ мүшесі, полиция департаменті жедел жоспарлау басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Аманғали Жұмақұловтың айтуынша, көпшілікке негізінен қоғамдық қауіпсіздік, тәртіп мәселесі және лаңкестік оқиғалар орын алған жағдайда қалай әрекет ету керектігі  айтылды. Азаматтар қауіпті жағдайда, күдікті затты байқаған кезде алдымен қай жерге хабарласатыны айтылды.  Ақпараттық парақшалар мен арнайы бүктемелер таратылды. Жаттығулар өткізілді. Жалпы, халыққа жан-жақты ақпарат берілді. Қауіп төнген кезде 102 немесе басқа да арнайы желілерге дереу қоңырау шалу керектігі ескертілді.

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» шарасы аясында мемлекеттік мекемелер қызметкерлері арасында да  лаңкестік жағдайда қалай қимылдау керектігі және алдын алу шараларына арналған психологиялық тренингтер өткізілді.

Сондай-ақ қазіргі күні Ойыл ауданында  «Мигрант», «Қару» және «Жасөспірім» жедел профилактикалық шаралары жүргізіліп жатыр.

Әйтеке би ауданы

Діни ахуал талқыланды, көмек көрсетілді

Осы аптаның басында ақпараттық топ Әйтеке би ауданының Әйке, Комсомол, Аралтоғай, Қарабұтақ, Белқопа, Жабасақ, Сарат, Тұмабұлақ, Сұлукөл ауылдарын аралады.

Жоба бойынша бірінші топтың мамандары алғашқы күні 691 адамды қамтыған 15 шара өткізді. Облыстық дін істері басқармасының бас маманы Нұрпейіс Сәрсенбаев аудандағы діни ахуал тұрақты болғанымен, алдын алу шаралары міндетті түрде жүргізілуі тиіс екенін айтты.

— Әйтеке би ауданында діни ахуал тұрақты. Бірақ  халыққа жат ағымдар туралы кеңінен түсіндірілуі керек. Ауыл тұрғындарымен  кездесуде дәстүрлі дін мен жат ағымдар арасындағы айырмашылықты мысалдар арқылы түсіндіруге тырыстық. Мәселен, өзге ағымдағылар салт-дәстүрді, яғни жеті шелпек тарату, құран бағыштау, тағы басқа әдет-ғұрыптарды мойындамайды. Негізінен өзге ағымның жетегіне ергендер ішкі рухани құндылыққа емес, сыртқы кейіпке аса мән береді. Тағы бір айта кететін жайт, қазір жастар интернеттен уағыз тыңдайды. Олардың көпшілігі кімді тыңдау керектігін білмейді. Жастарға тыңдауға тыйым салынған уағызшылар туралы айттық. Оқушыларға әлеуметтік желіге кіргенде сақтық шараларына мән беру керектігін ескерттік. Себебі қазір жат ағымның өкілдері әлеуметтік желі арқылы белсенді жұмыс жасайды. Егер жастар олар жүктеген бейнекөріністерді қарап, уағыздарын тыңдайтын болса, ілесіп кетуі әбден мүмкін. Осы мәселелер жөнінде біраз әңгіме қозғалды. Жалпы кездесулердің барлығында ақпараттық жадынамалар мен қазақ ғұламаларының ғибратты сөздері жазылған парақтар таратылды, — дейді Нұрпейіс Сәрсенбаев.

Сондай-ақ «Адасқанның айыбы жоқ», «Оразадағы ойран», «Ұл» фильмдері көрсетілді. Комсомол ауылына барғанда жұртшылық топтың жұмысына риза болысты. Ауылдағы зейнеткер әже Гүлсім Аманғосова топ мүшелеріне алғысын айтты.

— «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы бойынша жұмыс жүргізетін ақпараттық топ өткен жылы да келді. Шындығын айту керек, жобаның тиімділігі өте көп. Әсіресе, шалғай ауыл халқы көкейіндегі сұрағын қойып, проблемаларын ортаға салады. Бірі әлеуметтік жағдайын жеткізсе, екіншісі дәрігерге қаралып, үшіншісі жұмысы жоқтығын айтады. Осы топ келгелі біраз шаруа тындырылды. Ойымызды айттық. Түсінбегенімізді сұрадық. Медициналық сақтандыру туралы да білгеніміз көп болды. Ауылды шалғай демей келіп, аралап жүрген мамандарға рақмет, — деді зейнеткер.

Жобаның үшінші тобы алғашқы күні 165 адамды қамтыған 5 шара өткізді. Аралтоғай, Комсомол, Әйке ауылдарын аралады. «Бизнестің жол картасы — 2020», «Игілік», «Кәсіпкер», «Іскер», «Агротехника», «Сыбаға» бағдарламалары туралы жан-жақты мәлімет берілді. Ауыл кәсіпкерлері мемлекеттік бағдарламалар арқылы қалай жеңілдік, несие алуға болатынын сұрады. Мамандар кейбір шаруашылық иелерінің жерлерін электронды түрде тіркеуге алды.

Үшінші топ бойынша ауданды аралаған мамандар әлеуметтік проблемаларды шешуге ықпал етті. Бірінші күні Ақкөл ауылында 219 адамды қамтыған 13 шара өтіп, 32 тұрғынға көмек көрсетілді. Облыстан барған дәрігерлер 103 адамды қарады. Оның ішінде 72 баланы дәрігерлер жан-жақты тексерді. Сегіз адамға облыстық және аудандық ауруханаға баруға жолдама берілді. Екі адамға эндоскопиялық ота жасалды. «Стомкар» кешені 16 тұрғынды қарады. Дәрігерлер скандинавиялық жүрістің пайдасын түсіндірді. Мүмкіндігі шектеулі жандар мен жұмыссыз азаматтардың да мәселелері назардан тыс қалмады. Жағдайы төмен бес отбасына азық-түлік берілді. Көмектің құны — 62 мың теңге. Ал бір отбасы әлеуметтік көмек алу үшін құжатын дайындаса, тағы бір азамат жұмысқа орналасатын болды.

Бірінші бағыттың төртінші ақпараттық тобы да ауданның ауыл-аймағын аралап шықты. Алғашқы күні Белқопа, Қарабұтақ, Жамбы ауылдарына барды. Барлығы үш жүзге жуық адам қамтылды. Облыстық ішкі саясат басқармасы талдау және мониторинг бөлімінің басшысы Бақыт Айдосовтың айтуынша, ауылдықтар негізінен су, көгілдір отын мәселесін көтерген.

— Белқопаның тұрғындары суды құдықтан ішіп отырғанын, газ келмегенін айтты. Ауыл мектебінде спорт залы жоқтығы да алаңдатып отыр. Ақсақал Бауыржан Бегалин осы мәселелер шешілсе, халық ауылдан кеткісі жоқ екенін жеткізді. Ал Жамбыл ауылына осыдан екі-үш жыл бұрын су жүргізілген. Бірақ судың сапасы нашар. Осындай мәселелер көтерілді.  Мамандар сұрақтарды мұқият тыңдап, барлығына жауап берді. Кейбір сұрақтарды қағазға түртіп алды, — деді Бақыт Айдосов.

Топ мүшелері мемлекеттік бағдарламалар туралы баяндамалар жасады. Ақпараттық парақшалар таратылды. Түстен кейін Сұлукөл, Әйке ауылдарына барды.

Қарғалы ауданы

Қауіпсіздік қамтамасыз етіледі

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы Қарғалы ауданында да жалғасын тапты.

Құқық қорғау бағыты бойынша барған топ алғашқы күні аудан орталығы мен Жосалы ауылының тұрғындарымен кездесті. Жобаның мақсаты —  өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу,  діни экстремизмді болдырмау,  мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылуын түсіндіру, өңірдегі бизнес ортаны дамыту болғандықтан, осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізді. Мемлекеттік мекеме қызметкерлерімен де жиын өтіп, лаңкестік оқиғалардан сақтану, алдын алу, оқиға кезінде қалай әрекет ету керектігі айтылды. Адам көп шоғырланатын маңызды әлеуметтік  нысандардың лаңкестік әрекеттерден қорғану шараларына, ғимараттардың  талапқа сай болуына баса назар аударылды. Ауылшаруашылық колледжі, орталық аурухана және «Энергосистема», «Бадамша сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлерімен кездесулер ұйымдастырылып, лаңкестік әрекеттерден сақтану жөнінде семинар-тренинг өткізілді.

Сондай-ақ жоба аясында ауданда «Мигрант», «Қару» және «Жасөспірім» жедел профилактикалық шаралары жүргізіліп жатыр.

Ауданды аралаған алтыншы топтың мамандары бірінші күні елу адамды қамтыған екі шара өткізді. Бірқатар кемшіліктер анықталды. Мәселен, кейбір мекемелерде лаңкестік қауіп-қатерге қарсы тұруға бағытталған оқу-жаттығулар өтпеген. Ғимараттар тиісті деңгейде қорғалмаған.

Лаңкестік әрекеттерге  қарсы «Антитеррор» операциясы жүргізілді. Оқу-жаттығулар өткізілді. Аудандық ішкі істер бөлімінің мамандарымен де кездесу өтіп, қоғамдық қауіпсіздік, қару-жарақ, лаңкестік оқиға кезінде әрекет ету секілді мәселелер төңірегінде сөз қозғалып, жаттығулар өтті.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button