Мәдениет

Сахнада — қазақ камералық хоры

Астана қаласының 20 жылдығына орай Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясының қазақ камералық хор ұжымы концерттік бағдарламасын ұсынды.

Өнер орталығында ұйымдастырылған кеште Людвиг ван Бетховен,

Карл Орф, Исаак Любанның музыкасы мен халық әндері шырқалды. Сондай-ақ, жеке дауыста Серік Жұбатқан, Нұржан Қаражанов, Айбек Қарағұлов, Әсем Қазбекова, Римма Дүйсенбаева, т.б. қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шығармалар орындап, жиналғандардың ықыласына бөленді.

— Бүгінгі бағдарламадағы шығармалардың 60 пайызы — жаңа, бұрын-соңды Ақтөбеде орындалмаған. Сол себепті концерттің жауапкершілігі орасан болды. Әлемдік классикадан бастап, жанры әртүрлі туындыларды қамтуға тырыстық.

Негізінен, камералық хормен Карл Орфтың композицияларын орындайтындар сирек. Өйткені ол өте күрделі музыка. Сондықтан классикалық және заманауи музыка кезек-кезек шырқалатын концерт көпшіліктің ойынан шыққанына сенімдімін.

Осы орайда концертмейстер Дина Ниязова, бас гитарада Надырғали Ниязов, ұрмалы аспаптардың партиясын Азамат Беркешовтің орындайтынын айта кеткім келеді, — дейді ұжымның көркемдік жетекшісі Мербол Құспанов.

Өз кезегінде камералық хордың әншісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Гүлжахан Досаеваны әңгімеге тартқанымызда, ол шетелдік композиторлардың шығармаларын орындау ерекше ептілікті қажет ететінін атап өтті. «Әсіресе, бірнеше бөлімнен тұратын Карл Орфтың композицияларын айту оңай емес. Дегенмен, бәріне кәсіби тұрғыда қарасақ, еңсерілмейтін қиындық жоқ», — дейді аталған хорда 27 жылдан бері еңбек етіп келетін солист.

35 адамнан құралған өнер ұжымы биылдыққа екі халықаралық байқауға қатысып, тамыз айында «Астана опера» театрында шығармашылық кешін өткізгенін айта кету керек. Ал 24 қарашада Алматыдағы Құрманғазы атындағы концерттік залда камералық хордың «Алматым — жүрегімде» атты концерті ұйымдастырылмақ.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button