Басты жаңалықтарМереке

Мейірімділер мерекесі

Кеше Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрда әлеуметтік қызметкерлер күніне арналған мерекелік шара өтті. Бұл мереке 2011 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген болатын. Содан бастап жыл сайын қолдауға мұқтаж жандарға барынша көмек көрсетіп жүрген мейірімді адамдардың мерекесі тұрақты тойланып келеді. 

Ақтөбе облысында әлеуметтік қорғау жүйесінде екі мыңнан астам адам еңбек етеді. Олар мыңнан астам мұқтаж адамға қолдау көрсетіп отыр. Шара барысында әлеуметтік қызметкерлерді облыс басшысының атынан облыс әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов құттықтады:

— Азаматтарды әлеуметтік тұрғыда қорғау — еліміздегі әлеуметтік саясаттың ең маңызды бөлігі саналады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында халық табысының өсуі бағытында атқарылар істерді алға тартты. Соның бірі — алдағы жылдың қаңтарынан бастап ең төменгі жалақының 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсуі. Бұл шаралар облыстағы 30 мыңнан астам жұмысшының әлеуметтік жағдайына оң әсер етеді. Облыстық бюджеттен қаралатын қаражаттың 50 пайыздайы әлеуметтік салаға бөлініп отыр, жұмыссыздықты жоюға да қомақты қаржы жұмсалады. Ақтөбеде тұрғындардың игілігі үшін Өнер орталығы, Шығармашылық академиясы, Жекпе-жек сарайы сынды түрлі әлеуметтік нысандар ашылды. Осының барлығы әлеуметтік салада атқарылып жатқан жұмыстардың айғағы, — деді Олжас Смағұлов.

Салтанатты шара барысында осы салада еңбек етіп жүрген үздіктерге, соның ішінде«Әлеуметтік қорғау жүйесіндегі үздік қызметкер» республикалық байқауының жеңімпаздарына және еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетілді.

Облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Құбайдолла Бітіковке «Еңбек ардагері» медалі табысталды, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Эльмира Сүйіншалина кеудесіне облыстың әлеуметтік, экономикалық, мәдени дамуына үлес қосқаны үшін «Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі» төсбелгісін тақты, ал осы  мекеме басшысының орынбасары БибігүлБисенғалиева «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен марапатталды.

Салтанатты шара барысында аталған салада ұзақ жылдар еңбек еткен ардагерлерге де құрмет көрсетілді. М.Қаймулдинов, И.Жаңабаев, Ж.Такшимова, Ж.Амангелді сынды еңбек ардагерлері әлеуметтік қорғау жүйесінің дамуына және оның іргетасының қалануына қосқан үлесі үшін облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.

Биыл «Әлеуметтік қорғау жүйесіндегі үздік қызметкер» атағына лайық мамандарды анықтау үшін үшінші республикалықбайқау өткізілген болатын.Республикалық комиссия шешімімен «Жұмыспен қамту орталығының үздік қызметкері» номинациясы бойынша Мүғалжар аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Раушан Кұбайдуллина үздік деп танылды. Ал байқаудың өңірлік кезеңінде «Әлеуметтік қорғау жүйесіндегі үздік қызметкер» байқауының «Әлеуметтік сақтандыру жүйесінің үздік қызметкері», «Үздік әлеуметтік қызметкер», «Үздік медициналық-әлеуметтік мекеме», «№2 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы», «Жұмыспен қамту орталығының үздік қызметкері», «Әлеуметтік саланың үздік менеджер-ұйымдастырушысы», «Үздік мемлекеттік еңбек инспекторы», «Зейнетақы жүйесіндегі үздік қызметкер» секілді бірнеше номинация бойынша мықтылар іріктелді.

№1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығыдиректорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Сән Нұрышева «Әлеуметтік саланың үздік менеджер-ұйымдастырушысы» номинациясы бойынша үздік деп танылды. С.Нұрышева аталған салада 15 жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келеді. Бүгінде ол қарттар үйіндегі аталар мен әжелердің қас-қабағын бағып, бабын тауып отырған мейірімділердің бірі:

— Әлеуметтік бейімдеу орталығында он жылға жуық еңбек еттім. Жеті жылдан астам уақыттан бері қарттар үйінде жұмыс істеймін. Біздің міндет — осы үйдегі тұрғындардың жағдайын жасау, қарттардың көңіл-күйінің дұрыс болуына, тамағын, дәрі-дәрмегін уақытылы ішуін қадағалау, олардың туыстарын іздестіру, бір сөзбен айтқанда, қарттардың бабын табу. Мысалы, қарттар үйінде балалары шетелде тұратын аталар, әжелер бар. Осы жақта тұрып, кейін балаларымен бірге шетелге көшіп кетеді де, ол жақта тұра алмай, елге қайтып келген қариялар бар. Сондай қарияның бірінің баласы Германияда тұрады, апта сайын интернет арқылы балаларымен сөйлестіріп тұрамыз, балалары жыл сайын келіп, әкелерінің қал-жағдайын көзімен көріп кетеді. Мұндай жағдайлардың өзін күн сайын көру, оны жан-дүниең арқылы өткізу оңай емес. Қазір қарттар үйінде 227 адам тұрады, олардың 96-сы — 1-2-топтағы мүгедектер. Орталықтағы ең жасы үлкен адам 94-те, ең жасы 30-да. 30-дағы азамат бала кезден мүгедек. Орталықтағы азаматтардың 40 пайыздан көбі әлеуметтік бейімдеу орталығынан келгендер. Біз барлығына да бірдей қараймыз, олардың бос уақыттарын көңілді өткізулерін қадағалаймыз, біздің орталыққа ерікті жастар топтары жиі келіп тұрады, қарттармен әңгімелеседі. Олар үшін осындай жылы әңгімелесудің өзі үлкен қуаныш, — дейді Сән Нұрышева.

Салтанатты шара кәсіби мереке иелеріне арналған ән-жырмен, би-күймен жалғасты.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button