«Бақытты бала»

Мазмұны зор саяхат

Облыстық және Қарғалы аудандық әкімдігінің, Қарғалы аудандық өнер мектебінің ұйымдастыруымен Ақтөбе облыстық есту қабілеті төмен балалар мектеп-интернат-колледжінің 29 оқушысы Қарғалы ауданындағы тарихи орындарды аралап, көрікті жерлеріне саяхат жасады.

«Бақытты бала» жобасы аясында қолға алынған мазмұнды саяхат алдымен аудан аумағында орналасқан «Ардағым» балық шаруашылығы тоғанынан басталды. Мұнда оларға бас балықшы Жасұлан Қалиев балық түрлерін таныстырып, оны өсірудің қыр-сырын баяндады. Кейін қызықты мәліметтермен танысқан балалар балықтарды ұрықтандырып, көбейтетін, жапондық аппараттармен толық жабдықталған арнайы цехтың жұмыс барысымен танысты.

Бұдан соң жас саяхатшылар аудан аумағындағы ХV-ХVІ ғасырдың археологиялық ескерткіштеріне жататын  «Қызыл там» аталып кеткен киелі жерге келіп, тарихи мәліметтермен танысты. Кесене «Қарғалы» су қоймасының жанында орналасқан. Су қоймасының үлкендігі мен қуаттылығына тәнті болған балалар өз тараптарынан сұрақтарын қойып, ақпарат алысты. 1975 жылдан бастап мемлекет тарапынан бақылауға алынған су қоймасында бірнеше балық түрі мекен етеді.

Жас саяхатшылардың сапары Шәмші Қалдаяқов атындағы ауылда жалғасты. Олар ауылдағы орта мектепте болып,  табиғат аясында майлы бояумен сурет салудың қырлары мен сырларын үйренді.

Сапар соңында қонақтар ауыл мектебі ұжымына өздері дайындап келген сурдоаударма арқылы шырқалатын әндерінен концерттік бағдарлама ұсынды. Өз кезегінде мектеп ұжымы жас саяхатшыларға арнайы дастарқан жайып, балаларға деген жылы лебіздерін білдірді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button