Басты жаңалықтарЭкономика

Қазақстан мен Ресей байланысының жаңа кезеңі

Солтүстік Қазақстан облысында өтіп жатқан XV Қазақстан мен Ресей аймақаралық ынтымақтастық форумының аясында «Қазақстан мен Ресейдегі туризмді дамытудың жаңа тәсілдері мен тенденциялары» атты туристік көрме ашылды. Оған еліміздің барлық облыстары мен көршілес елдің 11 облысы қатысты. Форумның сайтына 2,5 мың делегат тіркелген. Сондай-ақ, бірсыпыра қазақстандық пен ресейлік журналистер бар.

— Бұл — екі елдің арасындағы ынтымақтастықты, достықты көрсететін айшықты шаралардың бірі. Форум туризм саласына арналған. Мұндай шара алғаш рет өткізіліп отыр. Қос елдің Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путинге осы шараны өткізуге мүмкіндік бергені үшін алғысымды білдіргім келеді, — деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Өз кезегінде  РФ Туризм бойынша федералдық агенттік басшысы Олег Сафонов:

— Ең алдымен жылы қабылдауларыңызға алғысымды айтсам деймін. Біз екі бауырлас елді байланыстырып отырған салалардың бірі — туризм жайлы пікірлесу үшін жиналдық. Осы форумның ерекшелігі осында жатыр. Жалпы, екі елдің достық қатынасы мен экономикалық байланысында туризмнің маңызы ерекше. Бұл қуантады. Туризм халық шаруашылығының 53 саласын дамытуға ықпал етеді және синергетикалық әсері орасан. Жыл сайын Ресейге 3,5 миллион қазақстандық келеді, 3 миллионнан астам ресейлік Қазақстанға саяхаттайды. Бұл цифрлар үнемі өсіп отыруға тиіс. Бізде туризмді дамыту үшін мүмкіндіктер зор, — деп атап өтті.

Ал Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов:

— Форумның тақырыбы үлкен интеграциялық потенциалға ие. Әр өңірде туристерді таңғалдыратын орын бар. Біздің облыстағы ерекше аймақ — Имантау-Шалқар курорты. Өңірге туристер көптеп келуі үшін бар күш-жігерімізді салуымыз керек. Бізде емдік қасиетке ие екі көл бар. Бүгін және ертең туристік ағынның артуы үшін тағы не істей алатынымызды талқылаймыз, — деді.

Ауқымды шараға ақтөбелік компаниялар да қатысуда. Олар үшін көрме жоғары сапалы әрі бəсекеге қабілетті өнімді таныстырудың жақсы алаңы болмақ, сонымен қатар көрші елдің іскерлік құрылымының өкілдерімен байланысты жолға қоюға мүмкіндік береді.

Облыстық кəсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанованың сөзінше «Зәру» бұғы мүйізімен емдеу шипажайының павильоны келушілердің үлкен қызығушылығын туғызды. Бұғы мүйізімен емдейтін заманауи шипажай өңірде биыл пайдалануға берілген болатын. Құны 450 млн теңге тұратын ірі жоба Ақтөбе облысының туризмін дамытуға жəне жергілікті тұрғындарды сауықтыруға оң əсерін тигізері сөзсіз. Шипажайдың жанында өзінің марал өсіретін фермасы бар. Құны 500 млн теңге тұратын жобаны жүзеге асырудың екінші кезеңі 2019-2020 жылдарға жоспарланған.

— Форумда біз Ақтөбе облысын ғана емес, сауықтыру туризмін таныстырып отырмыз. Біз келген қонақтарға емдеу шипажайы мен болашақта жүзеге асырылатын жобаларымыз туралы толықтай айтып жатырмыз. Кешенде балаларды сауықтыру орталығы мен қарттарға арналған пансионат салынатын болады. Жас мамандарды тарту  үшін тұрғын үйлерді тұрғызатын боламыз. Шаруашылықта қазіргі таңда 150 маралымыз бар, — дейді кәсіпкер Бану Тілегенова.

Ресейліктерді сондай-ақ,  «Экостиль КЗ» ЖШС-нің кəдесый павильоны да қызықтырмай қоймады. Қазіргі таңда кəсіпорын ағаш өңдеудің лазерлік технологиясын қолдана отыра ұлттық бұйымдардың 500-ден астам түрін шығарады.

Форумға қатысушылар, сондай-ақ, «Ваниль» кондитерінің тəттілерінен де дəм тата алды. Айта кетейік, Ресейде, атап айтқанда, Орынбор облысында «Иркиналинова» ЖК өнімі үлкен сұранысқа ие: 2016 жылы шілде айында Зəуреш Иркиналинова осында дүкендер желісін ашқан. Өндірілетін өнімнің 200-ден аса атауы бар. Ақтөбелік бренд  жуырда қытай нарығында пайда болады. Кәсіпкер форумға қатысса сауда географиясының айтарлықтай кеңейетініне сенімді.

Көрмеде ресейлік тарап та өзінің пікірін ортаға салды.

— Әрине, форумда біз Орынбор облысының туристік әлеуетін мейлінше жан-жақты көрсетуге тырысамыз. Дей тұрғанмен, біз ең бірінші кезекте өзіміздің тұзды көлдерімізбен мақтанамыз, — деп атап өтті Орынбор облысы экономикалық даму министрінің бірінші орынбасары Наталья Струнцова.

Фоурмның алғашқы күні бір көрмемен шектелген жоқ. Қазақстан-Ресей іскерлік кеңесінің «Туризмді дамытудағы кәсіпкерліктің орны» атты отырысы өтіп, екі панельдік сессия болды. Спикерлер ретінде құзырлы министрлік пен ірі туристік компаниялардың өкілдері сөз сөйледі.

Владимир БУРЬЯНОВ,

Петропавл қаласы,

Солтүстік Қазақстан облысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button