Басты жаңалықтарМереке

Ұлттық валютамызға — 25 жыл

Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңге 1993 жылдың 15 қарашасында дүниеге келді. Теңгенің тарихы ҚР Президентінің 1993 жылдың 12 қарашасында қол қойған «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Заңынан бастау алды. Теңгенің авторлары — дизайнерші Тимур Сүлейменов, қылқалам шеберлері Қайролла Ғабжалилов, Меңдібай Әлин мен Ағымсалы Дүзелханов. Алғашқы теңгенi «Harrison&Sons» компаниясы Англияда басып шығарды. Ең бірінші бағамы 1 АҚШ долларына 4, 75 теңге болды. Әр теңге 500 рубльге (КСРО) ауыстырылды.

Ұлттық валюта теңгенің айналымға енгізілген күнінен бастап, Қазақстан тарихында жаңа кезең басталды. Осы жылдар ішінде теңге өзінің қабілеттілігі мен тұрақтылығын дәлелдей отырып, түрлі сынақтарды және қиыншылықтарды басынан өткерді.

Егеменді Қазақстан үшін бұл күннің маңызы зор, өйткені, ұлттық валюта Конституциямен, Туы және Елтаңбасымен қатар кез келген мемлекеттің тәуелсіздігінің маңызды атрибуты болып қана қоймай, мемлекеттің тарихын, мәдениетін, тұрмысын және дәстүрін нақтылайтын «визиттік карточка» болып табылады.

Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның барлық жетістіктері – еліміздің қалыптасуының алғашқы күнінен бастап барлық жағдайда, оның ішінде өз валютасын шығаруда тәуелсіз болуға бағытталған таңдаулы саясаттың нәтижесі.

ЕЛ ИГІЛІГІНІҢ БАСТАУЫ

Перизат ӘСІМБЕТОВА,

Ұлттық банктің облыстық филиалының директоры.


Осыдан жиырма бес жыл бұрын республикамыз өз егемендігіне қол жеткізген барынша қиын жағдайларда өз мүддесін қорғайтын шешімді қадамға барып, өз ұлттық валютамыз — теңгені енгізді, бұл Қазақстанның қаржы жүйесін құруға және ақша айналысын тұрақтандыруға ықпал етті.

Ұлттық валютаны енгізудің маңыздылығын тереңірек ұғыну үшін Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін 90-шы жылдардың басындағы Қазақстанның қиын экономикалық жай-күйін естен шығармауымыз керек. Экономикалық байланыстар бұзылды, өнеркәсіптік және аграрлық сектордағы  өндірістер қысқарды. Елде кірістер деңгейі күрт төмендеді, жаппай жұмыссыздық етек алды, халық жалақысын айлап алмады, зейнетақы төлеу кідіртілді.

Осы орайда бұрынғы Кеңес Одағы республикаларының басым бөлігі өз ұлттық валютасын немесе уақытша ақша белгісін енгізе бастады. Және де бұл бірыңғай ақша жүйесін сақтау мүмкіндігіне күмән келтіріп, біздің елде де өз валютамызды енгізу мүмкін екендігін көрсетті. Қазақстан рубльдік аймақтан соңғы боп шыққандардың бірі болды.  Саяси және экономикалық өзгерістер банк заңнамасына өзгерістер енгізуді талап етті.

Теңгені енгізу өте қиын, ауыр процесс болды. Бастапқыда ұлттық валютаға екі кезеңмен көшу жоспарланды: бірінші уақытша, ал кейін тұрақты ақшаны енгізу, алайда нәтижесінде ресми валютаны енгізу туралы шешім қабылданды.

Ұлттық валютаны әзірлеу ең қысқа мерзімде жүргізілді.

Банкноттарды шығарумен айналысатын ел көп емес еді және олардың ішінде Ұлыбритания  көшбасшы болып табылатын. Сондықтан да қазақстандық экономистер мен банкирлердің таңдауы осы мемлекетке ауды. Осындай лайықты тапсырысты орындауға көптеген фирма құлшыныс білдірді, дегенмен «Harrison & Sons» шағын компаниясы ұсынған келісімшарт өте тиімді болды. Тапсырысты орындаудағы басты талап құпиялық болатын, өйткені бұл жөнінде алдын ала ешкімнің білмеуі қажет еді.

Қағаз ақшаның дизайнын әзірлеуден бөлек өз ұсақ тиынымызды жасау жұмысы да жүріп жатты. Үкіметтің шешімімен монета өндірісін Өскеменде ұйымдастыруға шешім қабылданды. Бірақ, 1993 жылдың күзінде, ұлттық валюта — теңгені енгізуге шешім қабылданған кезде, банкноттар дайын болып, ал монета соғу жұмысы басталмай қалды (жинақтау және іске қосу жұмыстарын аяқтауға үлгермеді).

Болжам бойынша уақыт 15 қарашаға не Қазақстанда, не шетелде ұсақ монетаны дайындауға үлгермейтінімізді көрсетті және металл монеталарды қағаз тиындарға уақытша ауыстырып, Алматы қаласында бағалы қағаздар фабрикасында қағазға басып шығару тығырықтан шығудың жолы болатын.

Еске салатын болсақ, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлығы 1993 жылғы 12 қарашада шықты. Бірақ ескі ақшаны қазақстандық теңгеге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада таңғы 8.00-де басталып, 20 қараша күні 20.00-де ойдағыдай аяқталды. Айырбастау 1:500 коэффициенті бойынша жүргізілді.

Осыған байланысты, әр кассир, бухгалтер, инкассатор қызметкерлеріне берілген жүктеменің бірнеше дүркін көбейіп отырған жұмыс жағдайында жүргізілген ақша айырбастау бойынша банк жүйесі мекемесінің қалыпты жұмысын атап кетпесек, әділетсіз болар еді. Ұлттық Банк пен коммерциялық банк мекемелері ақшаны қабылдау жұмыстарын еш іркіліссіз, шын мәнінде, екі ауысымды, ал Ұлттық Банкте үш ауысымды режимде жұмыс істеп, қиындыққа төтеп бере отырып, ұйымдастыра білді.

Ақшаны айырбастауда негізгі салмақ Ұлттық Банктің есеп айырысу-кассалық орталықтарының қызметкерлеріне түсті. Екінші деңгейдегі банктер мен бюджеттік ұйымдардан түскен барлық ақша көлемін өңдеу, қайта санау, сұрыптау қажет еді және осы жұмыстар қолмен қамтамасыз етілді. Қатаң тәртіпте (тәулік бойы, демалыссыз) жұмыс істей отырып, қызметкерлер белгіленген талаптарды және қолма-қол ақшаны мүлтіксіз сақтай отырып, толық жұмыс көлемін қамтамасыз етті.

Көп ұзамай, теңге айналымға енгізілгеннен кейін жаңа мәселелер туындады. Банкноттар тозды, оларды Англияда үнемі қайта басып отырды, ақшаны ұшақпен тасымалдады. Осы мәселені түбейгелі шешу қажет болды, соған байланысты өз банкнот фабрикамызды және теңге сарайын салу туралы шешім қабылданды.

1995 жылғы 19 мамырда өз банкнот фабрикамыздың тұсауы кесілді. Банкнот фабрикасы ашылған күннен бастап, оның полиграфиялық базасында банкнот шығару қолға алынды. Кейін Банкнот фабрикасы көркемдік және полиграфиялық орындалу деңгейі озық баспалық өнімдерді шығаруға мүмкіндік беретін аса бірегей, айрықша құрал-жабдықтармен жабдықталды.

Қазақстан монетаны өз өнеркәсіптік өндірісінде құруды 1992 жылы Үлбі металлургия зауыты базасында бастады. 1998 жылы кәсіпорын «Қазақстан теңге сарайы» шаруашылық жүргізу құқығы бар республикалық мемлекеттік кәсіпорны болып қайта құрылды.

Ұлттық валютамыз қолданысқа енгізілгеннен бері ҚР Ұлттық банкі ақша белгілерін әзірлеу мен оның қорғалуы бойынша жеткілікті мөлшерде тәжірибе жинақтады.

Бүгінде тәуелсіз еліміздің бастапқы қиын кезеңіне көз жүгірте отырып, Елбасының шешімі экономиканы дамытудың жаңа кезеңіне шығуға негіз болғаны айқын екенін аңғарамыз.

Қазақстан теңгесі алда да халықтың игілігіне қызмет етіп, еліміздің баюы мен гүлденуіне ықпал ете берсін.

ӘЛІ КҮНГЕ ОЙЫМЫЗДА

Жұмабай ЖАНДӘУЛЕТОВ,

Ұлттық Банктің еңбек сіңірген қызметкері,

КСРО Мемлекеттік банкі үздік қызметкері.

Тәуелсіздіктің бір көрінісі іспетті — төл теңгеміздің өмірімізге енуі ерекше құбылыс болды. Сол уақыттағы жүрек тебіренісіміз, қобалжуымыз әлі күнге санада сайрап тұр.

Ақша — мемлекет экономикасының негізгі жүйесі және 25 жыл бұрын ұлттық валютаны енгізу мемлекетіміздің экономикалық тәуелсіздігін білдірді.  Жаңа, белгісіз, ерте басталған іс үрей туғызды әрі өзіне назарын аудартты және үш жұмыс күні, дұрысырақ айтқанда, үш тәулік ішінде еш қатесіз орындалды. Бұл ел және Ұлттық Банк басшылығының алдын ала жүргізген жұмысының соңғы сатысы еді.

Ал біздің өңірде осы шаруаларды нақты іске асырған Ақтөбе қаласының және облыс аудандарының кассалық есеп айырысу орталығының қызметкерлері еді. Осы адамдардың жанқиярлық еңбегінсіз осынша қысқа мерзімде ақша реформасын өткізу мүмкін емес еді.

Мен осы саланың ардагері ретінде ұлттық валютамыздың 25 жылдығымен сол кезде бірлесіп, түсіністікпен еңбек еткен әріптестерімізді шын жүректен құттықтаймын.  Солардың қатарында Ж.Құрманғалиев, А.Медетов, Ж.Шегірбаев, Л.Обчаренко, Ф.Калимуллина, Л.Смоленец, Г.Қонақбаев, Г.Мусина, А.Қалимурзинаны ерекше атап өткім келеді. Бәріміз үшін сын болған тұста ұжымдаса қимыл көрсеткен инкассация, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер қызметкерлеріне ерекше алғысымды айтқым келеді. 1993 жылғы қарашада, сұрапыл аязда үсіп-тоңып облыс аудандарына су жаңа теңгені тасымалдаған да, көне ақшаларды жинаған да осы адамдар болатын.

Иә, төл теңгеміз біздің өмірімізге осылай енген.

МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ БОЛЫП ЕДІ…

Раиса ҚИДАШЕВА,

Ұлттық Банкі Ақтөбе филиалының

ардагері.

Бәрі де күні кеше сияқты болғанымен, төл валютамыздың тарихы тереңде жатыр. 1993 жылдың 15 қарашасында Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде өз валютасын жариялай отырып, маңызды қадам жасады. Сөйтіп, Қазақстан Республикасы сенімді түрде рубль аймағынан шықты. Содан бері теңгенің ұлттық экономикадағы өзіндік қалыптасу кезеңі басталды.

Ұлттық валютамыздың уақыт сынына төтеп беріп, өз елімізде ғана емес, одан тысқары жерлерде де беделге ие болуы — үлкен мәртебе.  Себебі, мұның өзі Ұлттық банкке тәуелсіз ақша-несие саясатын батыл жүргізуге мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда ұлттық нарықтық инфрақұрылымды құруда осы теңгені айналысқа енгізудің бірден-бір маңызды қадамы болғанын айтқан жөн. Өзіміздің ақша бірлігімізді енгізу қазіргі кездегі қол жеткен экономикалық табыстарымыздың негізін қалады.

Төл теңгеміздің айналыста 25 жыл болуы — мемлекетіміздің қазіргісі мен болашағы үшін өз валютамызды енгізудің тарихи маңыздылығына объективті баға беруге мүмкіндік береді.

ҚАРЖЫ БАҚЫЛАУЫ — ЖАУАПТЫ МІНДЕТ

Гүлнара БЕРНИЯЗОВА, 

Ақтөбе облысы бойынша

ішкі мемлекеттік аудит департаментінің

бөлім басшысы.

Республикамыздың егемендік алуымен байланысты қоғамдағы әлеуметтік-саяси ахуал түбегейлі өзгерді. Нарықтық қатынастарға көшу кезеңі экономика мен әлеуметтік саладағы дағдарысты құбылыстардың күрт өсуімен, криминогендік ахуалдың күрделенуімен сипатталады.

Мемлекеттің егемендігі туралы декларация қабылданғаннан кейін «Қазақстан Республикасының бюджет жүйесі туралы» Заңы қабылданды. Қазақстан Республикасында бюджетаралық қатынастарды заңмен реттеу тап осы заңнамалық актіден бастау алады. Осы жылдар ішінде мемлекеттік қаржылық бақылаудың тиімділігін арттыру жолдары іздестірілді. Мемлекеттік қаржы-бақылау қызметі әлденеше құрылымдық өзгерістерді бастан кешірді. Атқаратын функциялары мен өкілеттіктеріне біраз өзгерістер енгізілді, атауы өзгертілді. Ең басты міндет – мемлекет қаражатының мақсатты жұмсалуына, халық қазынасының қорғалуына бақылау жасап отыру болып қалды.  Аталған мәселе әртүрлі, оның ішінде халықаралық деңгейдегі кеңестерде көтерілді. Бұл заңды да. Қаржы жүйесі саласындағы мемлекеттің бақылау қызметі — нарық қатынасы жағдайында мемлекеттік қаржы ресурстарды басқаруды қамтамасыз ететін пәрменді құралдың бірден-бірі.

Республикада қабылданған дағдарысқа қарсы және әлеуметтік-экономикалық реформаларды тереңдетуге бағытталған шұғыл шаралар бағдарламасы заңдылық пен құқық тәртібін нығайту мәселелерімен байланысты әлеуметтік- экономикалық проблемаларды шешу қажеттілігін қарастырды. Қазақстан Республикасы Президентінің «Қылмыстың ұйымдасқан түрлерімен және сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту шаралары туралы» Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бас бақылау-тексеру басқармасының базасында мемлекеттік қаржы бақылау комитеті құрылды.

Тоқсаныншы жылдардың аяғында «Сыбайлас жемқорлықпен күрестің 1999-2000 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Бұл барлық мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің бірыңғай механизмін жасақтап, күштерін үйлестіруге жұмылдырылуын талап етті, мемлекеттік бюджет қаражатына, үкіметтік займдар мен бюджеттік несиелердің жұмсалуына, кәсіпорындардың пайда үлесінің бюджетке толық аударуына, сондай-ақ мемлекеттің үлесі мен акциялардың мемлекеттік пакетіне кірістер мен дивидендтердің есептелуіне қаржы бақылауын нығайту қажеттілігі пісіп-жетілді. Осылай Қаржы министрлігі құрылымында бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын Қаржы бақылау комитеті қайта құрылды.

2005 жылдың 1 қаңтарынан «Қазақстан Республикасының бюджет кодексі» күшіне енді. Жаңа бюджет заңнамасы мемлекеттік қаржылық ресурстарды басқару жүйесін  жетілдіруге бағытталды. Бұл — бюджет қаражатының құралуы, атқарылуы және бақылауды қоса барлық қаржы рәсімдерін реттейтін Заң.

Бюджет кодексі бюджеттің атқарылу мәселесімен шектелмейтін мемлекеттік қаржылық бақылауға толық және дәл анықтама берді. Егер бұрын бақылау іс-шаралары көбінесе бюджеттің шығысына бағытталса, енді бюджеттің кірісі де толықтай бақылауға алынды.

Мемлекеттік қаржы-бақылау қызметі әлденеше құрылымдық өзгерістерді бастан кешіргені кездейсоқ емес, алайда ең басты міндеті – экономикалық реформаларға ықпал ету, мемлекеттің экономикалық мүддесін қорғау  болып қалды.

Бұл жүйелі жұмыс қаржылық бақылау органдарының бақылау-тексеру жұмысының сапасын арттыруға және нәтижелі болуына ықпал етті.

Бақылау органдары мен бақылау объектілерінің арасында теңқұқылы, нақты әріптестік қарым-қатынас орнату бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр.   Бірінші кезекте біз мемлекеттік мекемелерде есеп пен есептіліктің тиісті деңгейде жүргізілуіне ықпал етеміз. Заңда көзделген шаралар заңдылықтарды қасақана бұзғандарға ғана қатысты қолданылады.

Қаржылық бақылау саласының қызметкері болу жан-жақтылықты, адалдықты, кәсібилікті, аса үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Экономиканың сан түрлі саласында қаржының дұрыс жұмсалуына бақылау жүргізу үшін қызметкер қолданыстағы заңнаманы біліп, өз білімін, дағдысын, қабілетін, кәсібилігін тұрақты жетілдіру керек, өз ісінің шебері болуы тиіс. Қызметкерлеріміз осы талап үдесінен шығу жолында еңбектене бермек.

Бүгін осы қаржы бақылау саласында ұзақ жыл еңбек еткен, тәлімі мол ардагерлерімізді атап өтуге тиіспіз.

Әр жылдары облыстың бақылау-тексеру қызметіне К.Елібаев, Л.Нарсеева, Ж.Аманбаев, Н.Князов басшылық етіп, олардың орынбасарлары И.Достанов, Қ.Құсайынов, Ғ.Оразов, С.Орынбаев сияқты біздің салаға жүктелген міндеттердің орындалуына қомақты үлес қосқан  жоғары білікті кадрлар қызмет жасады.

Көп жылдар бойы қаржылық бақылау саласында Отан соғысының ардагері, дербес зейнеткер Е.Ділмұхамбетов еңбек етті, ол зейнеткерлікке қаржылық бақылау органдарынан шықты.

К.Күздеуов, Б.Жұбатов, С.Таңатаров, А.Құлшаров сияқты ардагерлер өмірінің соңғы күндеріне дейін ұжымның арасында болды. Әріптестері осы күнге дейін олардың айтқан ақылдарын, әңгімелерін еске алып отырады.

Құрметті демалыстағы еңбек ардагерлері З.Данияр, Т.Иванова, С.Овсиенко, Р.Есекенов, А.Суворова, Г.Гуртовенко, Р.Құрманғазиева, С.Есіркепов, Р.Бөстеков, Ұ.Аяғановалардың мол өмірлік, кәсіби тәжірибесі жастарға өнеге.

САБАҚТАСТЫҚ САҚТАЛУДА

Біздің аудандық қаржы бөлімі 1972 жылы құрылды.  Алғашқы бөлім меңгерушісі болып Әбіш Қазмұхамбетов тағайындалды. Оның орынбасары, бір жағынан мемлекеттік кірістер инспекциясының бастығы қызметін Мұхтар Ниязымбетов атқарды. Сондай-ақ осы салада әртүрлі лауазымдық қызметтерде Сақабай Есжанов, Татьяна Кучер, Людмила Багамолова, Мәншүк Қарина, Сәлима Қазиева жемісті еңбек етті. Осы жылдары қаржы бөліміне 73  мекеме қарады.

Темір аудандық қаржы бөлімінде қазіргі кезде 7 штаттық қызметкер еңбек етуде.

Аудан экономикасының дамуына, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылық, мемлекеттік бюджет қаржысын тиімді пайдалану істерін жүзеге асыруда қаржы  қызметі  мамандарының қосар үлесі зор.

Зейнеткер болса да ауданның қаржы саласының жұмысын назарда ұстап, көп жылғы еңбек тәжірибесінен кеңес беруші Мұхтар Ниязымбетов аудан құрылғаннан бері қаржы бөлімінде еңбек еткен, мақтау грамоталарын алып, еңбегі елге танымал ардагер.

Бізде әр буын өкілдерінің сабақтастығы, тәжірибе алмасу, ілгері буынның өнегесін алға ұстану дәстүрі жақсы сақталады. Өзіміздің төл мерекемізге де жақсы жетістіктермен келіп отырмыз.

Мұхамеджан ЕРБАТЫРОВ,

Темір аудандық қаржы бөлімінің басшысы.

 

ТӘЖІРИБЕ ЖӘНЕ ТӘЛІМ

Арыстанғали Өмірбеков қаржы саласында 35 жыл қызмет етті. Соның жиырма төрт жылында, яғни ширек ғасырдай уақыт аудандық қаржы бөлімін басқарған екен.

Ардагер аға әр кезеңдердегі елдің әл-ауқатының қаншалықты қиын болғанын жас буын әріптестерімен кездесулерде айтып отырады. Бір формациядан екінші формацияға өтуде жүргізілген реформалардың тиімді тұстарымен қатар, жайсыз белгілері болғанын да жасыра алмайды.

Мысалы, шаруашылықты жекешелендіру кезеңінде сонда жұмыс жасайтындарға үлес берілді. «Ал оларға сол жерде тұратын білім берген ұстаздарға, олардың денсаулығына үнемі алаңдап, қызмет еткен медицина қауымы мен рухани нәр берген мәдениет саласы қызметкерлерінің жекешелендіруге қатыстырылмауы көңілге қонбайды», — дейді ол.

Қаржылық жүйені қалыптастыру біліктілікті арттыруды өте қажет етті. Себебі елдің әл-ауқатын жақсартуға байланысты қолға алынып жатқан саяси-экономикалық жағдай турасында бюджетке енгізілген бағдарламаларға байланысты жылына бірнеше рет бюджет нақтыланып, жаңғыртылып отырылды. Ол солай болуы да керек еді. Өйткені қандай да өзгерістер қаржыландыру тетіктерін үйлестіруді талап етіп отырды. Осындай жайларды тәжірибелі маман үнемі ой елегінен өткізіп, қазіргі уақытта бюджет қаражатының заң талаптарына сай жұмсалуына бақылауды күшейту, бюджет қаржысының жұмсалу сапасын арттыру, есептік жүйені реттеу мүмкіндіктері қалыптастырылды деп тұжырым жасайды.

Арыстанғали ағаның тұсында аудандық қаржы бөлімінде бірге қызмет жасаған бірқатар азаматтар облыстық деңгейдегі жоғары лауазымдарда қызметтерін жалғастырып келеді.

Қызмет жасаған уақытында ол кісінің өз ісіне аса жауапкершілікпен қарап, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына мол үлес қосқаны ақиқат.

Арыстанғали аға бірнеше рет облыс әкімінің Алғыс хатына, облыстық қаржы басқармасының Алғыс хаттары мен құрмет-мақтауларына ие болды. 2002 жылы оған ауданның «Жыл адамы» құрметті атағы берілді.

«Астана 10 жыл» мерекелік медалін кеудесіне тақты. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай Қаржы министрінің Құрмет грамотасын алды.

Н.ДАБЫЛОВ,

Ырғыз ауданы.

 ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫС ЖЕМІСІ

Қаржы секторының тұрақты жұмыс жасауы дағдарысқа қарсы бағдарлама шегінде мемлекеттің өз масштабы бойынша теңдесі жоқ шараларға себепші болғандығын атап өту қажет.  Жалпы, мемлекеттік деңгейде 2009-2010 жылдары экономиканы және қаржылық жүйені тұрақтандыру бойынша бірлескен жоспар жасалды және қабылданды. Осы жоспарды жүзеге асыру қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығын дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау шараларын қамтыды. Сонымен бірге, жылжымайтын мүлік нарығының және инновациялық, индустриялық және инфрақұрылымдық жоспарларының мәселелерін шешу бойынша батыл шаралар қабылданды.

Бүгінгі күні ұлттық валютаны енгізу мемлекет болып қалыптасу, егемендікті нығайту және экономикалық дамудың табысты ұлттық үлгісін құру жолында қажетті қадам болды деп нық айта аламыз.

Біздің аудандық қаржы бөлімі дербес құрылым болып 2006 жылы өз алдына бөлектенді. Одан бері бөлімге бірнеше рет оңтайландырулар жүргізілді. Әрине, өзгерістер болғанымен, жұмыс көлемі жылма-жыл көбеймесе азайып тұрған жоқ. Бұл, әрине, мамандарға қосымша жүктеме болатыны белгілі. 2018 жылдан 3 ауылдық округ бюджеттің төртінші деңгейіне енгізілді. Қазіргі аудандық қаржы бөлімінде бөлім басшысымен қоса есептегенде 5 мемлекеттік қызметкер, бір іс қағазын жүргізуші, бір автокөлік жүргізуші жұмыс жасайды. Осылардың ішінде 2006 жылдан бері қаржы бөлімінде жұмыс жасап келе жатқан есеп жөніндегі бас маман Вера Утаралинаның еңбегі өзгелерге үлгі.

Бұрын жетекші маман болған Әсия Қилыбаева зейнеткерлікке шыққаннан кейін де бөлімде іс қағаздарын жүргізуші болып қызмет атқарып келеді. Өзінің жұмысына адал, ұқыпты, білгір қызметкер қаржы саласының ардагері ретінде лайықты құрметке ие. Ол отбасында екі бала тәрбиелеп өсірді, қазір төрт немеренің аяулы әжесі.

Біз шағын ұжым болғанымызбен, ортамыздағы осындай еңбеккер жандардың тәжірибесін пайдаланып, әрбір ісін жас буынға үлгі етіп отырамыз.

Ұлттық валютамыз —теңгенің 25 жылдығын атап өту аясында осы жылы еліміз бойынша ұлттық идеологияны және қазақстандықтарды отансүйгіштікке тәрбиелеуді насихаттау, Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасын, оның ішінде, мемлекетіміздің кейінгі тарих беттері туралы мәліметтерді дәріптеу және тарату бойынша ауқымды жұмыстың жүргізіліп жатқандығын атап өту қажет.

Ең бастысы, еліміз табысты экономиканы, тұрақты саяси және әлеуметтік жүйені құруға мүмкіндік алды. Бүгінгі күні біз экономикасы тұрақты және болашаққа деген ауқымды жоспары бар күшті және өркендеп келе жатқан мемлекетте тұрамыз.

Ж.РЫСҚАЛИЕВ,

Мәртөк аудандық қаржы

бөлімінің басшысы.

   

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button