Жаңалықтар

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының басшысы ауысты

Облыстағы ірі кәсіпорындардың бірі «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының басшысы ауысты. Бес жылдан бері компанияның бас директоры қызметін атқарып келе жатқан Ван Цзюньжэньнің орнына Вэй Юйсян тағайындалды. Жаңа басшыны компания ұжымына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен «СНПС-Интернационал» компаниясының Қазақстандағы бас директоры Биан Дыжы таныстырды.

Облыста қоғамдық-саяси жағдай тұрақты. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындап жатырмыз. Ең негізгісі — экономиканың даму қарқынын төмендетпеу. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы үлкен үлес қосып отыр. Ақтөбе мұнайының 67 пайызын, газының 88 пайызын осы компания өндіреді. Мұнда 7 мыңға жуық ақтөбелік жұмыс істейді, олардың орташа жалақысы 190 мың теңгенің шамасында. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» — облыстағы ірі салық төлеуші компания, соңғы үш жылдың ішінде қазынаға 637 миллиард теңге көлемінде салық төлеп, 80 миллиард теңге шамасында инвестиция салды.

Демеушілік көмекке 12,7 миллиард теңгеден аса қаражат аударды. Тек облыс аумағында ғана емес, одан тысқары жерлерде де әлеуметтік маңызы бар нысандар салынды. Мәселен, Астананың 20 жылдығына салынған «Бейбітшілік қабырғасы» монументінің құрылысын қаржыландыру үшін 200 миллион теңгедей қаражат бөлді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өтініші бойынша Қазақ ұлттық хореография академиясының құрылысын үлескерлік қаржыландыруға 10 миллиард теңге, сондай-ақ Ақтөбедегі Өнер орталығын салуға 1 миллиард 600 миллион теңгедей қаражат бөлді. Сонымен қатар компания Ақтөбеде салынып жатқан ІТ-орталықтың құрылысын қаржыландырып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстарын одан әрі жалғастырады деп сенеміз, — деді Бердібек Сапарбаев.

«СНПС-Интернационал» компаниясының Қазақстандағы бас ди⁠ректоры Биан Дыжы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының қызметіне қолдау көрсетіп отырған облыс әкімдігіне, облыс әкімі Б.Сапарбаевқа алғысын білдірді. Оның айтуынша, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның жаңадан тағайындалған бас директоры Вэй Юйсян компанияның Канада, Пекиндегі, сонымен бірге Қазақстандағы «ПетроҚазақстан» кәсіпорындарында басшылық қызметтер атқарған. Ал бұрынғы бас директоры Ван Цзюньжэнь батыс Африкадағы жобаларды басқаруға кететін болды. Облыс әкімі Б.Сапарбаев Ван Цзюньжэньге Ақтөбеде істеген жұмыстарына алғысын білдірді. Б.Сапарбаев жаңа бас ди⁠ректордың алдына мұнай мен газ өндіру көлемінің төмендеуіне жол бермеу, инвестиция тарту, тауар, жұмыс пен қызметтерді сатып алудың жергілікті мазмұндағы үлесін ұлғайту, қатардағы жұмысшылардың еңбекақысын өсіру, қазақстандық мамандарды оқыту, келісімшарттық міндеттерді толық орындау бойынша бірқатар міндеттер қойды.

Сондай-ақ, облыс әкімі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында белсенді ынтымақтастықты жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button