Жаңалықтар

Мемлекеттік қызметшілер ақындармен кездесті

С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында 

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Өзгерістерді өзіңнен баста» кіші бағдарламасын іске асыру мақсатында жергілікті ақындар Гүлжайнар Қалдина мен Индира Кереевамен кездесу өтті.

Шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаменттің директоры Арман Бердалин, облыстық басқармалар мен департаменттердің қызметкерлері, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенттері қатысты.

Ұлттық рухты нығайтуға, мемлекеттік қызметшілердің шығармашылығын дамытуға арналған поэзия кешінде қос ақын өздерінің туған жер, ауыл, күз, сағыныш, махаббат, т.б. тақырыпта жазған өлеңдерін оқып, қызықты әңгімелерін айтып берді. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер қойған сауалдарға тұшымды жауап берді.

Кешті жүргізген Қазақстан Жазушылар одағының Ақтөбе облыстық филиалының директоры, ақын Бауыржан Бабажанұлы ақын қыздардың поэзиясы, олардың бүгінге дейін жеткен жетістіктерін айта келе, мемлекеттік қызметшілерге жан-жақты болу үшін әдебиетті, поэзияны оқуға шақырды.

Сондай-ақ кеште облыстық Сағи Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасының бір топ қызметкері ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқып берді.

  • Бұл шара агенттіктің бір керемет бастамасы болып отыр. Ақиқаттың жаршысы болып жүрген ақындармен бірге, олардың шығармашылығын тани отырып, бір рухани байысын деген мақсатпен өткізіліп отырған осындай кештердің біз үшін маңызы зор, — деген департамент директоры Арман Бердалин ақындардың шығармашылығына табыс тілеп, естелік кітап сыйлады.

Шара соңында мемлекеттік қызметкерлердің қолқа салуымен кешті жүргізген Бауыржан Бабажанұлы мен Арман Бердалин өздерінің шығармашылықтарынан бірнеше өлең оқып, жиналғандарды бір серпілтіп тастады.

Кітапханада өткен кештен мемлекеттік қызметшілер ерекше әсермен тарасты.

 Данагүл ТАУАНОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button